Ауыр соққыдан есінен тана жаздады. ~ Онда мен бар да екенмін, бай да екенмін. Бір мұңсыз, өте жақсы жайда екенмін. Белге соққан жыландай енді болдым, Біле алмай сол жалғыздың қайда екенін. Ә.Нұрш. ~ Екі беттегі араздардың кімдер болатыны, отқа кімнің қолы күйетіні де ашылды. Тәкежан аулының белге соққан жыландай боп, әзірше титығы құрып тұрғаны да мәлім. М.Әу. ~ Керімбекті тұтқындату үшін қазақтың өз ішінен қол қоятын бірталай куә табу керек деген жерге келгенде, белге соққан жыландай бұлғалақтап қалды. Ж.Ахм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕЛ ШЕШТІ
Белсене кірісті, қолға алды, бел буды. ~ Уақытша баспананың жиһазы аз да, іші кең. Бел шешіп сөйлесуге қолайлы. Т.Әл. ~ Бұрын ел көзіне момын көрінетін Беболдың бірте-бірте ұғанасы қатайып, ауыл арасындығы тұрмыс-тіршілікке бел шешіп араласа бастады. О.Сәрс. ~ Қонақ кiсiнiң сөзiнен кейiн ол ел шетiнде жүрген кiсiлердi ұстауға Сүйiнғара кеше түнде бiрден-ақ бел шешкен. “Ат сабылтып мен деп келген екен. Менiң одан жалтаруыма болмайды. Ол — намыс iсi. Өлсем жау қолында-ақ өлейiн. М.Әбдіх. ~ Оның үстіне сіз енді, меніңше, бұрын діни жағынан басқа көзқараста жүрген көзіңізде бел шешіп кіріскен приюттің жағдайын да естен шығармауға тиістісіз. Г.Ибс.
БЕЛ ШЕШПЕДІ
Тыным таппады, жұмыстан көзі ашылмады. ~ Иә, буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып қой қырықты, қырманда дән сапырды. Әскерге кетер алдында әлі тарай қоймаған «Красный чабан» кеңшарының түрлі маусымдық шаруаларынан бел шешпеді. БАҚ ~ Бір апта бойы бел шешкен жоқ. Қызметке бармады. Т.Әсем.
БЕЛ ШЕШКІЗБЕС
Тыным таптырмайтын, ешқашан бітпейтін. ~ Зер салып тыңдасаңыз, мазасыз мұңнан өрбіген өршіл намыстың жұмыр басты пенденің жұдырықтай жүрегін қыжылдатып: «Адам бол, асқақ бол! Аламанға атой салмай, айызың қанбасын! » дейтін бел шешкізбес қаһарға жетелерін сезер едіңіз. С.См.
БЕЛ ҰСТАСТЫ
Күш сынасты, айқаса кетті, алысты. ~ Екеуі түсті атынан, Бұл сөзді қабыл алысып. Бел ұстасып күресті, Панжаларын салысып. «Зарқұм».
БЕЛ ТІРЕДІ
Бекінді. ~ «Қорқыттық па, батыр? Ойын жолы ғой. Ер болсаң тағы кел! Артында отың мен ошағың қалды ғой. Малы — басың қалды ғой. Енді келсең, ерегісіңмен кел! Бір айқасқа бел тіре!» дейтіндей. С.См.
БЕЛ СЫНАСТЫ
Күш салыстырды, күресті. ~ Ұлы жүздің үлкендеріне барып сәлемдесіп, Орта жүздің ділмарларымен сөз қағыстырып, Кіші жүздің палуандарымен бел сынасатын. Әр ұлыс, әр ауылдың әні екеш әндерінде де айырмашылық болушы еді. Ә.Кек.
БЕЛ СУЫТТЫ
а) Тыныстады, дем алып алды. ~ Әлдеқандай шырша астына дамылдап‚ от жағыпты. Бел суытып‚ жеңіл-желпі жүрек жалғап алған сыңайлы. А.Алт. ~ Ұзақ жолда бір-ақ рет бел суытты. Қаракердің ертоқымын алып, көкке аунатты. Сусын ішіп, жүрек жалғаған соң қайта ерге қонған. Т.Сәу.
ә) Нәпсілік құмарын басты. ~ Заң жолымен алған бір әйеліңіз, жасырын ұстайтын қырық тоқалыңыз бар. Жағалай қонақ болып, көңіл көтеріп, бел суытып жүресіз. Т.Әсем.
БЕЛ СУЫТАР
Дем алып, көңіл құмарын басарлық, нәпсі ләззатын қандыратын жұбаныш. ~ Сонымен қоналқыда көкпар тартамыз ба? Кәне, құрдас, үлкен көкпар жасамаймыз. Жәй бел суытар болсын. Қолды әкел! Д.Досж. ~ Сәлима мәнжудің бел суытар кірекейіне айналмасына кім кепіл? А.Сәб.
БЕЛ ОРТАСЫ
а) Адам жасының белгілі бір белесі, екі жастың аралығы. ~ Бір кезде атақты батыр Ақберді бүгіндері сексеннің бел ортасындағы аппақ қудай ақсақал, бір кезде екі иығына екі адам мінгендей қапсағай дене бүгінде шөгіңкі … Ә.Тар.~ Осы күймен, осы жосықпен айлар, жылдар өте берген. Сонымен, Жаманбай, Айшуақтың есігінде табаны күректей он жылды өт көріп, жиырманың бел ортасынан асып та кеткен. С.Омар.
ә) Әлдебір оқиғаның қайнаған ортасы. ~ Бұл жануардың көзге қораштау тұрқы ғана емес, мынау төңіректің топалаңы шығып жатқанда дәл соның бел ортасында тұрып қылшығы да қисаймай шөп күйсеген тұрысының өзі оның өзге бір мінездің малы екенін аңғартқандай. С.Ел. ~ Қажы жылқысының тұқымынан өздерінің қолына тиген жалғыз тұяқ осы жануар еді. Сол жазған қыза келе жүйріктердің бел ортасынан суырылып шығып, алдыңғы топқа қосылған. Т.Рыск. ~ Олардың елден ерек киімдеріне зейіні ауып кеткендіктен, зікір салушыларды бұрын да талай көргені Дон Кихоттың тарс есінен шықты, — керісінше, оған бұл арада әлденендей бір шытырман оқиға болатындай, кезбе рыцарь ретінде осы оқиғаның бел ортасында жүруі керектей көрініп кетті… М.Серв.

