Сазайын берді. ~ Жат жұрт талағанда да жарамызды жалап жазған Қаратай едік, ағайынның азуын қағуға да шамамыз жететін шығар. Қ.Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЗУЫН ШАЙНАДЫ
Өкініп, кіжініп қалды; күйінді, ызаланды. ~ Жүрегі аузына тығылып, қысылып қалды. Төбелесуге әлі жетпейді. Болыстың
жігітімен қалай төбелессін? Азуын шайнап қала берді. Ж.Айм.
АЗЫ МЕН ТОЗЫ
Ел ішінің ең кемі, бейшара, сорлысы, кедей-кепшігі. ~ Кенжекей өзін ақ жаулықты әйелдердің ішіндегі азы мен тозы деп ойлайтын. Алғаш рет ол өзінің сұлу тәнін көрді. Ә.Нұрп. ~ Ал ұтылсаң, ішер ас, киер киімге жарымайсың. Өз қатарыңның азы мен тозы боласың. Ә.Нұрп. ~ Балықшы ауыл атансақ та, құдайға шүкір, жұрттың азы мен тозы емеспіз. Ә.Нұрп. ~ — Шық! Жоғал, жексұрын! — Өзің жексұрын. Жер басқан жанның азы мен тозысың. Ертең қойныңдағы байыңды тартып алады. Сонда көрермін сенің әуселеңді… Ә.Нұрп.
АЗЫҚ ҚЫЛДЫ
1. Өнеге санады, рухани байлық ретінде пайдаланды. ~ Молдаш мұғалімің орысшадан таза еді. Медреседен шыққаннан бергі азық қылғаны — «Қазақ» газетінің жазған сыңаржақ үгіті болатын. Б.Май. ~ — Кімнің балалығы қайда қалмады дейсің!.. — Қайдан білейін, маған жұрттың бәрі бүгінгі тірлігіне баяғы балалығын азық қылатын сияқты. Қ.Ысқ.
2. Қорек етті.
~ Бақтығұл күнде бір үлкен аң атып әкелетін. Үй іші соны азық қылушы еді. М.Әу.
АЗЫП ТУҒАН
Тумысынан бұзылған, жатырынан кем туған. ~ Алаштың алдын қара тұман жапқан, Мынау орыс обыр ол еміп жатқан. Заман азған шағында адам азбақ, Көп ерлер жаумен бірге елін шапқан. Кешегі Абылайдан азып туған Уәли анау қарт қатынмен басы қатқан. Шормаңдай шолтаңдаған шолақ билер Орыстың шекпеніне елін сатқан. М.Жұм. ~ Келешектен ұялсаңдаршы! Күйіп кеттім ғой, шыдай алмадым ғой! Айтпайын десем де қоймадыңдар ғой, түге, азып туған мұндарлар! – деп тұра жөнелді. Ж.Айм.
АЗЫП-ТОЗЫП КЕТТІ
Аштық пен жоқшылықтан зардап шекті, жүдеп-жадап кетті. ~ Енді кісі қолына қарауға, бардың өзін өлшеп ішуге көшті. Бұрын Сақыпжамалдың баласы деп, ешкім шетке қақпайтын, енді ешкім де мұның көңліне қарамайтын болды. Айналасы екі-үш айдың ішінде жүдеп-жадап, азып-тозып кетті. М.Мағ. ~ Азан-қазан болған үшеуі бірі баласымен, бірі жарымен, бірі әкесімен табысып жатты. Жәния қартайып, азып-тозып кетіпті. Қара торы өңі қуқыл тартып, бота көздері шүңірейіп қатты жүдепті. Ү.Жәл.
АЙ АРАЛАТПАДЫ
Жиі-жиі, ай сайын. ~ Бұрын апта сайын той, ай аралатпай көкпар, бәйге өтетін. Қазір бәйге, көкпар жоқ. М.Мағ. ~ Ары қарай арам тер болған жоқ. Бар қолынан келер көмегi – ай аралатпай сонау Кiшi станицадағы Зылиха апаныкiне барып тұрады. Т.Сәу.
АЙ АРТЫНАН АЙ ТУДЫ (ӨТТІ)
Толассыз жылжып, өтіп жатқан уақыт туралы. ~ Санаулы күндер сырғып өтіп жатты. «Туған ай – тураған ет». Ай артынан ай туып, жылдар жылжи берді. Ү.Жәл. ~ Сонда алғаш рет шабыт орнына нағыз «творчество азабын» бастан кешкен. Поэма шатқаяқтап жүрер емес. Ай артынан ай өттi. Т.Сәу.
АЗУ ТІСІН КӨРСЕТТІ
Сұс байқатты, айбар танытты. ~ Махмұт кіммен қалай сөйлесуді білетін. Өзінен қызметі төменгі, бағынышты адамдарға, шайнап тастайтын азу тісін көрсете алатын, ал өзінен жоғары, өзі бағынышты, не өзінің тағдырына себі тиетін мықтылардың алдында шляпасын қолына алып, шұлғып тұруды да ұмытпайтын. І.Ес. ~ Бұл үйге кеп жүретін адамның бірде-біріне жылы ұшырамайды. Бөгде кісі маңайлайын десе, ырылдай қоя береді. Кейбіреулері ерленіп жабыса берсе, Қасқыр ернін ыржитып азу тісін көрсете бастайды. М.Әу.
АЙ АРТЫНАН АЙ, ЖЫЛ АРТЫНАН ЖЫЛ
Ай мен жылдар артта қалып, өмір өтіп жатыр. ~ Ай артынан ай, жыл артынан жыл өте берді. Яков есімі тілге ыңғайлы Жақыпқа айналып, біржола тұрақтады. М.Мағ. ~ Өстiп ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып, тамыры суалған кәрi емен еңкейiп шөгiп, саясындағы қос шыбық күнге бой созып биiктей берген. Т.Сәу.
