Шынайы, жүрекжарды сыр (шындық, ақиқат). ~ Әйтпесе, бұл сөздерді бұрын да естімей жүрген жоқ. Адал жүректің ақиқи сырын талай анғартып еді ғой. Бірақ, көпшілік көзінше өзіңе арналған әнді қысылмай тыңдау қиын екен. Ақбөбектің құлағына дейін шиедей болды. Ү.Жлк. ~ Міне, оның құндылығы да сонда – мұндай ақиқи шындыққа қалай күмән келтіруге болады. Баршаға белгілі осы бір шындыққа Ларсен менен дәлел талап еткенде, менің сасып қалғаным рас.Дж.Лон.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚ ШЕЛЕК
1.Ақкөңіл, қолы ашық. ~ Жанашыры, сырласы аз адамның жайы осы емес пе? Әсет осынау көңілі көлдей, ақ шелек адамды аяйды, қимайды. Қ.Тол.
2. Бағанаға ілінетін репродуктор туралы. ~ Сағат сегіз болса бітті, клуб маңдайына қадалған ақ шелек репродуктордан киномеханик Тұрсын: «Біс, екіс, үс…» деп ысылдай бастайды. М.Қаб.~ Тыстан шиқ еткен тормоздың ащы ысқырығы естілді. Жігіттердің бәрі де өре тұра келген. Бәрі де жапырылып тысқа қарасты. Баған басындағы ақ шелек баж ете қалды. Қ.Ысқ. ~ Сөйтіп, қақсаған қара табақ Әкімнің үйінде де ән салатын болған. Ең қызығы, клубтың шатырына үлкен ақ шелек – радио орнатып, тұңғыш рет дүниені дүрліктіре сарнап қоя бергенде, Шыңғыстайдың тігерге тұяғы қалмай, бар малы тауға қашып шығып кетіп еді. Сонда талай үйдің малы жоғалды. Иә, сол ақ шелек бүгін дамыл таппай сөйлеп тұр. О.Бөк.
АҚИРЕТТІК ДОС
Мәңгілік, өле-өлгенше айнымас дос. ~ Сүйтіп отырғанда, болыс келіп Еркімбекке: — Мына жігіт қай жігіт? — деді. Еркімбек: — Бұл — Бақтыбай марқұмның кенжесі Үсен деген ініңіз, мұнымен мен ақиреттік дос болдым. Мына жаңа қоныста екеумізге бата беріңіз, әке? Шәк. ~ Ш ы н а р к ү л Мақұл, құрметті Әлімжан! Ш о қ а н. Осыны істей алсаң дүниелік қана емес, ақиреттік те досым боласың! С.Мұқ. ~ Керімбек қызы бір жаққа қыдырса, Өмірбек алдымен байқайды. Көреген Мамозы осыны ерте ойлап білген. Керімбек болса, ақиреттік достық көрсеткенге қияметтік қиянат етер демеген. Ж.Ахм.
АҚ ШЕЛЕК КЕЛГІР!
Түйе малына айтылатын қарғыс. ~ Мына ақ шелек келгірлер аунап қоймасын, байқап отырыңдар. Өй, ант атқырлар, қыруар малды тышқақ тигендей қуа бермей, кіре оттасаңдаршы… С.Жүн.
АҚИЫҚ АҚЫН
Асқан талант иесі. ~ …Ақиық ақынның дәптерін оқып отырмын. Адамдық сыры мен жан күйзелісін білген сайын оның жанын ұғьнғандай боласың… Ә.Ысқ. ~ Амал не, қолжазбалары сол күйінде сақталмаған, жеке жырлары ауыздан-ауызға көшіп жүргенде өзгергені, бұрмаланғаны, кейбіреулердің өз жанынан қосқандары да байқалады. Өлеңдерінде кейбір кібіртіктің кездесуі содан. Әйтпесе, Сүйінбай, Сарбас, Бақтыбай сияқты ақиық ақындар Қабанға «пірім» деп сыйынбас еді ғой. Б.Тоғ.
АҚ ШУЛАН
1.Ақшылтым, боз түс. ~ Қарсақ бөрік, қарсақ – түлкі тектес жануар. Қарсақтың түсі түлкінің кейбіреулерімен ұқсас келеді. Жон жағы ақ шуландау, қызыл бурыл келеді. Бірақ түлкі секілді көп түсті емес. Ж.Баб. ~ Сені күтіп ақ шулан дала таңы, «Мұңлы мүсін» өмірге сән атады. «Қара боран» қанатын қайыра алмас «Ақиықтың ақырғы балапаны». Ж.Шәк.
2. Ақшыл боз түсті ұрғашы қасқыр. ~ Артында тіленіп жыланғандай болып, ұрланып тұрып тықыршық атқан көп жігіт тұр. Олар қорым тастан қашатын қырқылжың жайын ақ шуланды тауға шығармай, жазыққа түсіріп әкеткелі қаптай жабылатын алғыр қыран есепті, қанды ауыз ұялас құмай сияқты. М.Әу.
АҚИЫҚ БОЛДЫ
Мазасы кетіп, әбігерге түсті; қажыды, мезі болды.~ Орыс-герман соғысы басталды да, балықтың бағасы күрт көтерілді. Енді орыс байы да бұларды бел шешіп отырғызбай, күн, түн қуалап, әбден ақиық боп жүр еді. Ә.Нұрп.
АҚ ШҰНАҚ АЯЗ
Қарды бұрқыратып соққан жел, шыңылтыр қатты аяз. ~ Күн суық. Ақпанның ақ шұнақ аязы шақпай миыңды, соймай етіңді жейді. Байдың өңшең сәйгүлігін жекен көшірлер бал маскарад жасаған қораның іші-сыртына лық толып тұрмыз. І.Жан. ~ Үсті-үстіне сыбай жауған қалың қар айналаны ақ сеңсең тонымен айқара қымтап жауып тастаған. Ақ шұнақ аяз тысқа шықсаң бетті үсітіп, берекеңді алады. Ү.Жлк. ~ Ақ шұнақ аязды‚ ақ сирақ боранды қыс та қыр асқан. А.Алт.
АҚ-АДАЛ МАЛ
Адал еңбегі, маңдай терімен келген дүние, байлық. ~ О, жасаған, аруақтарға бағыштаған ай мүйізді, аша тұяқты, жұпар иісті ақ, адал малымды қабыл ала көр! Ә.Кек. ~ Ертең, Гүлшаттың қырқы! .. Батиханың ренішіне қарап, арам өлтірер жәйім жоқ. Ақ адал малымды балама құрбандыққа шалсам, оның не айыбы бар… М.Сүн. ~ Дәлелiң болса, әдiл билiк айтылса, қарсы болман, жүйрiк те, бәйгесi де сенiкi. Дәлелдей алмасаң, ақ-адал малыма зорлық жасамақ болғаныңды бұл дүниеде де, о дүниеде де кеше алмаспын! К.Сег.
АҚАЙ ЖОҚ, ТОҚАЙ (НОҚАЙ) ЖОҚ
Еш себепсіз, ай-шай жоқ; күтпеген жерден жасалған іс- әрекет туралы. ~ Ұрысқақтығында шек жоқ енді: Класқа кіріп келсе-ақ ақай жоқ, тоқай жоқ: «Ал кәне, пәленшиіп, тақтаға шықшы, мына есепті шығаршы», деп дігерлей жөнеледі. С.Мұр. ~ Анау ақай жоқ, тоқай жоқ келген бойда қызды жон арқадан қамшымен бір тартты. С.Смат. ~ Айдарынан жел есiп, ел шетiне жете бергенде ақай жоқ, тоқай жоқ тал түсте малын қуып кеткен жүрекжұтқан жалғыз атты барымташының iзiне түскен қуғыншылардың да қарасы көрiнедi ғой. К.Сег. ~ Аз ойлағанда Бөжей өз ішінен: «шариғат та жөнге, шынға қарайтын шығар, ақай жоқ, ноқай жоқ, көрінгенге бұйда бере бермес» дегендей. М.Әу.
