АҚИЫҚ БОЛДЫ

Мазасы кетіп, әбігерге түсті; қажыды, мезі болды.~ Орыс-герман соғысы басталды да, балықтың бағасы күрт көтерілді. Енді орыс байы да бұларды бел шешіп отырғызбай, күн, түн қуалап, әбден ақиық боп жүр еді. Ә.Нұрп.

АҚ ШҰНАҚ АЯЗ

Қарды бұрқыратып соққан жел, шыңылтыр қатты аяз. ~ Күн суық. Ақпанның ақ шұнақ аязы шақпай миыңды, соймай етіңді жейді. Байдың өңшең сәйгүлігін жекен көшірлер бал маскарад жасаған қораның іші-сыртына лық толып тұрмыз. І.Жан. ~ Үсті-үстіне сыбай жауған қалың қар айналаны ақ сеңсең тонымен айқара қымтап жауып тастаған. Ақ шұнақ аяз тысқа шықсаң бетті үсітіп, берекеңді алады. Ү.Жлк. ~ Ақ шұнақ аязды‚ ақ сирақ боранды қыс та қыр асқан. А.Алт.

АҚ-АДАЛ МАЛ

Адал еңбегі, маңдай терімен келген дүние, байлық. ~ О, жасаған, аруақтарға бағыштаған ай мүйізді, аша тұяқты, жұпар иісті ақ, адал малымды қабыл ала көр! Ә.Кек. ~ Ертең, Гүлшаттың қырқы! .. Батиханың ренішіне қарап, арам өлтірер жәйім жоқ. Ақ адал малымды балама құрбандыққа шалсам, оның не айыбы бар… М.Сүн. ~ Дәлелiң болса, әдiл билiк айтылса, қарсы болман, жүйрiк те, бәйгесi де сенiкi. Дәлелдей алмасаң, ақ-адал малыма зорлық жасамақ болғаныңды бұл дүниеде де, о дүниеде де кеше алмаспын! К.Сег.

АҚАЙ ЖОҚ, ТОҚАЙ (НОҚАЙ) ЖОҚ

Еш себепсіз, ай-шай жоқ; күтпеген жерден жасалған іс- әрекет туралы. ~ Ұрысқақтығында шек жоқ енді: Класқа кіріп келсе-ақ ақай жоқ, тоқай жоқ: «Ал кәне, пәленшиіп, тақтаға шықшы, мына есепті шығаршы», деп дігерлей жөнеледі. С.Мұр. ~ Анау ақай жоқ, тоқай жоқ келген бойда қызды жон арқадан қамшымен бір тартты. С.Смат. ~ Айдарынан жел есiп, ел шетiне жете бергенде ақай жоқ, тоқай жоқ тал түсте малын қуып кеткен жүрекжұтқан жалғыз атты барымташының iзiне түскен қуғыншылардың да қарасы көрiнедi ғой. К.Сег. ~ Аз ойлағанда Бөжей өз ішінен: «шариғат та жөнге, шынға қарайтын шығар, ақай жоқ, ноқай жоқ, көрінгенге бұйда бере бермес» дегендей. М.Әу.

АҚАЙ-ТҰҚАЙ ЖОҚ

Ай-шайға қарамастан, дүрсе қоя берді. ~ Төсекте шалқасынан жатып көзі ілініп кеткен екен, есік сықырынан оянды. Ұп-ұзын болып кіріп келген Советхан: ― Жүр кеттік! – деді, ақай-тұқай жоқ. – Іле жағасына барамыз. Б.Тоғ.

АҚАРЛЫ-ШАҚАРЛЫ

Үйлі-баранды, бала-шағасы бар. ~ О не дегенің, қарындасым. Осы ақарлы-шақарлы басыммен он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балаға қиянат жасасам, Аллам кешіре қоймас-ты. Ш.Құм. ~ Шешемнің замандасы еді. Біздің үйдің қыр жағында тұрады. Ақарлы-шақарлы, бала-шағасы көп адам. Ерінен ерте айрылған. О.Бөк. ~ Ұйып тыңдап тұрып, бір кезде: – Ой, Сәке, ақарлы-шақарлы басыңмен мұның не? Сонда сүттей ұйыған жарыңмен, балаларыңмен ажыраспақшымысың? – деппін. Ш.Құм.

АҚАУ ТАПТЫ

Осал тұсын тапты, кемшілігін байқады.~ Әлгі сөздің шын-өтірігін білгісі келді ме, шылғи орысша сөйледі. Бұл да шарықтады. Мұны қалай бағалады, қайдам, Елтай Тотының орысшасынан көп ақау тапты. Кейін естіді, қыз қазақ мектебін бітіріпті. Тамара, Таняға айналғаны соңғы екі-үш жыл… М.Қаб. ~ Тракторшы үндемеді. «К-700»-тың ішек-қарнын түгел тінтіп шықты. Ешқандай ақау таппады. Ш.Мұр.

АҚАУ ТҮСТІ (ТҮСПЕДІ, ТҮСІРМЕДІ)

Нұқсан келді. ~ Жасында жігітшілікті көп жасап, ой-қырға көп жортқан шіркіннің аяғына, қартайғанда ақау түскен бе, қалай, қыс бойы тізесінен басыр боп жатып, көктем туып, күн қыза ғана тәуір болған. С.Мұқ. ~ Осы күні келіндердің төркіндеріне барып, болымсыз нәрсені сылтау етіп қайтпай қалуы деген де оп-оңай. Ажыраса салады, оны бір бастарына ар көріп, өміріне ақау түсті-ау деп жатқан жан жоқ. С.Мұр. ~ Бұнда аппақ кiршiксiз ана мейiрiмi бауырындағы перзентiне алдағы өмiрден бақыт тiлейдi. Бұнда әлi ақау түспеген ыстық достық бейiлiмен Абайға да шын тiлек арнайды. М.Әу. ~ Кейбір байымдаулардың ұзын-сонар болуымен табиғатқа тән әдебиеттік бояулардың кемдігі тұтас шығарма тұлғасына ақау түсірмейді. Ж.Шәк.

АҚАУ ШЫҚТЫ

Кемшілік байқалды. ~ Жазалау мекені болған Жерге түсірілді. Сонымен, Алланың Адам атты туындысының болмысынан алғашқы күні-ақ ақау шыққан. С.Ел.

АҚ ТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ, АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА

Жаугершілікке ұшырап, мал-мүліктен айрылып, пана іздеп шұбырған ел туралы. ~ Халық болса, аштықтың алдында. Қысқасы, рухани дүниеміз теңге сықылды жаппай инфляцияға ұшырады. Егер, ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға айналмаса… Тәуелсіздігімізді де сата бастаған сияқтымыз. М.Қаб. ~ Қазақтың ежелгі ата мекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласын, сар даласын Жоңғар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаның» аяғы ақ түтек боран, ақ жорға борасын, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты. І.Ес.