Не нәрсенің де маңызы зор, өзекті тұсы. ~ Салқын самалды Сарыарқаның бел омыртқасы десе де Теміртаудың шілдесі миыңды шыжғырып жібере жаздайды. Ш.Мұр. ~ Осыдан кейін-ақ көтерілісшілердің бел омыртқасы үзіліп, әлсірей берген. Қ.Жұм. ~ Тұмсығы дария суына тiрелген көштiң сауыры мен бел омыртқасынан найза түйреген қазақтар оларды одан әрi әлсiрете түскен-ді. К.Сег. ~ Бұрқылдап жатыр, басына жастап шырқау қыр, Бабаларымның бабасын көрген бір тал нұр. Бел омыртқасы темір пенде де бас исін, Әулие болсаң мөлдірлігіңе іңкәр қыл. Ж.Жақ. ~ Сонда мұсылмандықтан хабары бар көзі ашық бір инженер: «Мұнда киелі Адам жатыр, рельсті бұл маңнан аулақтау әкетейік» деп сызбаларына өзгеріс енгізіп, болат жолдың бел омыртқасын үзіп жіберіпті. Қ.Түм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕЛ ҚЫЗЫҒЫН КӨРДІ
Нәпсі құмарын қандырды. ~ Бәлкiм, мұның өзi туып- өсiп, «Бел қызығын көрiп, бөрi ойнақ салған» сол мекен ендi үш- төрт ұрпақ алмасса ұйық жұрт – атамекен де болып кетер ме едi… Әттең… К.Сег.
БЕЛ ҚҰДА
Ұл-қызы тумастан бұрын атастырып қойғандардың бір-біріне қатысы. ~ Әңгімеден әңгіме шығып, әлгі өзінің бел құдасы – Жалғасты жатып кеп жамандай жөнелді. Ж.Аязб. ~ Бекер олай дейсіз… Ескі әдет-ғұрыпты бұзуымыз керек! Қазірдің өзінде ықтиярсыз күйеуге кетіп жатқандар бар… Бел құда, бесік кұда деген шірік салт жойылатын кез жетті! — Бұл жолы уәкілдің даусы қатайып шықты. Б.Тоғ.
БЕЛ ҚАЙЫСТЫРДЫ
Күш түсірді, қинады, сағын сындырды. ~ Мықтыға тізе бүктіріп, бел қайыстырған беу дүние-ай!.. Қайран қаймана халқым-ай, қайда барсаң да Қорқыттың көрі алдыңнан шықты-ау!.. Д.Рам. ~ Ол кісі ылғи да ұлы кіл бел қайыстырар ауыр жұмыстың астына түсіп, ыңыршағы шығып, жүдеп-жадап жүр деп ойлайды. М.Қаб. ~ Барлық ұрыс даласын шолуға мұршасы болмаса да — бел қайыстырған ауыр салмақтың дәл осы араға түскенін сезді. Т.Ахт.
БЕЛ КҮШКЕ САЛДЫ
Зорлады, күштеді. ~ Ерініп, есінеп, көзін ұйқы басып отырғандары жоқ. Бұл ынтамен кіріскендердің салдары, білімге құмартқандықтың белгісі. «Оқысаң да оқы, оқымасаң да оқы!» деп бел күшке салып көрші, көздері жасаурап, иықтары түсіп, мең-зең боп отырып алсын!.. Б.Майл.
БЕЛ КӨТЕРМЕ БОЛДЫ
Демалып қалды, жеңілдік, демеу болды. ~ Дүние кезек деген осы. Кеше тайраңдап жүрген дүниең тарылып, екі аяғыңды бір етікке тығып барады. Соңғы үміті — Арал болатын. Арал түбінде қызылдарды талқандаса, өздеріне азырақ бел көтерме боларын білді. Ә.Нұрп.
БЕЛ КӨТЕРМЕ
Ат әбзелі. ~ Сатай да шанадан түсіп, торы дөненнің о жақ, бұ жағына шығып, бел көтермені туралап, доғаны ырғап көрді. Жал-құйрығы, құлағының ұшы ақ қырау дөнен ауыздығын қаршылдата шайнап-шайнап, бір-екі рет дүр сілкіне пысқырынып қойды. С.Мұр. ~ … қамыт-саймандарды кеше ғана майлап қойған, қарға
сүйретілмесін, су болады; айтпақшы, бел көтерме тартпаны ұмытып кетпегей, сонан соң «Тастөбедегі» шанаға жеткенше терлік тоқымды астына салып, мініп баруы керек, әйтпесе тақымын ойып алады… тағы басқа да осындай ақылдарын шұбырта тізіп айтып жатыр, айтып жатыр. С.Мұр.
БЕЛ КӨТЕРДІ
Әлденді, күш жиды. ~ Кеңес өкіметі енді-енді бел көтеріп келеді, ал мына өлім тағы бір сұмдықтың басы сияқты көрінген. Б.Тоғ. ~ Осы соғысты бастау жөнінде Әкбардың ең алғашқы сынап айтқан, жеке сыбырынан бастап күні кешеге шейін шынайы бел көтере, серік боп келген «егізінің сыңары» сол еді! Ж.Ахм.
БЕЛ КӨРСЕТТІ
Зорлық қылды, күш танытты. ~ Торғай комиссары қазақ пен орыс арасында болған жанжалдарды басуға және «большевик» болған мұжықтар қазаққа бел көрсетіп, ауылын шауып талап әкетпесіне қолдан келген істерді шұғыл істеп жатқан көрінеді. С.Сей.
БЕЛ КӨРДІ
Сенім артты, тірек көрді. ~ Ши-амбы бейне бұлардың сарсүйек құдасы, не нағашысы секілді, үлкен ұлықты бел көріп, өзімсіне, дабырайта ауызға алысады. Қ.Жұм. ~ Үлкен ұлықтың қасында Демежандай ұлдарының отырғанын арқа тұта ма, әлде Ши- амбы мен Керімбай арасындағы көптен жалғасып келе жатқан сыйластықты бел көре ме, Төртуыл кісілері қысылып- қымтырылмай, өздерін еркін ұстап отыр. Қ.Жұм.

