Өлгеннен жаман қорлық көрді. ~ Қарагөз. Жоқ жаным… Атама оны!.. Сен ертең мені ұзатқан жерге келесің. Тіпті мені барар жеріме де апарып саласың. Әйтпесе бір емес, екі өлгенім… М.Әу. ~ Әбдінің әкесі мен шешесі бір өлмеді, екі өлді. Баласынан қаралы қағаз келгеннен гөрі мынау ауыр соқты. Жұрт «қайтеді, ақыры баталарын беріпті» десті. К.Қаз. ~ Мен де, Ольга да құлап қалған балаға тұра жүгірдік. Оны жерден тұрғызып бетіне қарадық. Бала Советтің аузынан түсіп қалғандай, айнымайды. Міне, шырағым, біз бір өлмедік, сөйтіп екі өлдік. Б.Қыд. ~ Ш ы н а с ы л Қандай сұмдық іс көрдім, Бір өлмедім екі өлдім… Қуарған дүние, неңді алдым? Бар қорлыққа мен көндім… М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ЕМЕС, ЕКІ ЕМЕС
Қайта-қайта қайталанған көрініс туралы; бірнеше мәрте. ~ Әй, осы неге былшылдай бересіңдер, бір емес, екі емес. Мен жайып жүрген қойды сен де бағып жүрсің. аузыңды қу шөппен сүртесің де отырасың. Т.Әбд. ~ Өзің, өзің мінген арық атың айнала берсе, айнала берсе, бас айнымай қайтеді. Бір емес, екі емес, жүз рет, мың рет, бас айналайын дегенде ұмытып қаласың … Ш.Мұр. ~ Жұрттың көбі жасырып айтқаныңды қайдам, асырып айтқаныңа кәдімгідей сенеді. Дұрысы, өзін сендіреді. Бір емес, екі емес, күніне әлденеше мәрте мақтай берген соң сезімнен сергектік қашады, ұятты ұйқы басады. И.Сап.~ Сыртымнан біреулердің аңдып жүрмесіне кім кепіл. Өзгелердің алдын орап кетуім бұл бір емес, екі емес. Жетер! Қ.Жиен. ~ Бала, дегенмен байқа! —деді бір уақытта. — Бір емес, екі емес, алдымнан кес– кестеп шыға бердің. Есіңде болсын, мен жолымды кескен адамды ұнатпаймын… Қ.Жұм.
БІР ЕЛІ ҚАЛМАДЫ
Жанынан кетпеді. ~ Әне, аттыларға қайыру бермей киіп–жарып өте шықты, сәйгүлік қулық Роксана соңдарынан бір елі қалатын емес. Үшеуі жұлдыздай аққан күйі қоршаудың ашық қақпасынан сыртқа атылды, енді оларға қай тұлпар жетсін. А.См. ~ Тіпті бала жастан біртоға, бұйығы өсті. ауылды алатайдай бүлдіретін алаңғасар тентек ұлдардың тобына қосыл– май, әкесінің қанжығасындағы жанторсығы секілді, таңды таңға ұрып, бір елі қалмай ере беретін. О.Бөк.
БІР ЕЛІ АУЗЫНА ЕКІ ЕЛІ ҚАҚПАҚ ҚОЙДЫ
Үндмедеді, сырын ашпады. * Жан пендеге жақын тартып жуысудан, сырласып іштесуден тиылып, бір елі аузына екі елі қақпақ қойып алған Боранқұл түрмеде дағдыланған ғадетіне басып, шалдың тұсынан өте берген. Ғ.Біл.
БІР ЕЛІ
а) Дәстүрлі өлшем, бір саусақтың қалыңдығындай. ~ Терімен тері болып қалған түйенің көңі қол күшіне көнбейді. Құтылу үшін пышақ керек. Ал құлдың қолына пышақ ұстатпайды. Қалыңдығы бір елі түйенің көгіне саусақ батпайды… З.Шүк. ~ Есіл тасығанда арнасы толып қалған қара су, сол кемерінен ала жаздай бір елі төмен түспейді. С.Мұқ.
ә) Титтей де. ~ Қосшы жігіттің шынанда да жаны жоқ шығар. Үш күн бойы бір елі ажырамап еді, міне, тағы да қасында жүр бәйек болып. Т.Сәу.
б) Қап-қалың. ~ Менің бәтіңкем болса, ФЗО берген былғарысының қалыңдығы бір елі, аяққа да сондай жайлы, су жаңа мынау деген жұмыскер бәтіңке еді. Б.Соқ. ~ … ал құмда семірген малдың майы сүрленген майдай көкпеңбек боп, бір жапырағын жесең жүрегіңе шық етіп тие қалады, сиыры мен қойының сүтіне, қалыңдығы бір елі қаймақ тұрады, бірер аяғын ішсең, қымызы түгіл айраны да мас қылып ұйықтатып тастайды… Расында да солай екен!.. С.Мұқ. ~ Енді, міне, дел-сал болып, өзімді өзім әрең сүйреп келе жатырмын. Аяққа қонған шаңды қарашы, бір елі. Шіркін-ай, осы бойда барып, күмп етіп өзенге қойып кетер ме еді. Б.Соқ.
БІР ЕЗУЛІК
Өз сөзінен басқаға құлақ аспайтын қыңыр, қисықтық. ~ Бірақ көп ұзамай арада ай өтпей біздің кім екенімізге жұрттың көбінің көзі жетті деп шамалауға болады. Абатқа обал болды-ау, менің бір езулігім оған да кесірін тигізіп, кесел келтірді-ау деп кейде қысылып та қоямын. Б.Қыд.
БІР ЕЗУЛЕП КҮЛДІ
Сыңар езумен күлді; мысқылдай, кекете жымиды. ~ О да бухгалтер. Бас шайқады. Бір езулеп қана жымиды. Қабағы қайта кіржиді. М.Қаб. ~ Ши– амбы бұрынғысынан сәл жұмсарған қалып танытып, бір езулеп кекете күлді. Қ.Жұм. ~»Еңбек», «жартылай әскери тәртіп» Рүстемге түк әсер етпеді. Бір езулеп кекесінмен жымиып қойды. М.Қаб.
БІР ЕЗУЛЕДІ
Қиғаштап, қия тартты. ~ Зайыбы ғұмырында шаужайына оралып, жолына бөгет болып, әйелдік мінез көрсеткен емес– ті. Енді ғой, түтінімді жалғастырып, қара шаңырағыма ие болды деп қуандырған Ұлы дертеден бұзылған аттай бір езулеп, қисаңдайтынды шығарыпты. К.Сег. ~ Қараш атын бір езулеп, қияға салып қиғаштап бара жатып көз тастағанда, Торы алаяқ дөңес басына құйымшағы сүмпиіп, мықшыңдап, шатқаяқтап шыққан секілденді. Т.Әл. ~ Ауылға қарай тұра шапқан екеуге әлдеқайдан бір сұр төбет қосыла кетіп, Шемишев атының басына не бола алмай, бір езулеген ат ауыл сыртына шығып кетті. Өзі аттан түсіп қала жаздап қопақтап барады. Б.Қыд.
БІР ЕЗУ
Қыңыр, сыңар жақ. ~ Қалшан түкті қара айғырға мінген біреу атының басын тура мектептен бір-ақ тартты. Қара айғыр бір езу жылқы екен, бет алдына шауып, шаужайлап, иментіп алуға көнбейді. Б.Қыд. ~ Кіші қолтоқпақтай болса да, тілді, сұсты адамның алдында шоферлер ығып жүретін. Қанша бір езу болғанмен Вася Дерягин да енді қарсы дау айта алмады. С.Жүн.
БІР ДҮРКІН
Бір мәрте, бір рет. ~ Қыз пәлендей тілге келіп жатпастан шал сілтеген бағытқа жөнеле беріп, артына бір қарап алды да шоқаң етіп бұта түбіне отыра кетті, сосын кешікпей қайта тұрып, тағы да бір дүркін шалға көз қиығын тастады. Қ.Ысқ. ~ Жаңағы Валяны теуіп жіберетін неміс қайтадан ауыз гармонын ойнай бастап еді, ұрысқақ Мусяны көріп неге мәз болғанын құдай білсін, гармонын аузынан жұлып алып, қарқылдап тұрып күлді де, бауырындағы автоматын сыңар қолымен көтеріп, Мусяға қарай дыр еткізіп бір дүркін атып жіберді. Т.Ахт.

