Адам өмірінің қысқалығын меңзейтін теңеу. ~ Біз сол өзіміздің ата– қонысымызда қалатын шығармыз, — деді қысқа қайырып. — Бір бес күндік тірлік қой, қайда жүрсек те аман болайық. Қ.Жұм. ~ Есік алды гүлхана, Саған болдым мен ана. Екі асыл сұлтаным, Қаныңды жүктеп барамын Алпыс табақ тіллә үшін Бұ бес күндік дүниеде. «Мұңлық-Зарлық». ~ Дүние-әлемді жаратқан, сол әлемге шығып-батқан күндей бес күндік қонақ болып кететін адамды жаратқан құдірет иесіне құлдық ұрып тұрған кезде Едіге аспаннан аққұйрық қарақұсты тағы көрді. Ш.Айт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕС ИТ ТОЙҒАНДАЙ
Кір-қожалақ, нас адамның кірі туралы. ~ Мейлі! Түнде бет — аузыңды ит жалап кетеді. — Неге жалайды? — Өйткені, бетіңнің кірі бес елі. Тура бес ит тойғандай! Қ.Ысқ. ~ Мынаны суға шомылдыршы. Бетінің кіріне бес ит тойғандай, – деп салды. Сарының көз алдына жон теріңді сылып түсе жаздайтын жөке мен борпылдаған, ыстық топырақты күмпілдетудің арқасында түсі өзгеріп кеткен аяқтың күсін ашытып ысатын ақ тас елестеген. Зыта жөнелмек болып еді, анасының әлеуетті қолы білезігін жібермеді. С.Әб. ~ Әне, Ақан ағаң не деп отыр. — Бар, бетіңді жуып кел, ой, нақұрыс! — Үсті-басыңды қарашы, cay тамтық жоқ, күлге аунағанбысың?! — Бет-аузыңа бес ит тойғандай, бар, кет қасымнан! С.Жүн.
БЕС ЕЛІ
а) Баттасқан, қап-қалың кір, шаң, май т.с.с. туралы, әдетте жағымсыз мағынада қолданылады. ~ Қасына барып, кабинаның есігін ашып еді — темір пружиналары сойдиып-сойдиып шығып кеткен былқылдақ отырғышты басып жатқан бес елі тозаң бұрқ ете қалды. Бет-аузын көміп кетті. Ә.Кек. ~ Төмен түсіп бара жатқан ышқырын көйлегінің сыртынан көтеріп қойып, бүйрегі жыртық мештің үстіне, күйесі бес елі қара шәугімді шайқалта көтеріп апарып, тарс еткізді. Т.Рыск.
ә) Қалыңдық, жуандық өлшемі. ~ А-а… Не сұрайын деп ем? Не сұрайын… А-а…— Басы кеудесіне құлады. Сипаланып пальтосының қалтасынан қалыңдығы бес елі жуан кітапты суырды. М.Қаб.
БЕС БІТКЕННІҢ БӘДЕНДІСІ
Көрікті, әдемі, сқлу. ~ Тоқтасқан сары қарын бәйбіше. Ұлты ұйғыр ғой деймін. Істеген тағамы енді ғажап! Ішкен сәтінде бойыңа сіңіп жатады. Қызы шешесінен өткен қылап. Бес біткеннің бәдендісі. Ө.Кәр.
БЕС БИЕНІҢ САБАСЫНДАЙ
Толық денелі, семіз; орнықты, келісті. ~ «Бір ауылдың ұйытқысы болып отырған жаны жайлау, біртоға бәйбішені «Бес биенің сабасындай» деп береке-құтқа балады» . М.Сахар. ~ Турасына көшейік, бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды, Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің балпаңдар жаза алды ма? Жаза алмаса неге жаза алмай жүр? Ж.Аяз. ~ Шешесі Биқасап Күрдебайдың бәйбішесі. Бес биенің сабасындай тұлға бітісінде өзгеше адам. Б.Майл. ~ Төлендінің әйелі де көрікті, кеңінен ойлайтын бес биенің сабасындай байсалды кісі. О.Бөк.
БЕС БЕРЕСІ, АЛТЫ АЛАСЫ ЖОҚ
Ала алмай жүрген өші жоқ д.м. ~ Елтай Әлияға бес бересі, алты аласы жоқ. Ол жайында пәлендей ойланбайды. М.Қаб. ~ Мейлі кіржие берсін. Тыржиса тыржисын. Ешкімнің маған да, саған да, Сәрсекеңе де, Ертұрлыға да бес бересі, алты аласы жоқ. Әркім көңілінің қалауынша өмір сүреді… М.Сүн.
БЕС БАТПАН
а) Зілдей ауыр, зор. ~ Білегіне дейін сыбанып түріп алған оң қолында бауыры қорғасын, бес батпан зілдей ауыр қара найзасын тудай көтере ұстап, астындағы сарғылт қылшықты ақбоз атын ойнақтата «Абылайлап!» шапқанда, жан қарсы келе алмайтын. І.Ес. ~ Осыдан аз уақыт бұрын Қалжыр бойында өткен билер сотында Жетiбай құнының Тастайға соншалықты нелiктен бес батпан болып, ауыр түскенiн де iштей бағамдайтын. К.Сег. ~ Торғынға да сен басқарма бол, ең болмаса тамағың тоқ болады деймін. «Әкемнің қара орнын қайда қалдырам?» деп қиналады. Беделі бес батпан мұғалім. К.Қаз.
ә) Қалың, баттиған. ~ Уай, жүрші бермен, сен бермен (Суйреп ала жөнеледі.) Бетіңдегі бес батпан Кірді кім бар жуатын? М.Әу. ~ М ұ р а т. Бетіңнен бес батпан ұйқысын шайқап тастасаң, мордаң да қайтадан қалпына келіп қалар! .. Қ.Ысқ.
БЕС АСПАП
Неше түрлі іске ептілігі бар, әмбебап. ~ Қамқор шеше рөлі шықпағасын, дереу қатал, қазымыр, есепқой қожайын болуға тырысты. Бұл жағына бес аспап екен, тез игерді. М.Қабанб. ~ Қоланмен бірге келген жігіттер мен келіншектер шетінен бесаспап өнерлі жастар екен: ән айтылды, күй тартылды, күні бойы шақырайып безеріп тұрып алған лапылдақ күнді кең қолтық Қаратау өз қойнына жасырып, тасасына алған кезде бұлар көлге құлаған, жұрт көзінен оңаша, алыс жиекте балаша асыр салды. Ә.Тар.
БЕРТІН КЕЛЕ
Кейіннен. ~ Бертін келе адамзат баласы анағұрлым алға басып, алғашқы қауымдық қоғамнан біртіндеп егіншілікке және жануарларды қолға үйретуге, демек, мал шаруашылығына көшуге байланысты жаңа діни ұғымдар қалыптаса бастайды. С.Мұқ. ~ Көмескі болса да, әлі есінде, мектепте оқып жүрген шағында тәмам баладан мұның алабөтен ерекшелігі – байқағыштығы еді. Әр нәрсені тез аңғарып, көрген сезгенін ұмытпай жадына түйетін. Бертін келе сурет салуға әуестенді. О.Бөк.
БЕРСЕҢ — БЕРЕН БҰЗАСЫҢ
Ретін тапқанға жол ашық д.м. ~ Әйтеуір, суретіңді қасқитып тұрып қатырып басқан екен! .. Бір қойдың құнына татиды. Берсең — берен бұзасың деген осы!.. Қ.Ысқ.

