Пішіні мүйізге ұқсаған кесте, ою өрнегінің бір түрі. ~ Әсіресе үйдің әсем өрнекпен сырланған ағашы, кигіз есіктің сыртындағы бетіне тігілген ою-кестелері, алуан түрлі ай мүйіз андар келбетін елестетеді. С.Бег. ~ Үй іші қызыл-жасыл; іргеге тұтқан қолдан тоқыған өрнекті кілем, ай мүйіз оюлы киіз, сары жез әшекейлі кебеже-сандық үстінде қабат-қабат сарыала көрпе, көрпеше. Н.Сер.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЙ МҮЙІЗДІ АҚ СЕРКЕ
Елден ерек жаралған, жұртты артынан ерте білген көсемдік туралы. ~ Түрегелген топты ай мүйізді ақ серкедей боп бастаған Бас хатшы залдағы ду қол шапалақтағандардың ең алдындағы еңкіш тартса да бойымен көк тіреген Сатайға қарай тура тартты. Қ.Түм. ~ Пахраддин бүйтіп ойламаған жерден дәрменсіз күйге түспеуге керек еді. Қой бастаған ай мүйізді серкедей ел бастаған Пахраддин емес пе? Не болды? Неге сонша бұ тығырақтан шыға алмады? С.Ел.
АЙ ДЕСЕ АУЗЫ, КҮН ДЕСЕ КӨЗІ БАР
Теңдесі жоқ сұлулық туралы. ~ Мен үш жыл болды, Алтайға нағашыма барғамын. Қайтып келе жатып бір үйге қондым. Бай үй екен. Сол үйдің келіні «Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар» бір перизат екен, не керек. Ж.Айм. ~ Бүгін бір түс көрді. Түсінде енеден туғандай тыр жалаңаш, қардай аппақ еті бар, ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу мойнына оратылып, құшып жүр. Ә.Кек. ~ Өйткені қазақ шекпенінің етегі сияқты далиып жатқан кең де, сайқын да жерінің бәрін-ақ басқыншылар билеп-төстеп, алтын айдар ұлды кесік құлақ құл қылды, ай десе аузы, күн десе көзі бар қызды шүйке басты күң қылды. Б.Қыд.
АЙ МҮЙІЗДІ АРҚАР (-ДАЙ)
Түр-тұрпаты ерекше, маңғаз, марқасқа д.м. ~ О! Тірісінде оның жолына құрбандыққа мына қазіргідей шынжау, әлсіз, жабырқаулар емес, тірісінде оның жолында құрбандыққа кілең марқасқалар, кілең ай мүйізді арқарлар шалынды емес пе?! «Халық жаулары»! Ш.Мұр. ~ Шіркін, Маната деген биік бар дейді. Содан ар жағындағы үш түбек алақанға салғандай көрінетін сияқты. Ай мүйізді арқардай бір қияда маңқиып тұрып, сол түбектің жұпарын жұтар ма еді. Әттең, оған күн қайда? – Махамбет өзінің лапылдай жанып, армандап бара жатқанын сезіп қалды ма, кілт кідірді. М.Әбд.
АЙ ДИДАРЛЫ
Ақ жүзі толған айдай. ~ … манадан алыста отырып жүздерін көре алмаған еді… енді, міне, тура қасынан өтті… бірі-бірінен өткен жүздерінен әппақ сәуле шашқан ай дидарлы арулар екен. Қ.Мүб. ~ Сол жерде бұл, Санчо, Дульсинея оған бұл арадан кетуге, Тобосоға келуге әмір еткенін, қыздың өзі оны сонда күтіп отыратынын хабарлапты, бірақ анау сүйгенінің абырой-атағына лайық ерліктер жасамайынша оның ай дидарлы әлпетін көре алмайтынын мәлім етіпті. Серв.
АЙ МҮЙІЗДІ ҚОШҚАРДАЙ
Аса мықты, қуатты, айбарлы, көркем. ~ Сансызбай атты жас берен Тұлғасы бөлек бір алып, Ай мүйізді қошқардай, Әруағы тасып аспанға-ай. «Қыз Жібек». ~ Көзге түсер тұлпардай, Тұяғы бүтін сұңқардай, Құлыным, сенен айрылдым. Ай мүйізді қошқардай Тілеп алған жалғызым, Қозым, сенен айрылдым. «Қобыланды ~ Аға деп арқа сүйейтін Арқада жатыр Ағыбай. Әйтілеу болса қартайды Тұғырдан түскен жабыдай. Орта жүздің көркі едің Қоңыраулы бұйра нарындай, Ай мүйізді қошқардай, Қол жетпейтін асқардай. Б.Қаб.
АЙ ҚАБАҚ, АЛТЫН КІРПІК
Асқан сұлулық, кербездік сипаты ~ Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін «Кел» десең, неге аяйын аттың терін. Сары ағаш сазға біткен секілденіп Қай жерде отыр екен бұраң белім?.. Сегіз с. ~Танадай көзі жайнаған, Талпына қанат талмаған. Қуанышты қыздарым Беті қызыл алмадан. Алтын кірпік, ай қабақ, Жамалы жарқын айнадан. Жамб.
АЙ ОРНАТТЫ
Ғұрып бойынша, қабір басына темірден кесілген ай кескіні бар құлпытас қойды. ~ Төлеу әкесінің айтқан өсиетін бұлжытпай орындады. Бетіне кіршік келтірмей, дұрыстап қойды. Жетісін, қырқын, жылын берді. Зират басын қоршап, ай орнаттырды. Ә.Шәр. ~ Екі жағы үлкен-үлкен көк шатырлы, қызыл ұшырмалы, ағаш төбелі көп үйлер — бұл тірі қажылардың мекені. Осы үйлердің сырт жағында аулағырақта иқы-жиқы көрінген дөңгелек қорған, төрт құлақты, ай орнатқан зираттар — өлген қажылардың мекені. І.Жан.
АЗУЫН БАТЫРДЫ
Зорлық көрсетті, қолынан келген қастықты аямады.~ Сағынай асына шақырылмағанына өлердей күйініп жүрген болыс осы арада азуын аямай-ақ батырды … С.Жүн. ~ – Кәрі қасқыр саған азуын батырам демес, Ұлпан егер – десе, өзіме хабар айт, оның мұқалған тістерінің тұқылын қағуға шамам келеді. – деді. С.Мұқ.
АЗУЫН КӨРСЕТТІ
Қажыр-қайратын танытты, сұсын байқатты. ~Тым болмағанда ит жығыспен беріспей, әйтеуір азуын көрсетіп, бір ырылдасып қалар еді. Ж.Айм. ~ Қанша мүләйiм, қанша мүттәйiм болып отырды десең де, ол да өлiспей берiспесiн сездiрiп, азуын көрсетiп қалды. К.Сег. ~ Осы тұста: «мынау қайтеді- ей, баса көктеп қайда барады- ей!» дейтін қызғаныштың қызыл иті де әлгі тілеулестеріңнің ортасына қосыла кетіп, бірақ жымын білдірместен «бір орайы келгенде оңбай сүріндірермін» дейтін бақай есеппен азуын көрсетіп- ақ үлгереді. Қ.Жиен.
