1. Қаралы үйге көмек ретінде, асқа деп, үлес-сыбаға беру.
~ – Оны аяған болып, əуре болғандай қояйық. Өлтірейік те жіберейік. Жапан түзде кім көріп тұр бізді? Сегіз мыңнан бөліп алсақ, ішімізді жарып бара ма? Елге барған соң, аттан жығылып өлді дерміз. Қайғырған болармыз, аза салармыз. Сонымен жұмыс бітер. Ж.Айм. ~ Бір тайыншам бар еді, оны қалқоз болмастан бұрын қатынның төркініне азаға салғам. Б.Май.
2. Көңілге қаяу салды. ~ – Біз қапа, бір хайуан қылды құмар. Қуалық әлі де болса бұл киікті, Қата боп бір жазымнан кеткен шығар. Көңілге осылай деп аза салған, “Алла деп” қуып берді өңшең бағлан. БС. «Әмірзада».
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЗА ТАРТТЫ
Жақын адамының қаза болуына қатты уайым жеді, күйіне қайғырды, көз жасын төкті. ~ Ой мен қыр, орман-тоғай неге шулар? Аң мен құс күйініп жүр, не үшін бұлар? Арқаның аяулы аты өлгенін Аспан, жер аза тартып тұрған шығар! І.Жан. ~ Ескі ғұн жұртының Еділ өлгенде, оған қалай аза тартқанын атақты рим жазушысы Иордан былай суреттейді: «Жұрттың (азаға) жиналған жері таудың басы еді. Еділдің сүйегін жібекке орап, жерге апарып орнатты…» Ә.Мар. ~ Сол күні Серіктің сүйегі колхоз орталығына әкелініп, ертеңіне жерленді. Сәбира ерекше аза тартты. Ешкімнен ұялмастан, күйеуі өлген қаралы әйелдей жылады. Еркектермен бірге зират басына барды. С.Мұр.
АЖАРЫН САЛДЫ
Беделін салып, көңілін білдіріп, базына қылды. ~ Сол арада тілінің ебін, бетінің ажарын салып, көлігі болдырған солдатқа мінер ат пен сояр малды, киер киімді өздерінің ықтияр еркімен үйір-үйір қып айдап алғызып еді. Ә.Нұрп.
АЗА ТҰТТЫ
Қайтыс болған адамды салт бойынша соңғы сапарға аттандырды; қайғырды, қасырет шекті. ~ Даланың адамға бауыр басқан еркін құсы жылайды, жоқтайды, аза тұтады. Сол сауысқандардан басқа кім іздемек біз бейбақты!?. М.Мағ. ~ Аспанға үш дүркін мылтық атып, отряд кешке дейін аза тұтты. С.Ел. ~ – Өлім бәpiмiзгe ортақ қой. Рақым батыр жау қолынан жазатайым қайтыс болды. Елі жылады, қайғырды, тұтуға тиістi азасын тұтты. Ж.Шәк.
АЖДАҺАДАЙ ТӨНДІ
Айбат шегіп, сұсын көрсетті. ~ Ол неме де талай құқайды көрген қу екен, бұлтылдап қашып, атты тіпті шаужайлатар емес. Ақтөс болса аузын арандай ашады, аждаһадай төнеді. Қоя қал енді.Тер бойымнан андыздап ақты, жан алқымға тақалды. Д.Дос.
АЗАБЫН ТАРТТЫ
Қатты қиналып, қасырет шекті. ~ Он жыл ауру азабын тартып жатқан Есеней кейде қатты күйініп кетуші еді. Ақыл-ойы орнында, сана-сезімін де кінарат жоқ. Тек өз денесін өзі билей алмайтын болып қалғанына қатты назаланатын. Ғ.Мүс. ~ Иә, аттай алты ай! Сол алты айда бұл қанша оқиғаны бастан кешті? Сұм дүниенің адам түгіл, атан түйе көтермейтін ауыр бейнеті мен азабын тартты? Мына жалғанда бұл ішпеген у мен дерт қалды ма? Ә.Нұрп.
АЗ АЙТ, КӨП АЙТ
Не десең де, қалай болғанда да. ~ Аз айт, көп айт, мына біздер Алтыатаның қырғыз әйелінен тараған бел баласы боламыз. Д.Дос. ~ Сонымен аз айт, көп айт, бұйдаға бас ілген ботадай болып келіншегімнің соңынан мөнтеңдеп ілесе беріппін. Д.Дос. ~ Аз айт, көп айт, осы оқиғадан кейін көпке дейін Мансұр ақсақалдың фәнилік серігі – балбал кейуана қайғыдан қаусап, сөгіліп, еш оңала алмайды. Д.Дос.
АЗАҒА САЛДЫ (ӘКЕЛДІ)
Өлген кісінің үйіне көңіл айта барып, арнайы мал атау немесе дүние апару салты. ~ Бұл рас та еді. Кейбір шаруаның ұқыбын білмейтін керенау кедейлер жаздай байлардан алған сауын сиыр мен қойды сойып жеп, көлікті азаға салып, борышына беріп жіберді. І.Жан. ~ Бір тайыншам бар еді, оны қалқоз болмастан бұрын қатынның төркініне азаға салғам. Биыл тізбене де солай деп жаздырып ем ғой. Б.Май. ~ Күніне үш жүз қой, елу жылқы сойылады. Әрине, малды азаға әкелетіндер көп. Жүз-жүз саба қымыз ішіледі. Осылайша той он шақты күнге, тіпті одан да көпке созылмақ. С.Жүн.
АЗ АТА
Саны аз, қорғаны жоқ, әлсіз ру. ~ …»Бір күн болмаса, бір күні ісім түсе ме?», — деп, жалтақ көз болып жүретін кедей-кепшік аз ата бұндай соғыстардың барлық ауыртпалығын өз мойындарымен атқарды. М.Әу. ~ Ел біреңкей, ал болыс пен орыс бірөңкей сықылданды. Орыс өкімдері ел ішіндегі жуандарды, байды қолдады. Кім малды болса, әкімге жақын болса, сол өзге көпке өкім қылды. Аз атаның баласы жуанның жұлығына жамауға қойынды болды. І.Жан. ~ Тамыз айының басында, шөп науқанының қайнаған кезінде Ақсуатқа Нияздың Нұрбегі келді. Нұрбек қойбағардың аз атасының біріне жататын. Т.Әб. ~ Қыстаубайдың кекетіп отырған Жәркесі – көкесінің руы. Көп өспеген, аз ата. Шетінен кесек бітімді. Апыл-ғұпыл бірдеңені бүлдіріп тастап, артынан өкініп бармақ шайнап жататын албырт та аңғал. Т.Әу.
АЗАЛЫ БОЛДЫ
Қасырет шегіп, қайғырлы, жоқтады, аза тұтты. ~ Бейсембі. Есендікті өзіңе қаратып алған соң да азалы болып жүрдің бе? Қайша. Қаратқанмен, не керек, Бәтимәні маған жығып берді ме ол? М.Әу.
