Posted in

ӨЗІ ТОЙСА ДА КӨЗІ ТОЙМАЙДЫ

Тойымсыздық, қомағайлық хақында. ~ Пәленше шақырым маңайдың бәрі жайқалған егін… Сонда да бұларға аз көрінеді… Өзі тойса да, көзі тоймайтын өңшең қомағай.  М.Жұм. ~ Өзі тойса да, көзі тоймайтын ашқарақ адамның әдетімен, ең жоқ дегенде енді бір сұрақ қойып қалайын деп ынтықтым. Ә.Нұрш.

Posted in

ӨЗІ ТЕҢДЕС

Жасы не дәрежесі өзімен қатарлас; құрбы-құрдас. ~ Өзі теңдес баладан таяқ жемейтін Жайнаққа, үлкендерден біреу-міреу тіл, я қол қатайын десе, Ақпан қызғыштай қорғалаштап маңайлатпайтын. С.Мұқ. * Оспанның кейінгі үш жылда бүкіл болмысымен өзгеріп, қаладағы өзі теңдес сауатты жастар деңгейіне жетіп қалған себептерін Қанипа осы арада тағы да зейін-зерде айнасынан өткізді.  С.Омар. ~ Бірақ сонша байлықтың қызығын өз басы ғана көріп келеді. Өзі теңдес адам болмаса үйіне түсіріп, саумал ауыз тигізген жан емес. З. Ақыш. ~ Өзі теңдес жігіттердің бәрі әлдеқашан үйленген, ал үйленбегендері тіс қаққан қу немесе аяғын есеппен басатын пысықтар. Д.Ис.

Posted in

ӨЗІ ҚОЖА, ӨЗІ БИ (ӨЗІ БИ, ӨЗІ ҚОЖА)

Ешкімге бағынышты емес, не істесе де өзі біледі. * Қорықпайтын адамда кеңесіп іс істеу деген болмайды ғой. Өзі қожа, өзі би. Т.Әбд. * Шайқап май іше ме, қайнатып шай іше ме, жоқ, мына аңқаны кептірген аптапта пырылдап тұрып ұйқы соға ма, қысқасы, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, өзі би, өзі байбатша. М.Қаб. ~ Енді, амандық болса — өзіне өзі қожа, өзіне өзі би, тыныштықта — ой бір — жырғамақ рақатқа белшесінен батпақ.  Ә.Тар. * Ешкім де мұны сыртқа теппейтін-ді. Осы автобуста өзі би, өзі қожа еді. Ол Сергей барда бақытты еді ғой, бақытты еді!.. Ә.Әбілқ.

Posted in

ӨЗІ БОЛМАСА ДА КӨЗІ

Әлдебіреудің мұрагері; орнына жүретін адам. * Арада ай өтпей тағы бір жандайшап — жыртқыштың өзі болмаса да көзі, адал қызметіне орай байланған наградасын алуға астанаға келген, провинциялык губернатордың адъютанты. М.Мағ. ~ Кеткеннің орны толмайды, енді… асықпаңыздар. Мені Айсынның өзі болмаса да, көзіндей көріңіздер… Өткендегім — қарыздың қалдығы еді. Міне, балаларыңыздың әуелгі айлығы, — деп, тағы да әжептәуір ақша тастады. М.Мағ. ~ Жетпіс жыл бойы темір құрсауда іштен тынып, булығып жүрген ел енді міне, өзінің абзал ұлдарына іздеу салып, санатқа қосып, қайта тірілтіп жатыр. Олардың өзі болмаса да көзіндей үрім-бұтақ, зәу-заты баршылық сияқты. С.Ақт.

Posted in

ӨЗІ БОЛҒАН ЖІГІТ

Өзі көтерілген, бәрін өзі қол жеткізген.  ~ Бәйбішесі сыбанның Жарасқұл деген атадан, Өзі болған жігіттен Сұрама кім деп ата — анаң. Ел тілегін тілеген Ер азбайды батадан. Дулат Баб. ~ Өзі болған жігіттің ата-тегін сұрама деген нақыл дұрыс болар. Біжікенге ұнамай жүрмесе, енді мен айналақтамауым керек. Ғ.Мүс. ~ Өзі болған қыз төркінін танымайды. М.-М.

Posted in

ӨЗЕНДЕЙ ТАСЫДЫ

Шалқып-төгілді., кемерінен асты. * Әсіресе алақұйындатып отырған соқыр еді. Ол қанасына сыймаған өзендей тасыды, қапыл атпен өмір өткізген адам емес, бар ғұмырын хан сарайында кешкен адамдай бөсіп-бөсіп кетті. Б.Қыд. * Екі  шекемді  қан теуіп,  өне  бойымда өзендей тасыған әлдебір отты толқындар лықсып, кемерінен аса кернеп бара жатқан іспеттенді. Ә.Нұрп.

Posted in

ӨЗЕНДЕЙ АҚТЫ

Молынан төгілді. ~ Тау жырадан ащы айқай, Шықты, бақсаң үніне. Сол кезде іннен қан зулап, Өзендей ақты төгіле. Іннен қан мен су шықты, Бумен бірге шу шықты. Ж.Жаб. * Жұртқа аштық болғанмен, национал-фашист офицері, бірнеше шахта иесі граф жоқшылықты біле ме, тағам, арақ-шарап өзендей ақты. І.Ес.

Posted in

ӨЗЕКТІ ӨРТЕР ӨКІНІШ

Еске түскенде қапаландырып, қинайтын, өкіндіретін оқиғаға байланысты туындаған сезімтуралы. * Алайда бұл да ұзаққа бармайды, жаңағы қызылды-жасылды, шуақты-нұрлы суреттер әлдебір сағыныш сезімдерін оятып, оның соңы өзекті өртер өкінішке айналып шыға келеді. Өкініш! Д.Әш. * Бұл сөзден Әділдің аңғарғаны, Баянда өзекті өртеген өкініш бар екен. Ақсақалмен де әлдеқашан есеп айырысып болған секілді.  Қ.Жұм.

Posted in

ӨЗЕКТІ ӨРТЕЙДІ

Жүрек ауыртады, жаныңды қинайды. ~ Егер ұлы даланы байырғы жұртынан біржола тазарту үшін мұқият, арнайы жоспарланған осындай ғаламат апат болмаса, қазіргі Қазақстанның кесімді шегін лықа толтырып отырар едік, ұлысың – ұлағатты, ер-азаматың – еңселі болар еді, өзің де мүлде басқаша күн кешер едің деген ой… өзекті өртеп қана қоймайды, үмітсіздікке, түпсіз қайғыға жетелейді.  М.Мағ. ~ Жоғымызды түгендей алмай жүргенде барымызды құртуға еңбектеніп, «Сегіз сері мен Қожабергенді жоғалту кімдерге, неге керек болды екен?!» деген ащы запыран өзекті өртейді.  Ж.Шәк.

Posted in

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Маңызды, күн тәртібіндегі тақырып, көкейкесті мәселе.  ~  Осы тұрғыдан қазақ әдебиетінің классигі, ұлт рухының көшбасшысы М.Мағауиннің шығармашылық болмысын, әсемдік әлемін арнайы зерттеу — өзекті де қажетті мәселе.  Т.Жұрт. ~ Адам мен Қоғамның ара қатысынан туындайтын этнопсихологиялық, этнолингвистикалық, әлеуметтік,  т.б.  ортақ  көзқарастар  мен таным-тағылымдар сөзсіз сол этностық қауымның тіліне де, тілдің өзекті мәселесі термин  жасау проблемасына  да  өз  әсерін  тигізері  даусыз.  Ә.Қайд.