БЕС ТИЫН ТҰРМАЙДЫ

Еш құны қалмады, түкке керек емес. ~ Ықаң жаңа тәртіпті түгелімен жаратпаушы еді. Өйткені омырау балшебек келді де— баяғыдан бергі қызметті де, абырой-атақты да, әдет-ғұрыпты да талқан қылды; оқығаның, білгенің де, сақалыңның ағы да бес тиын тұрмай қалды. Ж.Айм.

БЕС ТИЫН ТҰРМАЙДЫ Read More

БЕС ТИЫН ҚОЯН, ОН ТИЫН ЗИЯН

Пайдасынан гөрі кесірі көп. ~ Мінеки, Қажыбай ақсақал жер сатуды әуес көргендіктен бе, болмаса, бес-он тиын болса да пайда қылып қалайын дегендіктен бе, әйтеуір жайлаудағы бос жерді сатамын деп, «бес тиын қоян, он тиын зиян» дегеннің кебіне ұшырады. Б.Майл.

БЕС ТИЫН ҚОЯН, ОН ТИЫН ЗИЯН Read More

БЕС ТИЫН

Құнсыздық, арзандық өлшемі ретінде қолданылады. ~ Ертең болатын 1– Мамыр мерекесінің құрметіне дастархан жасаған Ұлжан бұл отбасындағы төрт үлкен адамды әдейі кең залға жинап, салтанатпен тамақ беріп отырған. Сол салтанаттың берекесі бес тиын болды. Ә.Тар. ~ Қара шаңыраққа мен қосқан бес тиын үлес жоқ. Сәулетшімін, үй жобалаймын деп мақтану бұл ауылға түкке қажеті жоқ. О.Бөк.

БЕС ТИЫН Read More

БЕС ТАЛ

Сирек, селдір д.м. ~ Сапырып берген сары қымызды дем алмастан тастап жіберген Зүкең бес тал сақалын сауып тастап Отағасына бажырая қарады. Қ.Ысқ. ~ Бір уыс бетін қуалап өскен бес тал сақал- мұрты тікірейіп кетіпті, ұсқынын алып тұр. С.См. ~ Анау шүйкебас шөпжелкені мен болсам, бес тал шашын бір талдап жұлып айдап шығар едім. С.См.

БЕС ТАЛ Read More

БЕС САУСАҚТЫҢ САЛАСЫНДАЙ

а) Етене таныс. ~ Ол оңбаған әлі дұрыс дәнеңе біліп жүрген жоқ. Анық көзі жетсе, бәрін бүлдіруі мүмкін. Сонау «Сарыөзекке» апарып тастаған үш куба метр ағаштан өзгесі бес саусақтың саласындай белгілі оған… Анау есікті жапсаң қайтеді?! М.Сүн.
ә) Бірінен-бірі өткен д.м. ~ Қандай үй еді?! Бір кездері саусақтың саласындай азамат ұлдары у- ду боп жататын шаңырақ еді ғой! С.Мұр.

БЕС САУСАҚТЫҢ САЛАСЫНДАЙ Read More

БЕС САУСАҚТАЙ (САУСАҒЫНДАЙ) БІЛЕДІ

Өте жақсы біледі, сырына әбден қанық. ~ Біреу өлсе тайлы-таяғы қалмай барып топырақ салатын аядай ауылда кімнің қайда жатқаны бес саусақтай белгілі емес пе. Аяқ астынан пайда болған бұл неғылған қабір деп, жұрт көпке дейін аң-таң болып жүрді. Т.Сәу. ~ … Қазір… иә, иә, қазақ тілінен гөрі ағылшынша жақсы сөйлейді, ағылшын мемлекеттерінің тарихын бес саусақтай біледі. Кім кінәлы бұған? М.Қаб.~ Бұл өзеннің түсі бөлек. Кереге бояйтын жосадай күрең. Қорғасын кенінен ағатын өзен осы. Бұны жұрттың бәрі бес саусағындай біледі. Т.Әл. ~ Менің жайымды бес саусағындай біліп алған Бекет: – Əй, сен сірə осы араға түпкілікті пенде бола қоймассың- ау, есебі… З.Қаб. ~ Өзі би, өзі қожа. Ал сүйікті жары – Жолдасбектің күллі бітім- болмысын бес саусағындай біле тұра, күлмегенде қайтеді. Қ.Жиен. ~ Бір ғажабы: Дәулетов Лениннің еңбектерін тұтас оқығаны былай тұрсын, ол көсемнің қай жылы не жазғанын және қандай жағдайда жазғанын да бес саусағындай біледі. Х.Ес.

БЕС САУСАҚТАЙ (САУСАҒЫНДАЙ) БІЛЕДІ Read More

БЕС САУСАҚ БІРДЕЙ ЕМЕС

Көптің ішінде әртүрлі адам болады. ~ Бес саусақ бірдей емес. Адамдар да ала-құла. Олардың да тайызы мен тереңі, аласасы мен биігі бар. Ал, түлғалар тіптен аз. С.Дос. ~ Бес саусақ бірдей емес дегенді сонау кішкене күнімізден естіп өстік. Сен де естідің. Ал, сол бес саусақтың бірдей еместігіне ешкімнің дауы жоқ. Ал, ол неге бірдей болмаған? Мүмкін адамның өзінің бірдей еместігін көрсететін үлгі шығар. С.Бақ.

БЕС САУСАҚ БІРДЕЙ ЕМЕС Read More

БЕС ҚАРУЫ САЙ

Сақадай сайлаулы, жан-жақты дайын, қару-сайманы оқтаулы, ұрысқа әзір. ~ Күрес жолына шыққан кезде бұл ерлердің бес қаруы сай еді. Р.Нұрғ. ~ Қас қылғандай күзгі аспан шаңқай ашық еді бүгін. Талма-тал түсте қапылы, бес қаруы сай отырған елге солақай килігу көзсіздік әрі амалдың жоқтығы-ау. О.Бөк.

БЕС ҚАРУЫ САЙ Read More

бес қару

Батырдың қару-саймандары. ~ Пісент қылмай бір жанды. Бес қаруын берік байлап, Аққұс аттың беліне Бекітіп тартты тұрманды. «Мақпал — Сегіз». ~ Сандық ішінде арнайы соғылған қару-жарағы, сауыт-сайманы болатын. Алпамыс жан адамға тіс жармастан, ақ сауытын киіп, бес қаруың асынып, алтын кемермен белін буып, қалың жылқыны бетке ала жүріп кетті. «Аопамыс батыр». ~ Кейін кеңес өкіметі орнағанда ол жаққа да сыймай, Қаратауды бөктерлеп бері жылжыса керек. Бойында бес қаруы түгел көрінеді. Тобымен емес, жеке жүреді екен. Б.Тоғ.

бес қару Read More