Posted in

ӨЛМЕС ТІРЛІК (ТІРШІЛІК)

Күнін әзер көріп, аштан өлмеудің қамымен өтіп жатқан ғұмыр. * Расында да колхозшылардың әл-тұрмысы анау айтқандай емес-ті. Шайтан шырақтай қылп-қылп етіп отырған әйтеуір бір өлмес тірлік. Қанды соғыстың ауыртпалығы алыстағы момын ауылдың да жүрегін сыздатты. Т.Берд. ~ Діңке құрып, өлдім-талдым дегенде әлдебір аралға ілініпті. Иен арал. Енді өлмес тіршілік қамы басталады. Не қару жоқ, не тамақ жоқ. М.Мағ.

Posted in

ӨЛМЕГЕНГЕ ӨЛІ БАЛЫҚ КЕЗДЕСЕДІ

Қандай қиын жағдайда да үміт үзбе д.м. ~ — Ей, жазған, Күлше- ай, аруақтың басын ауыртып қайтесің. Тұр! Өлмегенге өлі балық жолығып, машина келіп қалды. Ш.Мұрт. ~ Өлмегенге өлі балық кездесіп бір жөні болмаса, әй, қайдам… Бір айдан бері неғып түк хабар жоқ… Т.Әб. ~ — «Өлмегенге өлі балық» деген, сені Құдай бізді өлтірмейін деп жіберген шығар. Д.Әш.

Posted in

ӨЛМЕГЕНГЕ ҚАРА ЖЕР

Құр сүлдесін көтеріп жүрген адамға қатысты. ~ Омар қайтсін, амалы бар ма? Іші түтін, сырты бүтін, өлмегенге қара жер, құр сүлдері ғана өрт сөндірген кісідей болып жүріп, тойын қылып, құдасын түсіріп жөнелтті. С.Тор. ~ Қайтсін, амалы бар ма, «Өлмегенге қара жер» солбырайып атына әзер мініп: — Әй, бәлем-ай, сені ме? — деп, тістене-тістене Нұрым қайтты. С.Тор.

Posted in

ӨЛІСПЕЙ БЕРІСПЕЙДІ

Тірі тұрғанда күресін, қарсылығын тоқтатпас д.м.  * Халтурщиктер де тірі жан. Тамыры тереңге кеткен, айлакер, аяр, шалымды, өліспей беріспейді. Д.Досж. * “Ел, ел” дегенде, елдің ішінде де аласы болмай ма? Тіпті анау ханмен де біз бір ел емеспіз бе? Міне, жүрміз ғой, өліспей беріспейміз деп. М.Әбдіх. * Өліспей-беріспейтін қан майданға шыққан екеу аттарынан түсе бір-бірін құшақтасып жатқанын көрген әр екі жақтың бағанадан бергі айғайы өшіп таңырқай қарасып қалыпты. Б.Жұм.

Posted in

ӨЛІП, ҚАЙТА ТІРІЛСЕ ДЕ

Не жағдайда да. * Бірақ, анау көзілдірігі жылтырап, қасы қиылып отырған бұйра шаш, аппақ сазандай Еркін менің ұлым-ау деген ой өліп, қайта тірілсе де қаперіне кірмес еді… О.Бөк.

Posted in

ӨЛІП ТҮСЕДІ

Әлдебір бірдеңеге тым құмартады, сол үшін жанын беруге бар. ~ Көкпаршылығы әлемет біздің кісінің. Екеуі тақым тартысып та көрген», — дегенде, кәдімгідей-ақ марқайдым. Дәл рас. Әкем көкпар десе өліп түседі.Ө.Кәр. ~ Ел ішінің еркесін күндегі көпшіліктен өзгеше күйде көруге ынтық «оқығандар» кейде Жәмештің осы қылықтарына әсіресе құмарланып, өліп түсетін. М.Әу. ~  Мықтылар да қарап жүрмейді. Түйенің жарты етіндей болған «мына қас- қаң» қиық қас десе өліп түседі. Ө.Кәр. ~ Алмай кетсін бе, нәрсе- қараға пысқырып та карамаған. Тек ақша. Әйтпесе тамағынан өтетін бірдеңе. Жартылыққа өліп түседі. Былай шығы- сымен сыңғытады. Ө.Кәр.

Posted in

ӨЛІП-ТАЛЫП СҮЙДІ

Риясыз көңілмен, жан-тәнімен, үздіге сүйді. ~ Сезермісің: қанша күн жолықпадық! Жынданамын кейде оны көріп қалып. Соны тастап, дәл қазір келсең маған, баяғыша сүйер ем өліп-талып. Ф.Оң. ~ Олар нұрға орайды анық бар маңды, Солар ғана оятады ұйқыдан Тіршілікте мүлгіп жүрген жандарды. Солар болмақ ұзақ әннің тиегі, Олар сүйсе өліп-талып сүйеді, Сондықтан бүл бақытсыздар өлгенде Анық орын тек тамұқтан тиері. Ф.Оң.

Posted in

ӨЛІМШІ ҚЫЛДЫ

Ұрып-соқты, өлтірердей сабады; қинады, зорықтырды. ~ Баяғыда ауылыңдағы қазақтар мені «ұнымызды кем бересің» − деп сабап, өлімші қылғанда, сенің әкең ажыратып алып, үйіме атқа өңгеріп жеткізіп салған. Н.Дәу. ~ — Өлмесе де басқаларды өлімші қылатын шығар, — деп музыкадан сабақ беретін келіні баянын арқалап мектепке кетті.  Қ.Түм.

ӨЛІМШІ ҚЫП ҰРДЫ (САБАДЫ)

Аямай ұрып-соқты, жанын көзіне көрсетіп, көкала қойдай қылды. ~ Жалғыз атымды алып қойды. Ауылымды шапты. Әйелімді өлімші қып ұрып кетті. Жеңгелерімді, қарындастарымды басты. Ж.Айм. ~ «Бар тапқан ақшасын алаяқтар алдап кетіп, тақыр жерге отырып қалыпты. Өзін тонаушылар тонап, өлімші қып ұрып кетіпті…» деген үрейлі хабар да ұзын құлақтан жеткен.  Т.Рыск. ~ Алдында Нұрдәулеттен таяқ жеген нөкерлер енді аяқ-қолы байланған оны өлімші етіп сабап тастады. С.Досан.

Posted in

ӨЛІМШІ КҮЙ

Күш-қуатынан айрылып, өлейін деп тұрған адамның кейпі.  ~ Әне- міне дегенше шеріктердің бәрі өлімші күйге түсіп, естерінен танып қалды. Қ.Жұм. ~ Қазақ, өзбек, қырғыз, татар жігіттерінен «Түркістан легионын» құрып, большевизмге қарсы соғысамын деп, немістерді сендірген. Бәріне киім бергізіп, тамақтарын тойғызған. Өлімші күйге жеткен тұтқындар аз күнде құр аттай ойнақтап шыға келген. Қ.Жұм.

Posted in

ӨЛІМШІ БОЛДЫ

Өлуге жақын қалды. ~ Екінші дүниежүзілік соғыстан өлімші болып, әрең шыққан Жапония астық, мал, пайдалы қазбадан ада болса да, қазір әлем алдына шығып отыр. М.Қаб. ~ Зияқан Омардың камерасына кіргендегі секілді таяқ жеп, азап тартып, өлімші болған бейшара бейнесіне еніп, Шәріпқанның табалдырығынан да сенделіп аттады. Ж.Сәм. ~ Әй, тез қайтып қапсың ғой шал-ау. Күн салқындағанда шықсаң қайтетін еді, ана бала ыстықтан өлімші болды ғой. Д.Ис.

ӨЛІМШІ БОЛЫП ТАЯҚ ЖЕДІ

Аяусыз соққыға жығылды. ~ Байға тиген соң да, бала туған соң, да сол ән құмарлығын қоймай, күйеуінен талай- талай өлімші болып таяқ жеген. Ә.Тар. ~ «Жаңа жол» ауылын «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған Ждақайға Едіге ол жылдары қыз-келіншектерге хат таситын почтальон болған. Сол қызметін жөнді атқармағаны үшін емес пе, Ждақайдан өлімші болып таяқ жегені. С.Ел.