Менсінбеді, басынды, қорлады, ар-намысын аяққа басты. — Әй, мынау қайтеді? Жібер қолымды! — деді түбіт мұрт, бүркіттің қанды шеңгеліндей тым қатты қарулы алақандардан босана алмай. — Жібермеймін. — Құлтай өзін адам құрлы көрмеген мына бұзақысымақтың бейбастақтығына күйіп кеткен- ді. С.Ас. ~ Гүлбаданның жаны түршікті. Көзі жасаурап шыға келді. — Мама, рас айта ма? Сен неге үндемейсің? Адамды адам құрлы көрмей, ылғи осылай басып- жаншып өте бере ме? С.См. ~ Әйелінің үндемегені, мұны кісі құрлы көрмегені намысын қоздырды ма, қалай, Арасанбай екі қолымен бетін басып еңкілдеп жылай бастады … Ә.Тар.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАМ ҚЫЛДЫ (ЕТТІ)
Бағып-қағып, тәлім-тәрбие берді, ел қатарына қосты.
~ Марқұм сендерді адам қыламын деп аз сүйрелеген жоқ. Енді міне топырағы суып үлгірмей … Ж.Шәк. ~ … әпкесі Ақшагүл екеуін аналары Бегім-Бике «аузына тістеп жүріп» адам қылыпты, ел қатарына қосыпты. Ә.Тар. ~ Оқытып адам қылам деп жүргенде, торы аттың басын тоқтыға айырбастамасам неғылсын. Т.Ахт. ~ – Е, неге болмасын?.. Бәрі де ержеткен. Бәрін де адам еткенбіз. Әйтеуір, жерде қалған бірі жоқ. Д.Әш.
АДАМ НҰСҚАСЫ КЕТТІ
Адамшылықтан мүлде кетті, хайуанға айналды. ~ Түрлері жаман. Қандары қашқан. Бәрі ентелеп, иін тіресіп гу-гу етеді. Бәрініңде есі кеткен. «Өлген деген осы»… Түртіп қалса шырт етіп тұтанып кетейін деп тұр. Біреуі бастаса, өзгесі жүндей түтіп әкетпек. Мұжықтардан адам нұсқасы кетіп қалды… С.Сей.
АДАМ ӨТПЕС, АҢ ЖҮРМЕС
Адам баласы түгіл, аң атаулы да жүрмейтін, ит байласа тұрмайтын жер; құлан түз, қу мекиен дала. ~ Сонан соң ол боз тайлақтың үстіне мінеді де, адам өтпес, аң жүрмес қалың тоғайдың ар жағы на өтіп кетеді, мұз дарияға жетеді. ҚЕ. ~ – Қой, қой-ақ қой, шырақ! Жынымды келтірме! Адам өтпес, аң жүрмес жерде кездескенімізді ескер! С.Смат. ~ Қой, қой-ақ қой, шырақ! Жынымды келтірме! Адам өтпес, аң жүрмес жерде кездескенімізді ескер! С.См.
АДАМ БІТКЕН
Жалпы адам атаулы, жұрттың бәрі, бүкіл адам баласы.
~ Түске жақын бір кішірек қалаға келдік. Тəкияның қорасына кіріп, аттарды көлеңкеге байлап, адам біткен тəкияның алдындағы шалғынға барып тыраңдадық. Ж.Айм. ~ Адам біткеннің тағдыры көптің тағдырымен біте қайнасқан… И.Бун.
АДАМ САНАТЫНА ҚОСЫЛДЫ
Өркені өсіп, ел қатарына енді, көпшілік жұртпен теңесіп, адам болды.~ Көзін ашып, адам санатына қосылам деп ұмтылғанда, Малжан секілді байлардың тегеурінін көріп, мазағына қарсы тұрып, ашынып өсіпті. С.Жүн. ~ Он сегізге жаңа келген балғын жастың мұң-зарына мейірімсіз әке құлақ аспайды. «Оқу оқып, адам санатына қосылайын, бақытқа жетейін» десе, «жын-шайтанға еріп, бұзылып кетесің» — деп қия бастырмайды. С.Ом. ~ Үлкен Нарындағы ательеге тіктіріп ушеуі де су жаңа кәстөм киіп қайтысты… Осы күннен бастап мен де өзімді адам санатына қосылғандай сезіндім. Қ.Ыс.
АДАМ ЕМЕС
Біреудің жөнсіз ісіне, адамгершілікке жатпайтын қылығына қапа болу ретінде айтылады. ~ «Сапар да сол. Екеуі мені өзгелерден ерекше көреді. Қазір бармасам ғой өкпелейді. Адам емессің, дейді…» М.Сүн. ~ − Адам емес мынау… адам емес! — деген Байдалы шал әңгімесін түңіле аяқтап. С.Мұр.
АДАМ САУДЫ
Біреудің арқасында күн көрді, қайыр тіледі. ~ Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды. Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды. Абай.
АДАМ КЕЙПІНДЕГІ АЙУАН (АҢ)
Адами қасиеттерден жұрдай болған, ардан безген азғын, қаскүнем. ~ Қан арқалағым келмеді. Адам кейпіндегі айуандарды қорқытып ойнауға зауқым тағы жоқ. Қорқытпай және болмады. М.Мағ. ~ Адам кейпіндегі айуан болмаса Әулиеге оқ ата ма? Мұндай жауыздықты адам да, құдай да кешірмейді. Б.Тоғ. ~ — Кет, иттің баласы. Адам ба деп жүрсем, адам кейпіндегі аң екенсің ғой. К.Қаз.
АДАМ СИРАҚ
Адам кейіпті, екі аяқты хайуан, малғұн д.м. қорлау, балағат ретінде қолданылатын тіркес. ~ Көзіме көрінбе, дүниеқор, адам сирақ! М.Әу.
