Home » Page 318
Posted in

СӨЗ ШАЛЫМЫ КЕҢ

Мән-мағынасы терең сөз хақында. ~ Бұл еңбегін ол өмір бойы жазған. Әр жолы, әр сөзі жүрегінен шығып, ақыл арнасынан туғандықтан, бұл қолжазбасы оған өте қымбат еді. Егер әр сөз шалымы кең осы жазғандарым кітап болып шықса, дүниедегі бір арманымның орындалғаны деп ойлаймын. І.Ес.

Posted in

СӨЗ ҰШЫҒЫ

Сөздің шеті, аяғы, жалғауы. ~ Сондай-ақ «балалар», «аналар», «аталар» деген сөздер «лар» мен жазыладыдеп «маллар», «нанлар», «атлар» деп жазу керек деген сөз «бараймын», «бираймын», «малыдай», «малыда» деп жазу керек дегенмен бірдей. Сөздің ұшығы бірде дауысты дыбысқа тіркеледі, бірінде дауыссыз дыбысқа тіркеледі. Дауысты, дауыссыз дыбыстың ауанына қарай сөздің ұшығы да өзгеріледі. А.Байт. Айтылған ойдың бір мағынасы, бір ұшы, нысаны. * Сөйтіп, дәл осы жолы сөз ұшығы өздеріне де тиіпжатқаны көңіліне жақпаған, сыпайылап болса да қабақ шытпақ, яғни еркін ойлы демократты тәртіпке шақырмақ болған өкімет пен партия, әділ сот орындары басталмай жатқан істі біржо- ла тоқтатты. М.Мағ. * Шам дайындап, пышақтарын қайрап, түз талқандап күбір-сыбыр, әбігер екен деседі. Сөз ұшығы анық. Ж.Ахм. ~ Қызға қандай мен секілді бозбала! – Бірақ, – деді ол… жақпады сол сөз маған. «бірақ» деген – улы сөздің ұшығы, уланармын, арғы жағын қозғама. А.Ахм.

Posted in

СӨЗ ҰСТАР

Түрлі даулы жиындарда, билер кеңесінде елдің, рудың атынан сөйлейтін, мүддесін қорғайтын сөзі дуалы шешен. ~ Тілеулінің үйі дереу тойға дайындыққа кірісті. Бірақ той қамымен жәрмеңкеге барып қайтқан Ағынтай аса жайсыз хабар әкелді: орыс ұлық Жәмеңке, Ұзақ бастаған албанның сөз ұстар он шақтысын ақылдасамыз деп алдап шақырып алыпты да, Тазабек батырдың немересі Әубәкірді де, сонау Асыдағы Қызылбөрік болысы Серікбайды да соларға қосып қамап тастапты. Б.Нұрж. ~ Алсаң тілді алғаның, Алмасаң – міне, арқаным, Тақ басарыңды талтайтып, Жау басарыңды жалпайтып, Ел ұстарыңды еңкейтіп, Сөз ұстарыңды сымпитып, Бастарын қырқып алам да, Көздерінен тізіп ап, Алтын тақты Қалданның Алдына апарып саламын. Ә.Кек.

Posted in

СӨЗ ТҮЙІНІ

Айтылған сөздің қысқа мазмұны, мән-мағынасы. ~ Сөз түйіні менің оңтайыма шешілсе екен деп сыпайысығаным емес. Риясыз пейілі деп қабылдаңыздар. К.Сег. ~ Мына түннің мән-маңызын ұқтырып тынған сәтте алыстағы күй үні, шықты біреу: «бүгінгі сөз түйіні – ашық,– деді ол, көлеңкелер жиыны». Ж.Нәж.

Posted in

СӨЗ ТӨРКІНІН АҢҒАРДЫ

Әңгіменің аңысын аңдады; астарлы ойды ұғынды, сөйлеушінің жұмбақтап не айтқысы келіп отырғанын сезді. * ─ Мен де майданның от пен суын кешкен офицермін, — Сейілбек сөзінің бір шетін әлгі суретке тіреді. Харитон оның сөз төркінін бірден аңғарса да тіс жарып үн қатқан жоқ. С.Ом.

Posted in

СӨЗ ТӨРКІНІ

Негізгі ойы, айтпағы. * — Ыраштай… Әлгінің сөз төркінін көрдің бе? « Ісегін дейді ғой. Анау кескен томардай аяғымен тақымына басып алмақ. Нағыз ер… М.Сүн. * Егер күшіміз жетпесе қайтеміз? — деді әкесінің сөз төркінін аңғарып қалған Шыңғыс, — Кенесары сұлтан осал жау емес. І.Ес. * Ұзын составтың бас жағындағы бір вагоннан ақырын әнгімелескен кісілердің күбір-күбір даусы естілген соң, Дьяков ішке басын сұқты. Сөз төркініне қарап мұндағы қазақ жігіттері екенін білді. Ә.Нұрп. * Сүйегі сыпайы, мінезге берік кісі зайыбының сөз төркінін жаратпады, кондукторға «шай әкел» деп жарлық жасады. Д.Дос.

Posted in

СӨЗ ТОЛҒАУЫ

Сөйлеу мәнері. ~ Мына жана тағайындалған еңбек комиссарының сөз толғауынан, өз жауаптылығын тереңдей түсініп, жаңа жұмыс тәртібін ретке қоюға шүйілгенің сезінді. С.Бег. ~ Жүріс-тұрыс сөз толғауына қарағанда бірбеткей аңқылдаған жігіт тәрізді. С.Бег.

Posted in

СӨЗ ТІЗГІНІН ҰСТАДЫ

Әңгіме барысын өз қалауынша өрбітті. ~ Бұл отырыста сөз тізгінін ұстап, әңгімені өрбітіп отырған — Рамазан Шәнішев. Қ.Жұм. ~ Тыңдар құлақ бұныкі де, көбіне сөз тізгінін ұстап отырған Қосымхан. Т.Сәу. ~ …жасының жеткендігі де, белдің құяңы да емес, соңғы жылдары әкесінің орнына сөз тізгінін ұстаған Бекболат пен Абылай арасындағы қырбайлық болатын. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ ТИМЕЙДІ

Артынан өсек ермейді. * «Әкесі бар қыздарға сөз тимейді. Сөз алдымен саған тиеді. Үстіңнен бір жаман әңгіме естімейтін болайын. Менің жесірлігім жұртқа жүк. Қазақ күйеуден ажырасқан әйелді өсекке таңбай жүре алмайды. Қашан да еркектің тәйтіктігі серілік те, әйелдің жеңілдігі перілік саналады» дейтін ол. Ү.Жәл.

Posted in

СӨЗ ТАЛАСТЫРДЫ

Салғыласты; дауласты, сөз жарыстырды. * – Мынау не дейді, әй? Кіммен сөз таластырып отыр? Қиғыр қылыш бір жарқ етсе. Сәлде қайда, басы қайда қалар. Р. От. * Жаулығын көпірте тартып, көрінгенге ақыл үйрететін ауылдың бәйбіше билері жұрт көзінше мұнымен сөз таластыруға сескенеді. Ж.Нәж. * … о бастан абырой-атақтары орайлас екі жігіттің ежелден емін-еркін тілдесіп, кейде сөз таластырып, бедел жарыстырып жүретінен хабардар … О.Сәрс.