Барынша қонақжайлық танытып, бәйек болды. ~ Ана Кавказ, Балтық жағалауындағы республикаларға бiзге қылғанның бiрiн iстей алар ма едi? Жоқ. Қорқады. Бiрдеңе шығып кетпесiн деп басынан сипап, барын алдына тосып бәйек. Т.Сәу. ~ Тек құрақ ұшып барын алдына тосқанда «міне, саған рахметім» деп бетіне бір қақырып кете барған арсыздығына қаны қараятын сияқты. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАРЫМТАҒА ТҮСТІ
Зорлықпен алып кетті. ~ Солтабайдың келiншегi барымтаға түскенiн ести сала, Бөкеншiнiң бар жайлауында түнгi жайылыста жүрген жылқы атаулы ауылға қуылып келiп, күн шықпастан аттар ұсталды. М.Әу. ~ Барымтаға түскен 5 жылқыны алып қайтқан Əбежан алшаңдай басып, аттан түсіп, үйге таман аяңдады. Ж.Айм. ~ Екеуі қоста оңаша қалғанда жөн сұрасты. Жас бала айшылық алыс жолдан барымтаға түскен қыпшақ жылқысымен қоса айдалып келген. А.Кем.
БАРЫМТА МАЛЫ
Ұрлықпен келген мал. ~ Әй, шалдар! Алжыған шалдар! – деп Ақан бозарып тұрып, ашумен ақырды, – Барымта малына сендердің қималарың қышымасын. Елге, күнге жайып болған екенсіңдер. Тағы да жайындар! С.Жүн. ~ Нұртаза жарылып кетпей зорға шыдады. – Ал енді олардың барымта мал екенін қайдан білдің? – деп Сүлеймен әңгіменің соңғы суыртпағын тартты. С.Жүн.
БАРЫМТА АЛЫСТЫ
Бір-бірінен мал айдап кетіп, қысастық жасады. ~ Содан берi қар кетiп, көк шығысымен Сыбан мен Керей бiрiнен бiрi кезек барымта алысады. М.Әу. ~ Сондықтан да қалаға қашумен Абайды қырдағы көп әлектен құтқардым ба деп еді. Қырда болса, бұл істің арты бүгін ауыл шауып, барымта алысуға соғар ма еді? М.Әу.
БАРЫМТА АЛДЫ
Малын қасақана айдап әкетті. ~ Тағы бір рет, көршілес Керей мен Найманның осы жаздағы аттаныстарын, бір-бірінен барымта алысып, шабысып қалғанын айтысты. М.Әу.
~ Олар Оразбайдың беделімен бұл шаққа шейін барымта да алған, ауыл да шапқан. М.Әу. ~ Барымта алған мал емес, қуып алған құл емес. М.-М.
БАРЫМЕН БАЗАРЛАДЫ
Қолда барға қанағат қылды. ~ Қол жетпеске бой созған неме керек? Барымен базарлап, қолдағыны ұқсатсақ та жетпей ме? Мына халқың не дер екен, алдымен осыларды тыңда. Ө.Кәр.
БАРЫМЕН БАЗАР
Барға қанағат қылды. ~ Болмаса не істейміз, барымен базар деген емес пе, ана Берікқарадан келетін үй дұрыс болып тігілсе болады да, — деп Ғариф әдеттегі жинақы, қанағатшыл мінезін істеді. С.Бег. ~ Мінеки! — деді, менің қасыма қойып жатып, — сыйладым саған, барымен базар деген осы. Мүмкін бір ермегіңе жарап қалар. И.Бунин.
БАРЫ МЕН ЖОҒЫН ТҮГЕЛ ЖАЙДЫ
Бәрін айтты, ештеңені жасырмады. ~ Автобуста, трамвайда сүйкеніп, тиісіп-қағытып тұратын ана бір жыртақайлардан өзге жігіт екен, бары мен жоғын түгел жайып, турасын айтты. Ал туралықты әйелдер жоғары бағалайды. М.Қаб.
БАРШЫН ТАРТҚАН
Жасы ұлғайған, қарттық жеңе бастаған адам туралы. ~ Бұлар Жеңсік пен Бадырақ еді. Балалары ер жетіп, бұлардың да енді міне баршын тартқан кезі еді, дәулеттері мол жетіп, дәуірлеген кезі еді. І.Жан.
БАРСАҚ, БАДАЛ ТАБАРМЫЗ
Алда не күтіп тұрғаны бимәлім д.м. ~ Қожыр да, қожыр тастарым, Көзімнен ағар жастарым, Шыбышым лақ салмаған Тұқымы қысыр қалмаған. Байтөбетім маңқылдап Қотаныма үрген тау. Біз барармыз, барармыз, Барсақ, бадал табармыз. Егін де жәйін білмейміз Аштан өліп қалармыз. М.Дул.
