Posted in

ТҮС АУА

Түс қайтып, күн екіндіге бет алған кезде. . ~ Түс ауа босқындарды барып көріп кел деп үлкен ұлын жұмсап еді, көп ұзамай қайтып келді. Өңі сұп-сұр Қалың кірпіктері жаппай көтеріліп, бадырақ ала көзіндегі бар үрейді жарқыратып жайып салыпты. Ә.Кек.~ Арысқа түс ауа жетті. Күн жексенбі еді. Балалары үйде екен. Есік алдына тоқтаған арбаны көріп, Есіркеп майкасымен далаға жүгіре шықты. Д.Ис. ~ Орта жайлаудың мал тұяғымен шаңы шыға бастағасын төр жайлауға қарай көшкен ауыл араға екі қонып межелі қөне қонысқа түс ауа әзер жеткен. Қ.Мүб.

Posted in

ТҮСІ СУЫҚ (ТҮСІН СУЫТТЫ)

Жүзінен ызбар зіл, қаскөйлік нышаны байқалады. Бұларды қуып үш-төрт жылқышы да шауып кетті. Жылқышылар екі-үш рет ұрысып, қағысып, байқасып шықты, Бұл жолғы жау бұрынғылардан гөрі бата қимылдайтындай түсі суық, екпінді еді. М.Әу. ~ Оның ойын есіктің сықыры бөліп жіберді. Әкесі екен. Түсі суық, қабағы қатыңқы. К.Сег. ~ Жатқанда екі кісі түсіме енді, Қасыма түсі суық кісі келді. Кісінің сипатынан қорыққаннан: «Жаһанда мен көрмеген кімсің? — дедім. Шортанбай а. ~ Бәлем саған қылармын, Сен сыяқты шұбардың Түсі суық жыланның, Жағасынан алмаққа, Жыға сүңгі салмаққа Қашаннан-ақ құмармын! Ж.Жаб. ~ «Қасқырды қанша бақсаң да орманға қарап ұлитынын» білесің бе? Қалалы жерде татардың баласы бұзық боп өседі қанына тартып, — деп түсін суытты. С.Досж. ~ Құлайғыр мынадай малғұн мұндарға ишарат етіп, өз аузы мен аттың аузын қолымен ымдап «ауыздығын ал» деп момақан ғана белгі береді. Бірақ шерік оны істемейді. Қайта бой тартыңқырай, сыр бергісі келмегендей түсін суытады. Ж.Ахм. ~ Егер Рәш: «Ал айт! » деп түсін суытқанда, бала жым болатын еді. Рәш босқа сасқалақтады. Бұдан хабарсыз Тұрғанқұл.- Рәш тамақ суып барады деп отыр ғой. Кейін айтарсың! — деп желеу шақырды. Т.Әл.

Posted in

ТҮС АУДЫ

Тал түс өтіп, күн батысқа еңкей бастады. ~ Түс ауып бесін болды, жолаушылар жарым жолды да жүрген жоқ. Ә.Бөкей. ~ Жақпар тастың иек артпасынан басын шығарып қана айналаны шолып жата берген. Күн түс ауды, Шекеннен әлі хабар жоқ. Уақыт өткен сайын тыпыршуы да көбейген. К.Жүн. ~ Бәлкім, ештеңеге көңілім соқпай, үй төңірегінде айналақтап жүрдім. Немесе, алыс дала, бұлдыр тауға қарап, көлеңкеде отырдым. Әйтеуір, түс ауды, бесін өтті, екінті болды. Қып-қызыл, қанды шапақ күн көкжиекке жанасты. М.Мағ.

Posted in

ТҮС ЖОРЫДЫ

Түске енген жағдайларға қатысты жорамал айтты. ~ Қанат оның оң ұртындағы әдемі шұңқырға көзі түскеннен-ақ бір түс жорытқалы келе жатқанын сезеді де: — Бүгін қандай түс көрдің? — деді күліп. Н.Сер. ~ Ендеше, оқып көр, — деп Бескемпір шалқалап жатты. Қыздың кекжиген иегін көрді, қараңғыда аппақ бұғағы қара суда жүзген аққудың алқым төсіндей көрінді. — Түнде түс жорымайды дейді қазақ. Дегенмен, азабың көп болса да сен бақытты екенсің. Қ.Ысқ.

Posted in

ТҮПТІ ТҮГЕНДЕП, ТЕКТІ ЕКШЕДІ

Ата-бабасын, шыққан тегін тәптіштеді. ~ Бурыл сақалы омырауын жауып, сапарлы мұртты құлағына жететін балуан бітімді дембелше қарт күні бүгінгідей көз алдымда. Құйрық-жалы төгілген тобылғы түсті тор биесін сағалдырығынан ұстап құдықтан суарып келе жатқанының өзі сурет сияқты да. Түпті түгендеп, текті екшейтін кез бе ол. С.Ақт.

Posted in

ТҮС КӨРГЕНДЕЙ (БОЛДЫ)

Өңінде болған іске сенер-сенбесін білмеді. ~ Шеге Апанастың қолын танитын. Қол сонікі. Шеге түс көргендей әуре-сарсаң. Дүние табан астында төңкеріліп астын-үстін болғандай. С.Ел. ~ Бұдан соң әңгіменің берекесі қашты. Біз орнымыздан түрегеліп, құшақтастық. Одан әрі не болғаны түс көргендей. М.Кәр.

Posted in

ТҮПТІҢ ТҮБІНДЕ

Ақыр соңында, әйтеуір бір д.м. ~ «Бала тууды жоспарлау» дегенді шығарып жүргендер — табиғат заңына, Құдайдың құдіретіне қарсылар. Ондай «белсенділер» түптің түбінде Жаратқан Құдіреттің қаһарына ұшырайды. Ш.Мұрт. * Түптің түбінде қатын алу ойыңда бар ма, жоқ па өзі? Елтай күлді де қойды. Абыралыға дауа жоқ — кемінде он сұрақты кезегімен сатылап қойғаныңда барып, не дегенін болжамдап әрең түсінесің. Ойланып еді, расымен түптің түбінде үйлену керек екен. М.Қаб. ~ Ақбергеннің суреттері тобыр түсінікке арналмаған. Одан биік, одан гөрі жоғары. Кеудесінде көзі барлар кездесер түптің түбінде. Қ.Жиен.

Posted in

ТҮС ТҮЛКІНІҢ БОҒЫ

Түске пәлендей мән берудің жөні жоқ д.м. ~ Көзге көрінген қатер болмаған соң, жиналған жұрт Тайшықтың түсін жақсылыққа жорып: «Е, тақсыр, түс түлкінің боғы болады, қорықпаңыз, еш нәрсе етпейді!»—десіп қауқылдасқан еді. А.Сей. ~ Әліптің әйелі Мәмила бәйбіше сыр білгі күйеуі айтқан жаман түсті естігенде жүрегі шошып, іштей үркіп отырса да: «ой, сабазым-ай, түс түлкінің боғы емес пе, – деп қинала жымыиды. Ж.Шәк.

Posted in

ТҮРЕ ҚУДЫ

Өкшелей, ізбе-із жүріп отырып, артынан қуды. ~ Сол- ақ екен, мыңдаған қоңыр лашындар қара құрттай қаптап, орманды тастап, қазақ- орыстарды құздың түкпіріне қарай түре қуды. Ж.Айм. ~ Сағынай, бері қара! Қасыңа он жігіт алып, анау шеткі ауылдан бастап, жылқыларды түре қуасың. Бізге қарама, Сарбұлақ асып, Ақназарға қосыл! З.Шүк. ~ Колхоз екі күн ішінде станцияға тағы да төрт шана астық жіберуі керек, ал ол майданға жіберілетін астық, жауды түре қуып бара жатқан қаһарман қызыл әскердің, майданда қан кешіп жүрген әкелеріміз бен ағаларымыздың азығы. С.Мұр.

Posted in

ТҮС ШАЙЫСТЫ

Бір-бірімен сөзге келді, араздасты, ренжістіғ ұрсысты, бір-біріне өкпе сақтады. . * Күндердің күні боп, Талшоқы мен Қарауылға келер болсаң, орның әзір. Барымды ортаға сап, түс шайыспай-ақ үлесемін. Ол өзі бір төбе. Ал, бірақ одан бұрын айтысып көрейік. М.Әу.* Абай мен Тәкежан түс шайысып қалғанда, Шұбар өзі қатыспай қалуды қисынды таппады. М.Әу. * Қали, Алшағыр оңаша күбір-күбір… Іштегі түс шайысты таза ұмытып, ауыз жаласып тұр. М.Қаб. * — Жақсы көргендіктен емес, көкем сенген адамымен түс шайыспайды. Қ.Ысқ. * Алшынбайды жалғыз Құнанбай емес, Майыр да сыйлайтын. Талай қиын істе әлденеше рет істес болған. Әлі күнге түс шайысқан жерлері жоқ. М.Әу.* – …Мына жайлауда бөлінбеген бір елдің көдесі үшін түс шайысу тіпті жол емес! — деп тоқтады. М.Әу. ~ Өмір бақи бір-біріне жел боп тимеген момын жандар бүгін қалай да өзара тіл табыспай, түс шайысып қалған сыңай байқалды. Ә.Нұрп. ~ Олжаны бөлісе алмай сирек те болса кездесіп қалар түс шайысулар кезінде бітімі тым кесек жаратылған, осы өлкедегі жалғыз ақ төс қарамен бұл маңның бәкене қоңырлары мен жатаған сарылары бір белдесуге жарамай тайқып шыға беретін. К.Сег. ~ Жер түбінен бірге жасасып келе жатқан тату-тәтті шағын бір ғана түс шайысудың тұсында қалай ұмытты? Ә.Нұрп