Жөн-жосықсыз; қалай болса солай. ~ Өлеусіреген сәуле бірде оң, бірде сол жақта сығырыңдап, әлгінде ғана бас-көзіне қарамай салдыр-күлдірлеп келе жатқан машина кілт баяулап, соқыр кісіше жолын сипалап қалады. Ә.Нұрп.
~ Жалпы сен жақсы айттың, бала. Бірақ… бірақ осы сендердің сұрақтың берекесін қашырып, бас-көзге қарамай төпелей беретіндерің қалай? Д.Әш. ~ Біледі, тамаша біледі. Бірақ министрліктің бөлім бастығына дейін көтерілу оңай дейсің бе? Ол дегенің бар уақытыңды бас-көзге қарамай тартып алатын оппа обырдың нақ өзі. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАС-КӨЗ ЖОҚ
Беталды, жөн-жосықсыз, қалай болса солай. ~ Маратбек? Апыра-ай, Маратбекпісің?! Әкесі сасқалақтап қалт тоқтады. Бас-көз жоқ оң қолына жармасқан әйелге үнсіз бағжия қарады. С.См. ~ Сен теңізді бас-көз жоқ ылғи бір көкшіл бояумен айғыздай береді екенсің. Аспаның да — тұнжыраған көк, суың да – мөлдіреген көк. С.См.
БАС-КӨЗ ДЕМЕЙ
Ештеңеге көңіл аудармай, аямай. ~ Алдыңғы қыздар тобы жақындай бергенде қарсы топ қолға ұстаған темір, ағаш таяқтарымен, шынжырларымен саптағы қыздарды бас-көз демей сабай бастады. Б.Тоғ. ~ Прораб қосар каналдан өтті де, қиялап тіреу орнына, біз тұмалы жартас жаққа бас-көз демей жолсыз жермен тарттық. М.Қаб. ~ “Көппен көрген — ұлы той”. Жаппай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жатқанда, сендердің мыналарың бір қарын майды шіріткен құмалақ сияқты болды ғой, — деп, бас-көз демей оларды тықсырып алған да осы Найзабай болатын. Қ.Най.
БАС-КӨЗ (КӨЗ) БОЛДЫ
Біреуге қамқорлық көрсетті, шаруасын атқарды, көз қырын салды, әлдебір іске жауапкершілікті мойнына алды. ~ О болса, апасының opнына балалардың үсті-басын қарастырар еді, үйді үңірейтпес, қуартпас еді: қашан бір қатын алып үйлігін түзеткенше, шаруаға да бас-көз болар еді. Ж.Айм. ~ Үйдiң жанында өзiң бас-көз боп, оқытқанға не жетсiн. Б.Алд. ~ Елеусіздің өте-мөте аяйтыны Гүлнаш. Үйдің жабдығын да өзі істейді, отарларға бас-көз болатын да өзі. Т.Әл. ~ Үмітай марқұм, Есіркептің шешесін айтам-ау, маған ылғи тапсыратын: «Ұрқия-ау, Есіркебіме көз бола көр», – деп… Б.Майл.
БАС-БАСЫНА
Жеке-жеке, әрқайсына. ~ Енді сол прототиптердің немесе жартылай прототиптердің бас-басына жеке тоқтайын. Ә.Нұрш. ~ Мен дүниеден сапар шеккен күні саусағыңа киерсің. Оған дейін сандығыңа салып, тереңде сақта» деп оңашада бас-басына жеке айтыпты. С.Жүн. ~ Біздің көзіміз шалған балықтардың әралуан түрлерін, Жапон және Қытай теңізіндегі балықтардың бүкіл коллекциясын бас-басына айтып жатпаймын. Ж.Верн.
БАС-АЯҒЫ ЖОҚ
Қисынсыз, ретсіз. ~ Бүркіттің шырылын естігенде тағы да есіне түсті. Бірақ бас-аяғы жоқ, әшейін бір есірік болмашы әуресі ғана: «…Бишара, шырылдайсың жерге қонбай…» – дейді де ән ырғағы үзіле береді. С.Жүн. ~ Күздігүні шешесі бас-аяғы жоқ: – Үйленесің! – деді. – Ағзам молланың қызы Айшаны әперем. Әке-шешесі келісіп отыр. Т.Сәу. ~ «Қазақ дәптері» — сол рухани байлығымның пұшпағы.
Бас-аяғы жоқ бұл еркін жазбалар (немісше мұны Lose Blatter дейді) кімге керек? Г.Бел.
БАС-АЯҒЫ ЖИНАЛДЫ
Бәрі келді, ешкім тыс қалған жоқ. ~ Асықпай барамыз ғой, қазекемнің бас-аяғы жиналғанша сағат он тоғыз, жиырма болар, көріп жүрсің ғой. Давай, пока. Ғ.Қаб. ~ Бір кезде, мұжықтардың бас-аяғы жиналып болды-ау дегенде мына Барыс, өзі де тура барыс сияқты ғой, тұрып алып, ай ерім-ай, гүжілдеп кеп сөйлеп бермесін бе. С.Жүн.
БАРЫП ТҰРҒАН
Нағыз, қаса, қас, нақ өзі. ~ Иә, оған қағаз апармаса, жай шақырғанға келмейді. Барып тұрған қырсық. С.Бег. ~ Саяси шолушыдан әсіре әуей сөздерін санайды көш ілгері, шолушысы — аяқтың, балтырлардың барып тұрған «интернационалистері». К.Мыр. ~ «Мен — барып тұрған өсекшімін, арызқоймын, бар айып менде, кешір балам!» деп қыздың аяғына жығылар еді екіншісі. М.Кәр.
БАРЫП КЕЛ, ШАУЫП КЕЛ
Қолбала. ~ Бұл әлгі найман байының барып кел, шауып келі болса керек. О.Сәр. ~ Мердігер жігіттер қалталарының түбінде жатқан азын-аулақ ақшаларын шығарып, араларындағы жасы кіші әрі «барып кел, шауып келге» таптырмайтын тәпелтек сарыны дүкенге жүгіртті. Ж.Базар.
БАРЫҢНАН ЖОҒЫҢ!
Сенің тірі жүргеніңнен не пайда; өлгенің артық д.м. ~ Ерте, ерте! Сүйдеп‚ сен табаныңнан сапқыр‚ ертеңдi күндi кеш қыласың. Бүйткенше барыңнан жоғың. Шiрiк-ау, кiтап сенiң неңдi алған? Пiркарөл болатындай. Б.Алд. ~ Бала шырқыраған күйі басын еңкейтті. Әкесі күрзі етігімен кеудесінен теуіп кеп жіберді: ― Бүйткенше, барыңнан жоғың!.. Қ.Қази. ~ Шарықтарымды үстіме қарай лақтырып жіберді. − Өлтірейін бе осы, а?! Сендей ақымақтың барыңнан жоғың! — деп, маған қарай тап берген. С.Мұр.
