АҚ ҚҰБА, БИДАЙ ӨҢДІ

Ақшыл жүзді, шырайлы. ~ Көптен күткен жеңешедей, ауыз үйдегі алтын сырғалы, ақ құба, бидай өңді кербез жеңгей: «Балалар, жоғары шығыңдар!» — деп майысып, төргі үйге қарай сілтейді. Ж.Айм.

АҚ ҚҰЙРЫҚ ШАЙ (ШӘЙ)

Сүт қатқан жапырақты қою шәй. ~ Ең жақсы шай әуелгі орған жапырақтан шығады. Үйткені, әуелгі жапырақ уақ, жас болады. Осындай жас кезінде жапырақ нәзік және бетінде күмістей жылтыраған жүні болады. Сол жапырақтан істелген шайды аққұйрық шай дейді, бірақ құйрығы жоқ болады. Жапырақты өте күтіп, сақтықпен жинайды. А.Бай. ~ Ол кездегі қазақ ауылдарында ақ құйрық шай (орысша — фамильная) тек, Шыңғыстың үйінде ғана бар. Ондай шайды Шыңғыс алыстағы Троицк, Қызылжар, Ірбіт, Қорған сияқты қалаларға барып қайтатын сәудегерлерге жетектеп, ұзақ уақытқа жетерлік қып алдырып қояды. С.Мұқ. ~ Көрінсін Біржан салға ай сықылды, Ақ құйрық көңіл ашар шай сықылды.Ұсынса қол жетпейтін арғымағым, Арғынға баламаймын тай сықылды. Біржан С.~ Түгел ұйқыдан оянғанда, әке– шешесі тас құманның бүйірін шоққа тығып, ақ құйрық шайды быршып тартып отыратын. Ү.Жлк.

АҚ КІРДІ (ТҮСТІ, ШАЛДЫ)

Шашы, сақал-мұрты ағара бастады. ~ Қалың қасы қап-қара, қабағы биік, қадалып қарайтын жанары тұп-тұнық, самайына ақ кіре бастаған орта бойлы, орта жастағы ер бітімді кісі екен, галифе шалбар, сары китель, аяғында хром етік. Қ.Ысқ. ~ Қазан бас, самайына ақ түскен қалың бұйра шашты, денесі арық, тұла бойы мен аяғы төмен жағын екі айыра салған жұқа тақтайды еске түсіретін. Ә.Тар. ~ Мейрімді адамдардың көмегімен Асқар тағы да қашты, поезға билетсіз мінген, мұны мұртты теміржолшы іші бос жүк вагонына жасырып қойды, шашын ақ шалған әйел бір кило картоп берсе, жаралы солдат машинаға отырғызды,— сөйтіп туған ауылына жеткен. Ә.Әл.

АҚ ҚҰС

Қолға қонған бақыт. ~ Нарша. Асан, сен бұл күнде еркесің. Тұнығы бұзылмас айдын судың ақ құсы емеспісің; көңілге жақса — отырдың, жақпаса ұштың, кеттің. Біз уайым айтып жүдетіп жүрмесек? М.Әу. ~ Қойшы, күйрек сезімге беріліп кеттім білем. Қайдасың, жарқын үмітім? Жастық шағымның ақ құсы болып көкірегіме қайта келіп қонсайшы! С.Ом. ~ Жігіттің жүрегі дір ете қалды, қолындағы ақ құсының енді мәңгі ғайып болғалы тұрғанын сезгендей: – Сонда мен не істеуім керек? – деді абыржып. І.Ес.

АҚ КІРЕУКЕ

1.Мұнарланып, бусанып, әуеде қалқыған сағым тектес сәуле. ~ Олардың мынау ақ кіреуке әлемге көздері қарықты ма, әлде алдарында созыла жатқан аналарынан секем алды ма, болмаса, өре түрегеліп тұрған үшеуден сескенді ме, бөрідей ғана бойларын күжірейте ақырды. А.Алт. ~ Көз ұшында ұзаған Қара шалдың ақ желбегейінің етегін жел кеулеп, бірте-бірте желбіреген күйі жайыла-жайыла жер мен көктің арасын ақ кіреукедей тұтып алды. Мен боз тұманды кешіп, белгісіз әлемге сүңгіп бара жаттым. Т.Сәу.~. Жаны ақ кіреуке мұнарға шомылып сәулеге айналып кеңістік кезіп құлдырайды С.Ел.
2. Бағалы тон, құнды матадан тігілген сырт киім. ~ Екі жігіт Келдібектің өлі денесін тақтан суырып алып, бұрышқа апарып сұлата салды да бетін керегеде ілулі тұрған ханның ақ кіреуке шапанымен жапты. І.Ес
3.Батырлардың темір торлы сауыты. ~ Ноғайлыны жау алса, Үйде қарап жатпаған Мамай, Ақ кіреуке сауыттым Мамай, Аш құрсағым ау

АҚ ҚҰШАҚ

Ыстық ықылас, жүрек жылуы, аналық мейір д.м. ~ … Қытайда жүріп он неше жыл тілшілік істегенімде іштегі құсалықты айта алмай қор болғаным, «атамекеннің ақ құшағында ақиқатты айтып өлсем арманым жоқ» деп ағымнан ақтарылғаным, ұлт әдебиетіне деген адал көңілім бәрібір жаныма маза бермейтін болды. Ж.Шәк. ~ Сенің жарқ етіп дүниеге келген шағыңда көзіңді ашып көрер анаңның ақ құшағы, ыстық алақаны, тұңғыш дәмге ұмтылып татқаның анаңның ақ сүті емес пе? Ә.Ыб.

АҚ КІРЕУКЕЛЕНДІ

Мұнарланды, бұлыңғыр тартты, сағым ойнады. ~ Көз ұшында бұландай «Ақсайдың» көпірі де көрінді. Дала түнімен көз ілмей, енді ғана тыныстап, бусанып жатқандай. Ақ кіреукеленіп тұр. Әр жерде шық жылтырайды. Ауа ылғалды, бір түрлі жабысқақ ауыр. М.Сүн.~ Көз ұшында бұландай «Ақсайдың» көпірі де көрінді. Дала түнімен көз ілмей, енді ғана тыныстап, бусанып жатқандай. Ақ кіреукеленіп тұр. Әр жерде шық жылтырайды. Ауа ылғалды, бір түрлі жабысқақ ауыр. М.Сүн.

АҚ ЛАҚ

Қазақтың ұлттық сүт тағамы. ~ Жаңа сауған сүтті ірітіп, үстіне сары май салып әкелген мұндай ақ ірімшік ет жоқта ет орнына жүреді. Сондықтан оны біздің жақ кейде «Ақ лақ» деп атайды. Ә.Нұрш.

АҚ ҚАБАҚ

Көңілшек, қулық-сұмдығы жоқ, аңқаулау адам туралы. ~ Ел көңіл-күйінің пернесін дөп басып тани бермейтін, алың — бұлаңдау, алды бар да арты жоқ, ақ қабақ бастықтың осы міндерін пайдаланып, жұрт алдында жақсы көрініп қалайын деп Әпен де есеп құрмайды. С.Шай.

АҚ МАЙҒА БӨЛЕДІ

Риза қылды, тойдырды. ~ Сонда бәлен жыл кімдер үшін тер төккен? Кімнің ризықысын еселеп, кімдердің қазанына ас салған?
Кімнің қалтасын томпайтып, кімдерді ақ майға бөлеген? Ө.Кәр. ~ Достығымыз жалғаса берді онымен. Жиналыс сайын
сөйлетеді. Ел аралағанда қасынан қалдырмайды. Айына бір мәрте қонаққа шақырады. Ақ майға бөлеп тастайды. Сен же,
мен жеден кекірігім азып, қоясы бар итше имелеңдеп зорға оңаламын. Ө.Кәр.