Өркені өсіп, ел қатарына енді, көпшілік жұртпен теңесіп, адам болды.~ Көзін ашып, адам санатына қосылам деп ұмтылғанда, Малжан секілді байлардың тегеурінін көріп, мазағына қарсы тұрып, ашынып өсіпті. С.Жүн. ~ Он сегізге жаңа келген балғын жастың мұң-зарына мейірімсіз әке құлақ аспайды. «Оқу оқып, адам санатына қосылайын, бақытқа жетейін» десе, «жын-шайтанға еріп, бұзылып кетесің» — деп қия бастырмайды. С.Ом. ~ Үлкен Нарындағы ательеге тіктіріп ушеуі де су жаңа кәстөм киіп қайтысты… Осы күннен бастап мен де өзімді адам санатына қосылғандай сезіндім. Қ.Ыс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАМ ЕМЕС
Біреудің жөнсіз ісіне, адамгершілікке жатпайтын қылығына қапа болу ретінде айтылады. ~ «Сапар да сол. Екеуі мені өзгелерден ерекше көреді. Қазір бармасам ғой өкпелейді. Адам емессің, дейді…» М.Сүн. ~ − Адам емес мынау… адам емес! — деген Байдалы шал әңгімесін түңіле аяқтап. С.Мұр.
АДАМ САУДЫ
Біреудің арқасында күн көрді, қайыр тіледі. ~ Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды. Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды. Абай.
АДАМ КЕЙПІНДЕГІ АЙУАН (АҢ)
Адами қасиеттерден жұрдай болған, ардан безген азғын, қаскүнем. ~ Қан арқалағым келмеді. Адам кейпіндегі айуандарды қорқытып ойнауға зауқым тағы жоқ. Қорқытпай және болмады. М.Мағ. ~ Адам кейпіндегі айуан болмаса Әулиеге оқ ата ма? Мұндай жауыздықты адам да, құдай да кешірмейді. Б.Тоғ. ~ — Кет, иттің баласы. Адам ба деп жүрсем, адам кейпіндегі аң екенсің ғой. К.Қаз.
АДАМ СИРАҚ
Адам кейіпті, екі аяқты хайуан, малғұн д.м. қорлау, балағат ретінде қолданылатын тіркес. ~ Көзіме көрінбе, дүниеқор, адам сирақ! М.Әу.
АДАМ АЙТҚЫСЫЗ
1.Керемет, ғажап, суреттеуге сөз жетпейтін. ~ Қарсы жағы Бошманды ала алмайтындарына көздері жетіп, енді әрі қарай жүрмек боп тұрғандарында кенет адам айтқысыз қатты жел тұрып, аралдың бір жағындағы суды қуып, біраз жерін қарайтып тастады. І.Ес. ~ Содан соңғы Имашпен істес болғаны осы жолы. Имаш Боқбасарға бұл жолы адам айтқысыз ұнады. Б.Май. ~ — Мен адам айтқысыз бір күшті кісі көрдім, — деді. І.Жанс.
2.Тым өрескел, жағымсыз д.м. ~ – Өздері ата-бабадан түсіп, адам айтқысыз тілмен боқтап-боқтап алады да, оған қарсы әділдік айтқан адамдарды сабайды, бұл қайдан келген жуандық?! Қ.Шаб.
АДАМ АЛАСЫ ІШІНДЕ
Адамның не ойлап, не қойғанын біліп болмайсың. ~ «Қайткен күнде де дабыра көтеріп, шу шығарып жату қажет болмас»,— деп түйді Сәрсенбай,— бірақ бақылауға алып, тексеріп те қойған жөн. Кім біледі, адамның аласы ішінде дейді атам қазақ. Ендеше… Ә.Тар. ~ Қайдан білейін, адам аласы ішінде ғой, түріне қарасам, иманмен қаптап қойғандай,— деді. Ә.Нұрп.
АДАМ АТА (АДАМ АТА, ХАУА АНА)
Діни ұғым бойынша жер бетінде алғаш пайда болған ер адам мен әйел. ~ Адам Атаның орашолақ тілмен лаждап жеткізген ілтифатына ырза боп кеткенде, тым құрыса, қазіргідей бомба жарып, темір тұяқ танкілер тапап жатса да мыңқ етпейтін құдайдың қара жері де емес, көк мұзға шалқалап жата кеткені тегін бе еді? Ә.Нұрп. ~ «Опасыз жалған дүние, кімдерден кейін қалмаған» деп әлсін-әлсін кайталап, сонау Адам атадан басталған адам ұрпағының небір асылдары, әлемді тітіреткен Сүлеймендей патшалары, Ескендірдей ерлері байыз таба алмаған бұл жалғаннан, ешкім де опа таппаған деп айтады. С.Ел. ~ Сөз адамның пайда болуынан басталып, біз білетін “Адам ата, Хауа ана” жайына қалды да, маймыл тұқымдас бір жануардан таралғанымыз жөнінде дәлелдер дамып, көбейіп отырды. Қ.Шаб.
АДАМ АУЛАДЫ
Біреуден пайда іздеу, алдап-арбау туралы. ~ Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымды пайдасыз ұзақ бахастар бірлән күнін өткізіп, мағишат дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, ешбір харекетке лайықты жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тасирсіз болады. Абай. ~ Өз ойында Тұл бойында Еш міні жоқ бендесіп, Түзде мырзаң, Үйде сырдаң, Сөзі қылжаң еркесіп. Бас құрасып, Мал сұрасып, Бермегенмен кетісер. Адам аулап, Сыпыра саулап, Байды жаулап жетісер. Абай.
АДАМ БАҚҚЫСЫЗ (МОЛ)
Есебі жоқ көп. ~ Мына Есілдің төменгі жағындағы қолтықта балық адам баққысыз мол. Ежелден солай. Сол араның қалың балдыры ма, әлде тұйықтау бұрылыс болған соң ба, әйтеуір сол тұста қысы-жазы алабұға мен мәукіл жыпырлап жатады. Сол жерді казак-орыстар қазына тарапынан жылда бір рет күзге қарай бекітіп тастайды. С.Жүн.
