Әлденені көп ойлап, басы қатты. ~ … жақсы бір мақтаулы нәрсе жазуға тапсырма алғалы едәуір болды. Сонысын бітіре алмай басы қазандай боп жүр. С.Бақб. ~ Мартин Иденнің басы қазандай боп кетті. Есінде қалған он шақты сөздің мағынасын білмекке кітапханаға жүгірді. Дж.Лон.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАСЫ (БАС ТЕРІСІ) САЛБЫРАДЫ
Көңіл қошы жоқ; уайымға салынды. ~ Үй іші жым-жырт. Қонақ жаққа қарай алмай басы салбыраған жұрт үнсіз шұбап соңынан ерген. Т.Сәук.
БАСЫ-ҚАСЫНДА БОЛДЫ (ЖҮРДІ)
Етене араласты, басшылық етті, ұйымдастырды; әлдебір оқиғаны көз алдында өткерді. ~ Осы жұмысқа он шақты қазақ жастарынан бригада құрып, өзі үш-төрт күн басы-қасында болып үйретті. Ғ.Мұст. ~ Соның басы-қасында болады, кірпіш санайды, топырақ, цемент түсіреді, сылақшыларға көмектеседі. Демалыс дегенді ұмытты. Н.Дәу. ~ Өйттім-бүйттім деп көкірек қаға алмаймын. Көбісі есімде қалмапты, басы-қасында болған жоқпын. Өз басымның қатысы шамалы. Ш.Айт. ~ Жақсы ата-ана осылай баласының тәрбиесін өзгелерге тапсырып, өзі жанын күйттеп, шығанға шығып кетер ме еді? Әй, кетпес еді-ау? Қашан өз нанын өзі тауып қолы аузына жеткенше бәйек болып, басы-қасында жүрер еді-ау? Е.Әлімж.
БАСЫ-КӨЗІНЕ ҚАРАМАДЫ
Ештеңемен есептеспеді, ештеңеге мән бермеді, оң-солын айырып жатпады. ~ Ертеңді ойладық па? Қолына ойыншық түскен сотқар баладай, біз осы дүниенің басы-көзіне қарамай, тек қиратып, тек сындырып, тек бүлдіргеннен басқа не бітірдік? Ә.Нұрп. ~ Желі оңынан тұрып, абыройы асып тұрған кісі дүниенің басы-көзіне қарай ма! Ә.Кек.
БАСУ АЙТТЫ
Сабырға шақырды, жұбатты. ~ Бір жігіт: «жақсы екен» деп басын шайқаған, енді біреуі: «Бұдан әлде қайда әдемі домбыралар дүкенге түсіп жүр ғой» деп басу айтты. Ж.Нәж. ~ … мұнымен қатар жайласқан, нафталин сіңген қара шибарқыт қостюмді, мынау сырықтай ақ шалға – бабасына, басу да айтар. А.Сүл.
БАСТЫҚҚАН АСАУДАЙ ЖУАСЫДЫ
Қарқыны тежелді, адуыны басылды. ~ Өңкей болыстар, байлар, атқамінер билер әдеттегідей алдыңғы лекке ұмтылып, алғашқы қарқынды жолға таласардай мінез көрсеткенмен, кейін күн ыстығында езіліп, бірінің соңынан бірі тізіліп, бастыққан асаудай жуасыған. С.Жүн.
БАСТАУ АЛДЫ
Жалғасын тапты. ~ Ендi ғой, мiне, желтоқсанның жампоздарын көтерiп, ел тәуелсiздiгiнiң содан бастау алғанын мойындап отыр. Ә.Ыб. ~ Сол желтоқсан қанды қырғынмен өтті. Оны ұйымдастырған генсек Горбачевтің қолынан жаңа күштер кеңестік империяны қағып түсіріп, тоз-тозын шығарды. Артынан сол Горбачевтің өзі: «…Одақтағы кейінгі баскөтерушілердің бәрі де желтоқсаннан бастау алды», – деп мойындады да ғой. Б.Тоғ.
БАСТАС БОЛДЫ
Жақын араласты. ~ Е, хан тұқымы, сенiмен тiзе теңестiрiп, бастас боламын деу қарадан шыққан бiз мiскiнге әлi ерте екен. К.Сег. ~ Одан соң біздерді үйді-үйге бөліп әкетті, ал діннен безгенді, Зораиданы және мені бақытсыздықта бастас болған бұрынғы серігіміз ата-анасының үйіне ертіп барды. Серв. ~ Істейтін іс болмағандықтан Амелияның күні бойы төрт қабырғаға қамалып отыра бергісі келмейтіні түсінікті еді, сол себепті бұлармен бастас боп жүрген-ді. Ч.Пав.
БАСТАН ӨТКЕРДІ (ӨТКІЗДІ, өтті)
Басынан кешті, өзі көрді, тірі куәсі болды. ~ Өзіңіздің бастан өткерген оқиғаларыңыз әңгімеге кірігіп, жалғасып отырады деп ойлаймын. А.Жақ. ~ Қара жердің қабырғасы қайысып, әзер көтерген қайғыны да бастан өткердік. С.Дос. ~ Ол кез ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен, жігіт жеңін жастық, етегін төсек еткен, бетін отқа, жалынға тосқан, жорықты күндерді бастан өткізді. С.Бақ. ~ Ұнымыз жетті жазға үнемдеумен, Жәрдемді бақыт көрдік біреу берген. Балалық бастан өтіп кетіпті ғой, «Етігін, әкем келсе, кием» – деумен. Ж.Нәж. ~ Өзіңнен көз жазып калған жарты ғасыр ішінде жарық дүние деп аталатын мына жалғанда талай-талай оқиғалар бастан өтті. С.Дос.
БАСТАН ҚҰЛАҚ САДАҒА
Жаныңды аман алып қалу үшін не нәрсені де құрбан етуге болады д.м. ~ Бер, бере сал, ойбай бастан құлақ садақа. Үйге барған соң өз сағатымды берейін саған… — аманжанның қолынан шөпілдетіп сүйіп жүр. О.Бөк. ~ Сол құрғыр тымақты сұрап тұр ғой! Берші! Бастан құлақ садаға! Бepшi,- деді, кейін барып cүмiрейіп тұрған бүкip шал. М.Дәул.

