Өзгеге үлгі боларлық адамның сиқы мынау болса, басқалардан не күтуге болады д.м. ~ Бригадир Байдалы шалдың өзі сөйткенде, басқаға не жорық. С.Мұр. ~ Дәл иегiнiң астындағы адамның күнi осындай болғанда, басқаларға не жорық. Т.Сәу. ~ Шыңғыстың өзі, баласын орыс оқуына, жағдайының еріксіздеуімен әрең әкеле жатыр! Өзгелерге не жорық?.. С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАСҚА, КӨЗГЕ ТӨПЕЛЕДІ
Аямай ұрды, соққыға жықты. ~ Мысықты ұстап, байлады. «А, қанішер неме!»-деп, Басқа, көзге төпелеп, Ханға, ордаға айдады. М.Жұм. ~ Амал не, әкем де нақұрыс, желқом салып, басқа көзге төпелей, тепкілеп контулақ ететін жабыны мәпелеп басқа шығарып. Б.Жұм.
БАСҚА ШЫҚТЫ
Басынды, тым еркінсіп кетті. ~ Дегенмен, үлкен-үлкен деп басқа шығарып қоймай, қыбын тауып, бәйбішені де аяғын тарта сөйлеуге үйреткен жөн. Ә.Кек. ~ Ұрлаған жылқысының айыбы мен өлген кісінің құнын үнемі біреу төлеп отырса, Байсерке басқа шықпағанда қайтеді. Қ.Жұм. ~ Сөйлеп келеді, сонда: Кісілігі қараң қалған қу дүние. Қасиеті жоғалған, сұм өмір. Басқа шықты, бақа-шаян. Өй, атасының көрі… Н.Дәут. ~ Енді, міне, «елемеген ауру жаман, ескермеген дау жаман» деп қазақтардың өздері айтқандай, бұратана жұртың бірте- бірте басқа шығып бара жатыр. Қ.Жұм.
БАСҚА ШЫҒАРДЫ
Тым еркінсітті, бетімен жіберді. ~ – Не айтып кеттіңіз, ұлы мәртебелім? Осы сіз- ақ құл- құтанды
басқа шығарып болдыңыз ғой… Қ.Жұм. ~ Амал не, әкем де нақұрыс, желқом салып, басқа көзге төпелей, тепкілеп контулақ ететін жабыны мәпелеп басқа шығарып. Б.Жұм.
БАСҚА ШАУЫП, ТӨСКЕ ӨРЛЕДІ (ҰРДЫ)
Іс-әрекетін үдетті; еркінсіді; құлашын кеңге жайды. ~ Соның бiрi қазiр есiне түсiп: — Бiржан аға, тек өнер қадiрiн бiлгенiмiз анық болса, өмiр тiрлiкте басқа шауып, төске өрлеген өнердi ғана қадiр тұтайық. М.Әу. ~ Яғни, джунгли заңы толассыз жұмыс істеуде. Басқа шауып, төске өрлеп тұр. Бұған қарсы қандай уәж айта аласыз, көке!? С.Елуб. ~ Досмағанбет барлап қарайды, мынаның басқа шауып, төске өрлеп тұрған сұры көрінбейді. Бары осы ма, әлде әдісқойлығы ма? Н.Дәут. ~ Керісінше осындай басқа шауып, төске ұрған айғыр атаулыны көрсе жыны қозатынды шығарды. C.Елу.
БАСҚА ШАПШЫДЫ
Өктемдік қылып, басынды. ~ Ақтөс қараны қатты арсылдатып кірді қораға. Басқа шапшып, балтырға кимелей өрмелеп жүрген өктем итке жуан ақ таяғын бір тигізбей, қорғанып қана келді. Т.Сәу.
БАСҚА (басына)ШАПТЫ
Бойын билеп алды. ~ Ертеңгі пісетін шырын жемістердің дәмін сездіретіндей бір түрлі күмілжі тәтті иіс кісіні еліттіріп, басқа шабатындай. Ә.К.ек. ~ Әлгінде ғана қос шекедегі көк тамырлар лүпілдеп қатты соғып, тура басқа шапқан ыстық қан саябырлап сабаға түскен; дене құп-қунақ; дененің бары-жоғын екі аяқ, сірә, сезіп тұрған жоқ; қызығы қалмаған дүниесі құрғыр да, бұ да болса, бұның анда-санда басынан кешетін бір отты шағы еді-ау?! Ә.Нұрп.
Ішімдік (не басқа бірдеңе) бірден әсер етіп, басын айналдырды. ~ Кемір иісі бір түрлі жүрегімді айнытып, басыма шапқандай болады. Н.Сер. ~ Басына шапқан спирттің уыты біраздан кейін денесіне жайылып, мас болған Шыңғыс отырған орнында теңселе бастаған… С.Мұқ.
БАСҚА ҰРҒАН ТАНАДАЙ
Есінен танғандай күйге түсті. ~ Нәргүл өзiне жалт ете назар аударысқан екеудiң түрiн көрiп тiлiн жұтқандай, үнсiз тұра қалды. Даңғаза көтерiп, дөң сауда жасаған жоқ. Состия сазарған күйi жiгiтке қадала қарады. Сұсты-ақ екен. Өңiне қуаныш емес, қасiрет, тiптi, жапа бұлты түнере түскен. Қыз дiр еттi. Кенет назары Анарға ауды. Үзiлiп түскен жұлдыздай бетiнiң нұры сөнiп, басқа ұрған тана iспеттi үрпиiп қана тұр екен… Р.Рай.
БАСҚА ҰРҒАН БАЛЫҚТАЙ
Не істерін білмей мең-зең кейіпке түсу туралы. ~ Басқа ұрған балықтай сандалып көшеде қалдым. Қайда барарымды өзім де білмеймін. І.Жанс.
басқа түсті
Әлдебір қиын жағдайға тап болды. ~ Жападан жалғыз бір- бірімізге жаутаңдап отырған түріміз мынау, ең болмаса басқа түскен қайғымызды да бөліп жаратын тірі пенде келмеді — ау… О.Бөк. ~ Жабыққанда сан жұбатты-ау жыр тiлi, Қар да ерiдi басқа түскен қайғымнан. Ә.Балқ.

