АҚ ҚҰШАҚ

Ыстық ықылас, жүрек жылуы, аналық мейір д.м. ~ … Қытайда жүріп он неше жыл тілшілік істегенімде іштегі құсалықты айта алмай қор болғаным, «атамекеннің ақ құшағында ақиқатты айтып өлсем арманым жоқ» деп ағымнан ақтарылғаным, ұлт әдебиетіне деген адал көңілім бәрібір жаныма маза бермейтін болды. Ж.Шәк. ~ Сенің жарқ етіп дүниеге келген шағыңда көзіңді ашып көрер анаңның ақ құшағы, ыстық алақаны, тұңғыш дәмге ұмтылып татқаның анаңның ақ сүті емес пе? Ә.Ыб.

АҚ КІРЕУКЕЛЕНДІ

Мұнарланды, бұлыңғыр тартты, сағым ойнады. ~ Көз ұшында бұландай «Ақсайдың» көпірі де көрінді. Дала түнімен көз ілмей, енді ғана тыныстап, бусанып жатқандай. Ақ кіреукеленіп тұр. Әр жерде шық жылтырайды. Ауа ылғалды, бір түрлі жабысқақ ауыр. М.Сүн.~ Көз ұшында бұландай «Ақсайдың» көпірі де көрінді. Дала түнімен көз ілмей, енді ғана тыныстап, бусанып жатқандай. Ақ кіреукеленіп тұр. Әр жерде шық жылтырайды. Ауа ылғалды, бір түрлі жабысқақ ауыр. М.Сүн.

АҚ ЛАҚ

Қазақтың ұлттық сүт тағамы. ~ Жаңа сауған сүтті ірітіп, үстіне сары май салып әкелген мұндай ақ ірімшік ет жоқта ет орнына жүреді. Сондықтан оны біздің жақ кейде «Ақ лақ» деп атайды. Ә.Нұрш.

АҚ ҚАБАҚ

Көңілшек, қулық-сұмдығы жоқ, аңқаулау адам туралы. ~ Ел көңіл-күйінің пернесін дөп басып тани бермейтін, алың — бұлаңдау, алды бар да арты жоқ, ақ қабақ бастықтың осы міндерін пайдаланып, жұрт алдында жақсы көрініп қалайын деп Әпен де есеп құрмайды. С.Шай.

АҚ МАЙҒА БӨЛЕДІ

Риза қылды, тойдырды. ~ Сонда бәлен жыл кімдер үшін тер төккен? Кімнің ризықысын еселеп, кімдердің қазанына ас салған?
Кімнің қалтасын томпайтып, кімдерді ақ майға бөлеген? Ө.Кәр. ~ Достығымыз жалғаса берді онымен. Жиналыс сайын
сөйлетеді. Ел аралағанда қасынан қалдырмайды. Айына бір мәрте қонаққа шақырады. Ақ майға бөлеп тастайды. Сен же,
мен жеден кекірігім азып, қоясы бар итше имелеңдеп зорға оңаламын. Ө.Кәр.

АҚ ҚАЗДАЙ ТІЗІЛГЕН

Бірінен кейін бірі көрінеді. ~ Өзеннің екі жағасында арқан бойындай жоғарылаған ақ тұман, тізбектелген өркеш– өркеш таулардай болып, ол таулар ай сəулесімен самаладай сандақтанып, аппақ қардай жарқырап, көз шағылысады. Сөйтіп ақ қаздай тізілген кенерелі таулардың жүмесімен балқыған ақ күмістің толқындары жүзіп жүрген іспетті. Осыдан бір бөтені жоқ. Жоғарыда, қақ төбемде көк шұбар аспанда ақ табақтай жалтырап он төртінен туған əдемі ай тұр. Ж.Айм.

АҚ ҚАЙЫН САУДЫ

Ашығып, қашып-пысып жүрді, қайыңның суын нәр қылды. ~ «Жауыңды» жер қаптырудың
ең мықты құралы осы. Жұмыс істетпейсің. Жан тыныштық таптырмайсың. Көңілі ала,
ұйқысы шала. Бар пәле, бар жалата жауап қайырып, жұртты, қала берді жұрағатты
арашалаймын деп қан жұғып жүргенде әуелгі мақсат, адал мұрат адыра қалады да жүйкесі
тозып, әбден қажыған соң өзі — ақ қайың сауып қаңғырып кетеді. Қ.Ысқ.

АҚ ҚАЛА

Қардан үйіп жасаған қорған, балалар ойыны. ~ Осы ақ қала бірінші қаңтардан кейін де көпке дейін құламай тұрды… Ш.Айт. ~ Бір күні қораның сыртынан ақ қала үйіп, үйге кірсе Зейнеп баланы алдына алып емізіп отыр. Маңдайынан шып– шып тер көрініпті. Ә.Кек.

АҚ ҚАНАТТЫ АРМАН ҚҰСЫ

Құштар қылған, аңсары ауып, көксеген арманы. ~ Басы зеңіп, бар дүние шыр айналып кеткендей. Ақ қанатты арман құсына оқ тигендей, оңаза, ашқарақ нәпсі иектеген жас жігіт уайымның соңына сарыла түскен. Т.Рыс.

АҚ КӨЗ

Надан, көр кеуде. ~ Қырық жыл қой бағып, жең — жағасы қи сасығаннан басқа тапқан бар қадары не?!. Мен ондай ақ көз болғым келмейді. Өйткені, құр еңбекпен, құр адал көңілмен бүгінде қой бағуға да болмайды. Қ.Ысқ. ~ Әйтсе де, Демежан өзге дүниені өзгерте алмағанымен, ақ көз ағайынның шылауына ілесіп, жетегінде кете алмас. Қ.Жұм. ~ Әйгерімге сыбырлаған әзілінде: — Жеңеше-ау, мынау қайнағаң не деген өлерін білмес ақкөз еді! Мұрттай ұшқанын көрдің бе? Абай ағамның мысқылына ажалды кісі тап болсын да!- деп, Әйгерімді қоса еліктірді. М.Әу.