Posted in

САУЫҚ ҚҰРДЫ

Көңіл көтерді, сайран салды. * Мен жүрмін бақыт қуып, даңқ қуып, Сайрандаған боламын сауық құрып. М.Мақ. * Сөйтіп, Қаракөзайым қасына қырық қыз нөкерін ертіп, сауық құрды. "Алпамыс б." ~ Жас жігіт Тәттімбет қыс күні жылқысын ішке (орман ішіне) айдап, найман елінің ортасына барып тұрады. Онда жұт жоқ, жылқысы семіріп тойынады. Тәттімбеттің ол жердегі ісі сауық құрып, елді қуанышқа батыру. Ә.Марғ. ~ Сонсоң, Мәскеу жеткенше, әкесінің қасынан кетіп көшірдің жанына отырғаны; бетіне сыңсыған қайың орманымен сыр айтысқан өң жапсырғаны; сауық құрып, қазақтан мал тартып ап жүріп неше дүркін аралаған Қазығұрттың қойнауларын, жайлауларын жол бойымен ойша салыстырғаны бар еді. А.Сүл. ~ …Той қызығы үшкүнге созылды. Жастар жағы екі күн бойы сауық құрды. Д.Ис.

Posted in

САУЫҚ САЙРАНМЕН ЖҮРДІ

Той-томалақ, ойын-қызықпен уақыты өтті. ~ Ертеде сауық-сайранмен жүретін Мәлік деген патша болыпты. Патшаның Шаһизат деген адамнан асқан керемет сұлу жалғыз қызы болыпты. "Қаз. ерт." ~ Осы парықсыздықтың есесі Битабарға бір- ақ жерде ғана қайтады. Ел аралап, той тойлап ала жаздай үйіне бір соқпайтын балуан «малым бар еді-ау, жаным бар еді- ау» ─ деп көрген емес. Мал қамы, жан қамы ел үстінде. Битабар осындай сауық-сайранмен жүріп, отыз бес жастың беліне шықты. С.Шайм.

Posted in

САУЫН АЙТТЫ

1. Үлкен ас, той туралы қалың елге жария етті. (Мұндайда әр ел шамасына қарай сойылатын мал, ішілетін қымыз әкеледі). ~ Бір ұл туды патшаға, жұртқа лайық, Сауын айтып той қылды елге жайып. Жұртына көп жақсылық қылған екен,Той қылды әр жаннан малды сойып. "БС. Бозжігіт". ~ Бел орақтың кезінде, маялық шөп шабу үшін көп қол керек. Шепе оның да ретін тауып, бір семіз түйені сойдырады да, маңайдағы елді үмеге шақырып сауын айтады. Қымызды үмеге келетін ауылдардың өздері әкеледі. «Орданың үмесі» деп, бай немесе ауқатты адамдар сабалаған қымызына ту қой қосады. С.Мұқ. ~ Үш жүзге түгел сауын айтқан Сағынай асына жиналатын күн бүгін. С.Жүн. ~ Қазақ, батырларына үш жүзге сауын айтқызып, халықты алқалы жиынға шақырған да сол ұлы бабаларымыз. БАҚ. 2. Әлді адамдардан әлдебір іске үлес қосуын, көмек беруін сұрады. ~ Онда Қошқаралы Уақболыстың гүрлеп тұрған кезі. Ол жастарды оқытайық, мешіт, медіресе салайық деп, елдегі бетінің ажары бар кісілерге сауын айтты. Б.Алд. ~ Қонақ Таңсыққожаның үйіне түседі. Тойға Таңсыққожа шақырылады. Біреу ас берсе, Таңсыққожаға сауын айтады. З.Шүк. ~ Көкөзек шақта сорпалығы бар қой бүкіл ауданды сауын айтып сандалып іздесең де табылмайды. О.Бөк

Posted in

САУЫН БЕРДІ

Малының сүтін пайдалануға берді. ~ Қазір исі Арғын ұзақ жыл шетте жүрген екі ағайынына орталарынан ойып қоныс беріп, қораларынан жырып сауын беріп, қарасып-қамдасып жатқан көрінеді… Ә.Кек. ~ Мыналарға сауын берейік – дейді байы. – Жоқ. Сауын бермейік. Оның орнына енші берейік, – дейді қатыны. Отыра мыңғырыла біткен қойдан он үйге жүз-жүзден ұстап бөліп береді. БС "Жарты ғұмыр…"

Posted in

САСЫҚ БАЙ

Дүниеқоңыз, мал жинаудан басқаны білмейтін, сараң. ~ Аты бәйгеден келгенге мәз, талтаңдап төрге шыққанға қалпағы қазандай балатын көп сасық байдың бірі болудан жалығып, көңілі басқа бір шүйгіннен тоят іздеді. Т.Сәук. ~ «Мен баймын» деп көкірегін қағып, мақтанғаны болмаса пайдасын, игілігін керуді білген жоқ. Сол бір сасық байлар сияқты малды пайдасыз ұстаудың бізге қажеті жоқ. С.Бақб. ~ — Бұл кімнің моласы? — дегенде, жанындағылар: — Бәленше деген байдікі деп жамырай үн қатқан. — Ақ қаймаққа қылшығын қосып жеген сасық бай! Тірлігінде кісіге қайырымы тимеген сасық бай өлгенде ешкімді де желеп жебемейді. М.Ерш.

Posted in

САУ МА (ЕКЕН)

Әлдебір күмәнді іске барған жоқ па д.м. ~ Байдың үйін баспана қып қатарға қосыла алмай жүр. Сол немененің өзі ізге түсуден сау ма екен?.. М.Дәу. ~ Мына бір жатқандар құда түсе келгеннен сау ма, шіренулері жаман екен? – деп милицияның бірі жатқандарға төне түсіп, қолындағы винтовкасының дүмімен Жақсылықты аяққа түрткіледі. Б.Майл.

Posted in

САУ СИЫРДЫҢ БОҒЫ (ЖАПАСЫ, ҚИЫ) ЕМЕС

Өзі де (ол да) жетісіп тұрған жоқ, оның да бір шикілігі бар д.м. ~ Пешенеге жазылғанды көрдік, заман солай болды, көппен көрген ұлы той. Өзіміз де сау сиырдың боғы емеспіз. Тек жүрсек, тоқ жүрер ме едік! Бірақ бәрі, көріңді өкіргір, Сталиннің лаңы ғой! Т.Сәук. ~ Біраздан соң жұрт "Әй, өзі де де сау сиырдың боғы емес екен ғой" деп күдіктене бастаған. Т.Сәу. ~ «Екеуі бұрыннан танитын адамдары емес, бірінші рет көріп отыр. Әу баста ондай жерге тоқтауға неге жол берді? Мына әйелдің өзі сау сиырдың боғы емес-ау». Ә.Ыб. ~ Сонда, мына, Қарқын бұрын үйленген жігіт пе? – Ол да сау сиырдың боғы емес. Бұрын әйел, баласы болған. Оларды қытай жаққа тастап соқа басы осында келген. Ж.Шәк. ~ — Мен де сау сиырдың боғы емеспін. Осы бар ғой, тілім жаман менің, түбінен кесіп тастаса да обалы жоқ…- Құшақтары жабысып, бір-біріне арзасын айтып, айрылысар емес. Т.Сәу. ~ Найманқұлдың жүрген жеріне шөп шықпайды! — Хайролла да сау сиырдың жапасы емес. С.См. ~ Келіншектің сенген күйеуі де сау сиырдың қиы емес. Мүлдем басқа өлшемдегі — «көппен бірге көрген ұлы той» деген қатқыл да қасаң ортаның, балалар үйінің бозбасы. М.Қаб.

Posted in

САУ ТАМТЫҒЫ ЖОҚ

Бүтін жері қалмаған, өрім-өрім, тоз-тозы шыққан. ~ Жалаң аяғында сау тамтық жоқ, жара-жара, домбық, асудан тұралаған аттай аянкестеніп тастақ жолды баса алмайды. І.Жанс. ~ Әз ағамыз баяғыда осы Жармаға келгенде бетінде әжімнен сау тамтығы жоқ шүйкедей кемпірдің өзіне жығыла жабысқаны туралы бір хикаяны ұзақ жыр ғып айтады. Ж.Шәк. ~ Үсті-басында сау тамтығы жоқ өрім-өрім, жыртық киімді жолаушыны көрген келіні Уазипа бұл қай қайыршы дегендей тесіле қарап тұрды да, қайнағасы жүзін бұрғанда барып, өз кезіне өзі сенбей сілейіп, үнсіз қалды. С.Жүн. ~ Атаңа нәлет-ай, не деген сірібас еді, соның сау тамтығы жоқ кебісін жамаймын деп-ақ күнім өтті. Онысы таразыға тартса — бір бұттан кем шықпас, — деп кіжініп қоятын. Қ.Най. Әбден күйзеліп, шаршып-шалдыққан, қиналған. ~ Ел қатарына қосылды деген осы шығар. Балалары әкесіне, әкесі балаларына үйренісіп, енді бауыр басып, бір шаңырақтың астына ұйып, ұзақ жылдан соң бастары құралған, сау тамтығы жоқ көңілдің жыртығы бүтінделгендей шағы еді бұл. Ш.Бейс.

Posted in

САУ ТАМТЫҒЫ ҚАЛМАДЫ

Өне бойында бүтін жері қалмай, дал-далы шықты, әбден тозды. ~ Орыс ерінің арқасында Ақылжанның құйрығы ойылмапты, әйтеуір. Ал Шатырбайдың баласының артының сау тамтығы қалмаған, орнынан тұра алмай жатыр деп естіді. К.Қаз. ~ Тозаққа киіп барған киімдерінің өрім-өрімі шығып, сау тамтығы қалмаған. Т.Рыск. ~ Мүлік деген шіркін иесімен ғой. Сол өзіңіз айтып отырған асыл жабдықтардың сау тамтығы қалмай бүлінген. С.Бег.

Posted in

САУ ТАМТЫҒЫН ТАСТАМАДЫ

Өне бойында бүтін жер қалдырмады. ~ Үш қанат желкөз баспаның туырлығы жұлдыз-жұлдыз: бүктеумен, жазумен, артумен, тігумен сұрғылданып, өзі үлдіреп тозығы жеткен құрымға қой сүйкеніп, лақ секіріп, сиыр мүйіздеп, сау тамтығын тастамады. Ж.Айм.