АҒЫНЫ ТЕРІС

Ниеті, бағыт-бағдары, өмірлік ұстанымы бөлек деген мағынада. ~ Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ болмағандарының ағыны теріс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын ойбай»… С.Тор.

АҒЫП ТҰРҒАН СӨЗ

Жалаң (өтірік) сөзге құмар, сылдыр-суайт адам туралы.
~ Жылтырдың білмейтін хабары, естімейтін өсегі жоқ, ағып тұрған сөз екен, аузы аузына жұқпайды. Ж.Айм. ~ Ноғайдың бір-екі оқыған шолақ саудагерсымақтары өзгеден гөрі «көсемдік» қылады екен: Сейіт Латыпов, Шәріп Ялымов, — бұлар ағып тұрған сөз. Өздері батыл, өздері екпінді, өздері «күллі мұсылман атынан» сөйлейді екен. С.Сей.

АҒЫП ТҰРҒАН ШЕШЕН (АҚЫН)

Сөзге шеберлік, ерекше ділмарлық. ~ Мұстафа деген жігітіңіз ағып тұрған шешен екен, партияның ішкі–сыртқы саясаты, халықаралық жағдай, облыс көлеміндегі өзгерістерді …баяндаған кезде, ел аузын ашып отырып қалды. Т.Әбд. ~ Төкең төмен қарап қағаз оқып отырғанда қалың қабақтау, суық түстілеу көрінеді. Ал сөйлеп кетсе… Бұл кісі ағып тұрған шешен емес. Әңгімені әріден бастап та жатпайды. Б.Тоғ. ~ Ардагерім ағып тұрған ақын ғой, Жалғыз аяқ өлең жазды ұйқасы жоқ жақында ол. Ғ.Қаб. ~ Өлеңді айтып болды да, қошемет күткендей көзі мөлдіреп тыңдаушыларына қарай қалды Елемес. − Әп, бәрекелді! − Ой, пәлі-ай, мына жетім не дейді! − Ағып тұрған ақын ғой өзі! С.Ом.

АДА БОЛДЫ

Таусылды, түгесілді, бітті; арылды, бүтіндей айрылды. ~ Ұлттықтан, қазақи салттан, ар ұяттан ада болдық. М.Мақ. ~ Ауылда адам бар болса — ауыл ада болмайды, Ел иесі бар болса — елі ала болмайды. М-Мәт. ~ Шиі қияқтан тоқыған, Ауыл ада болыпты. Намаз бенен сопыдан. І.Жан. ~ Қарны ақтарылған күйі ыңырси боздап, әлі жан үзе алмай азаптанған ақсары бура бағанағы айбын, бағанағы қаһардан ада болған. М.Алм.

АДАЛ АҚЫ

Жұмсалған еңбегіне сай әділ төленген ақы. ~ Қолына түгел тисе әжептәуір ақша. Бірақ қолына түгел тие бермейді. Қауымды даттап обалы не керек. Көбі – ақ адал ақысын тап – тұйнақтай таза береді. Ш.Мұр.~ Оған дәлел ретінде Желдібай шалдың байда кеткен адал ақысын заң орнынан тоқтаусыз алып бергенін атап өтті. С.Ом.

АҒАШ АДАМ

Көңілі ештеңеге елең етпейтін, сезімсіз адам туралы. ~ Ақжелке сияқты өзінен бір елі төменге құдайсып, өзінен бір саты жоғарыға «алдияр, тақсыр» деп бас иіп жорғақтап, пендесіп тұратын нәрсіз, ой-санасыз, ағаш адамға бүгінгі Ұзақ ісі естіп, біліп, көрмеген сұмдық сияқтанған. М.Әу. ~ Жазушы атаулыдан айналмаспысың осындайда; Еркені бір сәтке болса да еліктеген қалпынан суырып алды– ау. Әлгінде ғана ағаш адам сияқты еді, енді міне көзінде ұшқын ойнайды. М.Сүн. ~ Тентек Бестай қатып қалған ағаш адам сияқты, ат үстінде үн-түнсіз қопшиып отыр. З.Нұр. ~ Мағжан баяғы ағаш адам қалыбынан танбай «үміттендім, салыстырдым» деп жауап берді. М.Жұм.

АҒЫ АҚ, ҚЫЗЫЛЫ ҚЫЗЫЛ

Ажары ашық, жүзі шырайлы; бояуы қанық; жалған боямасы жоқ. ~ Әйгерiмнiң ағы ақ, қызылы қызыл боп, өзгеше құлпырғандай. Бұрынғы бiр Абаймен ыстық шағындағы, сауық-сайран салған, шексiз ән сызылтқан күндерiндей көрiктi екен. М.Әу. ~ Гүлқаныс бәйбіше ағы ақ, қызылы қызыл, — ажары еніп, түріне кіріп, ақ мамықтай үлпілдеп, жас тайлақтай елпілдеп: «Ақ мамық бота форым!» — деп, ауызға ілініп, қозы бұғы, қой саныға өзі бала берерлік әулие болыпты. М-Ж.Көпей. ~ Оу, әпке, жездемiз шауып жүр. Ағы ақ, қызылы қызыл дегендей, қалмақ уаңының оң қолы болып алыпты, – деп, Нұрәлi би үрей билеген әпкелерiн бiр тыныштандырып алып, әңгiмесiн әзiлге қарай бұрған. К.Сег.

АҒАШ АТ

Ауыр тұрмыстан жауыр болып, құр сүлдері қалған адам туралы. ~ Үй тірлігінің көрбай-жорбайын жалғыз дерлік сүйреп, әйелі байғұстың құр сүлдері қалды. Дәл бір ағаш ат. Оқта-текте оқыранып ойнағысы келсе, жылы-жұмсақ іздеген қолы адырайған қабырға, шодырайған шонданайға тиіп, сол сәтінде теріс аунап кетеді. Н.Дәу.

АҒЫ АҚ, ҚЫЗЫЛЫ ҚЫЗЫЛ ҚАЛПЫНДА

Түсі бұзылмаған, сәні кетпеген. ~ Қашып жүрсе де ағы ақ, қызылы қызыл қалпында түйе жүн шекпен, түлкі тымақ киген Тойбайды колхоз кеңсесіне алып кірген. Б.Қыд.

АҒАШ АТҚА МІНГІЗДІ

1. Біреуді келеке қылып, мазақ етті, табалады, мұқатты.
~ «Е, Әлиманның көрпе-жастық дүниесіне қызыққаны да…». Ағатайымды ағаш атқа мінгізген осы тәрізді шақпа әңгімелер Қостөбеде ысқаяқ желдей есе бастайды. Б.Соқ. ~ Жарылған тиіп кетсе қағанақтай, Жаратқан бүйтіп шетін жаны құрсын! Мінгізген қылдан тайсаң ағаш атқа, Өзімшіл еркектердің заңы құрсын! Ж.Айм. ~ Газетке берген бір сұхбатымда осы төңіректе сөз қозғап едім, әлдебір желбуаздар: Қалихан Оралханды сынап жатыр деп мені ағаш атқа мінгізбек болыпты. Ауызы өзінікі жұртқа айтарым жоқ. Тек қазақ әдебиетіндегі Оралханның орнын ешкім жоққа шығара алмайды… Қ.Ысқ.
2. Жалған айып тағып, қуғынға ұшыратты. ~ Батыр-батыр-ау, бірақ, болыс, мені осы жолға жұмсамасаң қайтеді? Осы кез ұры еместі ұры ғып құтыртып талай саққа, ағаш атқа мінгізіп жатқан пәлелі кез ғой. М.Әу. ~ Есімбекке енші беріп бөлек шығардым. Нансаң, қазір онымен де, Бәйтен