АЙ ҚАРАҢҒЫСЫ

Айдың жарығы көмескіленген кезі, соңғы онкүндігі. ~ Түн артынан Күн шығады. Қашанғы бiздiң басымызға төнiп тұрар дейсiң бұл зауал. Жасыма, қарашығым. Бұл да бiр ай қараңғысы секiлдi мезгiл шығар. Т.Сәу.

АЙ СӘУЛЕСІ КЕМІДІ (ЖҮДЕДІ, ӘЛСІРЕДІ)

~ Ай сәулесі кеми, аспандағы жұлдыздар бірінен соң бірі сөніп, таң жақындағанда, Ожар қасына Сәмен… Сейтеннің қасына келді. І.Ес. ~ Ай сәулесі жүдей, күншығыстан таң білініп келе жатқандай… І.Ес. ~ Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың көш көрінді. І.Ес. ~ Ай сәулесі әлсіреп, таң нұры көтеріліп, айналаны өмір қызығына бөлей бастады. С.Бег.

АЙ ҚАРАП ОТЫР (ЖҮР)

Бостан-босқа, түк істемей уақыт өткізді. ~ Рас, басы біріге бастаған орыс князьдары да ай қарап отырмаған-ды, тозуға
айналған Алтын Орданы, түбі, күл-талқанын шығаратыны ақиқат еді ғой… І.Ес. ~ Қалай түсіндірем. «Мінезім үйлеспеді»
десем: «Он жылдан бері ай қарап жүрдің бе, ертерек неге құтылмадың»,– деп, ақыл үйретпей ме. О.Бөк. ~ Жоқ, мамасына
айтпайды. Аза бойы қаза тұрып, жүрегі ауырып қалар. «Ақанжаным азап көріп жатқанда, сен не ай қарап жүрдің?» деп,
көкесіне тиіседі. М.Қаб.

АЙ ҚАРАП, ЖҰЛДЫЗ САНАДЫ

Босқа жүрді, уақытын зая кетірді. ~ … ашу-аразы бар ағайын: «Қап, бәлем. Итбайдың бозымбай баласына сұлу қатын қайда?! Серімен ала жаздай серуен құрғанда ай қарап, жұлдыз санап жүрді дейсің бе? Ойнап-күліп қойған-дағы. Сосын қашпағанда қайтеді?!» – деп, Кедейдің терісін қан шығармай іреп-сойып жатқан шығар. Ү.Жәл. ~ Сырттағы самаладай мол жарық қалың пердені көктеп ете алмай тауы шағылған екен, оны қыз салған бетте түсінді, ал түсінген адам ай қарап, жұлдыз санап, ерігіп тұра ма, дереу іске кірісті. М.Қаб.

АЙ ҚОРАЛАНДЫ

Толған айдың қызара мұнартып көрінуі. ~ Екі үйдің аралығы бір жарым шақырымдай ғана. Бірақ, төте жол айналасы соқпа таммен қоршалған алма бағын аралап өтетін. Ай қораланып қалған. Аспан ала бұлтты. Т.Рыс. ~ Жазда күн кенеттен ысып кетсе, ұзамай жауын жауады. Ай қораланса, жаз – жаңбырлы, қыс қарлы, боранды болады. Күн қораланса, қар қалың жауады. Күн ерте күркіресе, ол – жауыншашынның көп болатынының белгісі. Осылай тізбектеліп кете береді. Ж.Баб.

АЙ ҚОРҒАЛАП ТУДЫ

Айдың күнге жақындап, кеми бастаған кезі. ~ Кешке оқшау шетте Шоңбай, Асылбек, Мүсірәлілер той қылушы Сәтібекті іштеріне алып, күңк-күңк сөйлесіп отырды. Ай қорғалап туатын мезгіл еді. Т.Әл. ~ Ел орнына отырған кешкі мезгіл еді. Егін орағының тұсы болатын. Далада жауын. Ай қорғалаған өлараның тұсы. С.Жүн.

АЙ ҚҰШАҚ ҚАУЫП

Бірін-бірі құшағына алып, айқаса құшақтасып д.м. ~ Албырт жастың, сымбатты тұлға, сирек ажар ай құшақ қауып табысқан айырықша бақытты жан. Ә.Кек. ~ … алдарында – ішіне құйрық-бауыр салып, құдаларға ұсынған қара тегештей дөңгелек алқап, ақ шыңдар мен қара шоқылар ай құшақ қауып жатқан Маңғыстаудың қара ойы. Ә.Кек. ~ Баяғы сол алай-дүлейдің тұсында Әбілқайыр бастаған ауыр қол жыра-жықпылы ай құшақ қауып құшақтаса жығылған қазақ пен жоңғардың өлігіне толы Қаратауды шырқ айналып шықты. Ә.Кек.

АЙ МАҢДАЙ

Ашық, кең маңдай. ~ Ай маңдайы жарқырап, жетелеген кексе әйелді тура аялдамаға қарай сүйрей жөнелгендей болды. Ж.Аяз. ~ Шөке де оның ай маңдайына алақанын апарып, ып-ыстық денесін бауырына тартқан сайын Нүркен қойыны-қоншына еніп жабыса құнығып, еніп келеді. Б.Жұм.

АЙ МАҢДАЙЛЫ

Ашық, ақ, кең маңдайлы, сүйкімді, сұлу, ұнамды. ~ Бағдат, Мысыр шәһәрінің бірінде бір ер жігіт, Хасен деген, бір ай десе – аузы бар, күн десе – көзі бар, ай маңдайлы, жұлдыз көзді сұлуға ғашық болған… С.Сей. ~ Дулығасын жастанып, көк сүңгісін сүтпен сүртетін қас батырдың, қарауыл тасқа қанжармен қашап жазатын сөзі емес пе бұл! Ай маңдайлы арудың жорыққа аттанған жарын күн салып күтіп тұрғанда айтатын әні емес пе бұл! Ә.Ысқ.

АЙ МЕН КҮНДЕЙ

Бірінен бірі өткен сұлу. ~ Ай мен күндей ажарлы сұлу, қыршын жастарды да, арыстан жүректі айнымас батырларды да, әлемнен озған алаяқ, аузынан бал тамған шешен билерді де жерошақтай жер қазып, үңірейтіп бауырыңа көміп жатсаң да, бақайыңнан келмей, түк көрмегендей-aқ мыңқиып тұра бересің-ау! Шәк. ~ Жақында осы ауылға келген дуанаға бал аштырғанмын. Сол бәрін қолмен қойғандай айтып отыр: «Күйеуің екі некелі болады екен. Екінші әйелінен ай мен күндей бір ұл, бір қыз сүйеді екен» дейді. Қ.Жұм.