Дұрыс істеген (істеппін) екен д.м. ~ Күн жылы ғой деп жеңілдеу киіммен шығып кетіп едік. Қайта Гүлзина сақтық жасап, күртесін ала жүріпті, сонысы ақыл болды. Ә.Асқ.~ Генерал Чернов осындай кезде Омбыдан аулақ кеткеніне мың шүкірлік етті. «Жақсы істедім. Осыным ақыл болды. Қолынан түк келмейтін, кіл өңшең менменсіген ісік кеуде… Наполеонсымақтар… осылардан аулақ жүргеннің өзі жақсы»,– деп ойлады ол. Ә.Нұрп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚЫЛ ЖЕТПЕЙДІ
Түсініп болмайсың. ~ Бұл жолы олай болмады. Ақторғай басқа, әпкем басқа деді. Махаббат деген ешкімнің ақылы жетпейтін бірдеңе болу керек. Жалпы, соған жоламаған дұрыс секілді. М.Қаб.
АҚЫЛ ИЕСІ
Ақыл-ойы, санасы жетік. ~ Адамның жеңбейтіні болмайды. Ол – ақыл иесі. Ж.Шәк. ~ Сұңғат. «Өзіңнің қыран екеніңді білмесең, қияға қонба» депті ғой бір ақыл иесі. Оқыған біздің өмірге көзқарасымыз осылай болса, не болмақ дүние? Қ.Мұх.
АҚЫЛ КӨЗІ
Не нәрсеге де кеңінен қарап, тереңірек түсіну қабылеті. ~ Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді. Шәк. ~ Қатесін көрмеген кісі бірбеткей, ақыл көзінің ауданы тар кісі болу керек. Ақыл көзінің ауданы тар кісі адамшылыққа пайда келтіре алмайды. Ж.Айм.
АҚЫЛ КӨРСЕТТІ
Кеңес берді, жол сілтеді. ~ Біздің қызбен достасқан татар қызына Мамозының інісі «саман тойларыңа қазақ қызын шақыр» деп ақыл көрсеткені белгілі болып отыр. Қажет болса сол қыз келіп өзі де айтады. Ж.Ахм. ~ Осы сыбыстарды естіп, ата жұрттан қозғалмауға бекінген Көкебай Боранқұлға нендей ақыл көрсетеді. Солармен бірге кет, солармен бірге ит пен құсқа жемтік бол демек пе? Ғ.Біл.
АҚЫЛ КІРДІ
Өмірге көзқарасы тұрақтанып, жақсы мен жаманды айыра бастау туралы. ~ Шалыс қадам жасағанда ғана барып қателік екенін ұғынасың. Бұрынғылар «қателіктен кейін ғана ақыл кіреді» демейтін бе еді. Сол қателікті қайта қайталамаудың өзі олжа. Ә.Тар. ~ Адам болған, ақыл кірген, есейген түрі мынау ма, деп күлмей ме… Жоқ, қою керек… құрысыншы… Бір шынашақтай қызға сонша есім кетіп. С.Мұр.
АҚЫЛ КІРЕЙІН ДЕДІ
Санасына сәуле түсті, көзі ашылды, есі кіре бастады деген мағынадағы кекесінді сөз. ~ Веттехник кеңсірігі түскенше кеңкілдеп күлді. Қалжыңды қайрады деп түсінген қайран Омырығым – ай! Алжасайын деді ме, ақыл кірейін деді ме?.. Бір қағынған қатын таяқтасаң қайтар ма?! Қ.Ыс. ~ О, қамқорым– ай… Неғып кеңіп қалдың. Қорс ете түсер ме екен деп ек. Ақыл кірейін деген білем өзіңе. М.Сүн.
АҚЫЛ ҚАШТЫ
Ойлау қабылеті нашарлады, ақыл-есінен айрылды. ~ Ақынның ойына өлең селі тасқын атып, толқыны ақ жалдана буырқана бастады: «Шалдыққан көңіл жүдеу, тәнім арық, Болғандай суға батып, кеме ғарық. Сұм бастан ақыл қашқан, қиял басқан, Тітіреп улы оймен жүрек қарып…» Таңжарықтың көзі әуелі Махсұтқа түсті. Т.Рыс. ~ Тал да таппай қармауға жағалаудан, Ақыл қашқан адыра бабалардан. Қандай қарғыс атты екен қайран елді?! Қайда барып тығылар паналауға?! М.Мақ.
АҚЫЛ ҚОНБАЙДЫ
Біреудің сөзін тыңдамайды, ақылын алмайды. ~ Маңдайын ұрғылайды «аһ» дегенде аузынан ақ жалын атады. Оған анау-мынау ақыл қонбайды, ішіндегі ащы зарды Совет екеуміз білеміз, біз ғана түсінеміз… Б.Тоғ.~ Адам бірақ ұрысқанмен жөнделе ме? Мың жерден ұрыс, егер өзіне – өзінің жаны ашымаса, ақыл қонбайды. І.Ес.
АҚТЫЛЫ ҚОЙ
Ақ-қарасы аралас, қотан-қотан көп қой. ~ Күн ыстық. Аспанда ақ сабынның көбігіндей, мамық ақ бұлт жүзеді. Әуе шыбынның ызыңы, шегірткенің шырылы. Ащы өзеннің бір мүйісінде ақ борықтай ауыр қотан ақтылы қой жатыр. Ж.Айм. ~ Ондағыдай жұртта енді береке бел бар ма? Дəулет бар ма? (Қойға көзінің қырын салып): Шалқып жатқан ақтылы қой жер қайысып сонау өлкеге сыймай кетуші еді. Байдан туған жанның бір өзінен алты қотан қой өруші еді. ~ Ақ мамаңа асықпа, Апам малда, қашықта. Ақтылы қой бағып жүр, Алтын жұлдыз тағып жүр». Қ-М. Әли.
