Тілге шебер емес. * Сөзді Тұрлыбек бастады. Қазақша жақсы сөйлей білетін адам қасындағы төрелер алдында орысша ойланып қазақша сөйлегендіктен сөзі орашолақтау, созалаңдау шығып жатыр. Ғ.Мүс. * — Жілігі татымайтын бірдеңе айтсам, қарның ашып қалар, шырағым, — деп, шал кеудесімен тұтас бұрылып маған қарады. — Сөзге орашолақ жанмын… М.Әбдіх. ~ Өзі сөзге орашолақ, сөзінен қамшысы бұрын қимылдайтын томырық Балықбайдың талғамай айта салған сөзі жас жігітке ауыр тиді. С.Бег. ~ — Жілігі татымайтын бірдеңе айтсам, қарның ашып қалар, шырағым,- деп, шал кеудесімен тұтас бұрылып маған қарады.- Сөзге орашолақ жанмын… С.Ом. ~ Аршын төс, үзілген бел, одан төмен… сілекейімді қылқ-қылқ жұтып тамсанғаным болмаса, сипаттауға менің сөзге орашолақ байқұс тілім мүлдем қауқарсыз. Т.Сәу.
СӨЗГЕ ҚҰЛАҚ ТҮРДІ
Зейін қойып тыңдады; елең етті; елегізи тыңдады. ~ Иә? — Көзіне үйіріле берген жасты қолымен бір іліп тастап, сөзге құлақ түрді. Г.Сейт. ~ Калашников сөзге құлақ түре тұрып кездескен қыз-келіншектердің киім киісіне, жүріс-тұрысына қарайды. С.Ел. ~ Шәрбану абысынынан сәл жоғарылау жайғасып, қайын атасының кесесін әперіп отырған Қатира да қыбыр етпей сөзге құлақ түрді. А.Жақс.
СӨЗГЕ ҚҰЛАҚ САЛДЫ
Біреудің айтқанына ынта қойды, ықыласпен тыңдады. ~ Соның философиялық мәнін жастарға айтсаң «тыңдамайды ғой, тыңдамайды» деген сөздері айқын естіліп тұрды. Баукең ол сөзге құлақ салды да, маған қарап: — Мынау сенің Дерпенің бе? — деді. Ә.Нұрш. ~ Бұл батырдың ішінде Кімдер бар да, кімдер жоқ, Жаңбыршының ұлы Телағыс, Боқсақтың бойы боз қамыс, Мұсадан туған отыз ұл, Енді Смаиыл тобаяқ, Ойлап тұрсаң о да бар. Орақтан қалған қос жетім, Қарасай, Қази бұ да бар. Байбөрі бай баласы Алпамыс батыр тағы бар. Алпамыспенен дос болған Нәсілі кәпір демесең, Қаражан батыр, бұ да бар. Осы сөзге құлақ сал, Құлағың сал да есіңе ал, Есіңе алсаң несі бар. Қаз. ерт. ( "Ақбілек қыз- Тұрғын бала") * Ақылын жанашырдың алмаушы едің, Сөзіне, сірә, құлақ салмаушы едің. М.Дул.
СӨЗГЕ ҚҰЛАҚ ҚОЙМАДЫ
Айтқан ақылға мән бермеді; тыңдамады, мән бермеді, жөн санамады. * «Адам емес, аңсың», — деп. «Өнер-ғылым білмеген, Біріңді-бірің күндеген, Тура жолмен жүрмеген, Төрт аяқты малсың», — деп. Сөзіме құлақ қоймады, Партияға тоймады, Кім өз елін ойлады, Надандықта қалсын деп? Шәк. ~ Бірақ осыншама мені жауындай көріп, сөзіме құлақ қоймағаны қалай? С.Ғабб.
СӨЗГЕ ҚҰЛАҚ АСТЫ
Айтылған сөзбен келісті, мақұл көрді. ~ Қарындасың болмаса, Жауда қалар қайран бас. Арқаңды жапқан қолаң шаш, Қарағым, сөзге құлақ ас. Мен кешігіп, келмесем, Сіздерде бол тілектес, Қараспан тауын жайлаған Қалың қыпшақ қарындас. А.Байт. ("ҚҚҚ") ~ Қазақтың халықтық музыкасы негізінде «Айман — Шолпан», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Біржан — Сара» сияқты көптеген қазақ опералары туды. Концерттік ұйымдар мен жекелеген әншілер де халықтық музыканы кеңінен пайдалануда. Алайда осыншама мол байлығымызға әлі күнге дейін арнаулы зерттеулер болған жоқ, «Қазақ музыкасы бай» деген жалпылама сөзге құлақ асумен ғана келеміз. С.Мұқ. ~ Үндемей отырды қыз құлақ асып, Ұялып төмен қарап бетін басып, Жат жұрттық екендігін сонда біліп, Азырақ қамығады көңілі жасып. БС. "Талайлы құл…" ~ Серке де Қапанды қостап, Исаның «қайтатын шығармын» дегенін құптамады. — Жөн сөзге құлақ асқаның өзіңе пайда. Айтқанға көну керек. «Елден Орынборға жетудің өзі оңай емес. «Оқимын» деп жер түбінен құдай айдап келген екенсің, осында қалуың керек. «Оқуды тауыстым» деп ойлайсың ба?! А.Жақс.
СӨЗГЕ ҚОНАҚ БЕРМЕДІ
Бір-біріне кезек бермей сөйледі, дабырасты. * Қарашолақ азаматтарының ащы тері шықты. Біреуге біреу сілтеді. Шешендердің шеке тамыры білеудей болып, жыққан сиыр көзденіп, сөзге қонақ беріспеді. Ж.Айм.* Сөзге қонақ бермей, ауыздары жабыса желпілдеген екеуге ерген Елтай әрі-сәрі. Өмір қызық-ау! М.Қаб. * Кейде жамыраса сөйлеп, сөзге қонақ бермей, бірін-бірі талап, жұлып жердей ұмтыла түссе, бірде өздері отырған ояз кеңсесінің шаңырағынан қаймыққандай … еді. С.Жүн. * Ноғайқұлдың Зейнел-Нәбиге не айтқаны белгісіз, бірақ ертеңінде Күлзия осы ауылға келіп, Ырысбикеден түстік жеді. Кілең әйелдер гулесіп, сөзге қонақ бермей, жарыса сөйлесіп, кеңеске қарық боп жатты. Т.Әл.
СӨЗГЕ ҚОНАҚ БЕР
Алдымен тыңдап ал, айтқан сөзге құлақ ас д.м. ~ Жаңағы арқар…— деп мақамдап еді, қызыл өгізді шықпыртып жіберген Алшағыр іліп кетті. — Сөзге қонақ бер, әке. Келесі күні ойдағы үйінен оралған орманшы екі-үш қойшыны куә ғып, акт жасайды. М.Қаб. ~ Әй, өзің сөзге қонақ бер, тұра тұршы, — деді жарты әкім. — Не болды сонша. Қайдан шыққан жанжал? М.Мағ. ~ Жалғыз көзін жарқылдатқан қария: — Жә, қоя қой. Ауыл өзімдікі деп алға түсе бермей, сөзге қонақ бер. Сыпайы мінезі-ақ Сүкеңе күйеу баламын дейді,- деп, ұрсып тастады. М.Қаб. ~ Орынды, тауып айтқан сөзге қазақ баласының қонақ бермеген шағы аз. М.Сүн.
СӨЗГЕ ҚАЛДЫ (ҚАЛДЫРДЫ)
Біреулердің өсек сөзіне ілікті. ~ Пәлесінен аулақ! — Ілкімділеуі басын шайқады. — Шет елдің сақиналап тастаған құсы болса сөзге қалып жүрерміз. Ө.Кәр. ~ Ауылдағы той-думанда, алтыбақан басында, көл жағасындағы айлы түндерде көңіл қосқан, бір-біріне ынтыққан екі жасты сыртынан қарайлап көзге түспесе екен, сөзге қалмаса екен дейтін жеңгенің қашанда көңілі күпті, алаңдауы көп. А.Жақс. ~ Енді бұқаның енін сатып, қиянат қылған деген сөзге қалып жүрмейін. Ж.Сәм. ~ Әйелінің етегіне оралып сауыншы боп кетіпті деп кер ауыздар сөзге қалдырады. Д.Дос
СӨЗГЕ КЕЛМЕСТЕН
Жөн сұрамастан, әй-шәйге қарамай д.м. ~ Аудандық прокурор Сұранышев сөзге келместен Сұржекейдің ұсынған адамдарының бәріне санкция беріп жатты. С.Ел.~ Осы кісіге неге екенін білмеді Еркеш іші жылып, еркелегісі келіп кетті. Тіпті сөзге келместен столға жақындап, ұйқыдағы Умиданың жанына жайғасты да, дастарқандағы тамаққа қолын созды. К.Өтж. ~ Қос өркеш құм төбеден асып, өздері алтыбақан тебетін дөңгелек сазға жеткен соң Жантас сөзге келместен атынан домалай түсті де, құм беткейге құлай кетіп қор ете қалды. Б.Тоғ.
СӨЗГЕ КЕЛМЕДІ
Қарсы уәж айтпады. ~ Мейірбек сөзге келмеді, шаруасы тығыз болса да ат басын Тұрсынның үйіне бұрды.Б.Тоғ. ~ Гүлбаршын зерделі қыз ғой, мұнан әрі тәжікелесіп, сөзге келмеді. Шолпысы шылдыр етіп болмашы иілді де, кері бұрылып жүріп кетті. А.Сей. ~ Жігіттерді ертіп бізге бөлінген үйге келдім де: «Аттарыңды тұсаңдар да жатыңдар!» деп бұйырдым. Ешқайсысы сөзге келмеді… Б.Тоғ. Сөйлей алмады, тілсіз кетті. ~ Берсе Құдай өмірін Сансызбай берер сазаңды, Тәңір алдында көрермін.Төлегеннің тілдері Екінші сөзге келмеді, Батқан күнмен қызарып, Үш қайтара Жібек деп, Дүниеден көшіп жөнелді. "Қыз Жібек".
