Posted in

ӨЗ ДӘРЕЖЕСІНДЕ

Тиісті деңгейде, шама-шарқы жеткенше, өзіне тән. * Абай өзіне шейінгі қазақ әдебиетіндегі болмаған сөз образы арқылы шын мәніндегі үлкен-үлкен философиялық пікір айту әдісін жоғары сатыға көтерді. Қазақ тілі, қазақтың сөзімен де қиюын тауып қалай білсе, мәдениетті елдердің тіліндегі философиялық ұғымды өз дәрежесінде айтуға болатындығының үлгісін көрсетті. Қ.Жұмал. ~ Қытай реформасының тереңдеуіне байланысты автономия саясаты өз дәрежесінде атқарылмай отыр. Ж.Шәк. ~ Стол басында қанша адам болса бәрінің де өз ойы, өз мақсаты, өз дәрежесінде ақылы мен қулықтары бар, бір-бірлеріне мүлде ұқсамайды. Д.Ис.

Posted in

ӨЗ ДЕНЕСІН ӨЗІ (ӨЗІН-ӨЗІ) БИЛЕЙ АЛМАДЫ

Шарасыздыққа душар болды, еркінен айрылды. * Ақыл-ойы орнында, сана-сезімін де кінарат жоқ. Тек өз денесін өзі билей алмайтын болып қалғанына қатты назаланатын.  Ғ.Мүс. * Әсіресе, өріске шапқанда қиын. Көсіліп жүгіргенде өз денесін өзі билей алмай, біресе оңға, біресе солға ауытқып жолдан шығып кете берді. Ә.Нұрп. * Қамардың дәл әзір осында келетінін ойлағанда, өзін-өзі билей алмай қалтырағандай болып, демі дірілдеп кетеді.  Ж.Ахм. * «Көзақы» – сұраншақ, тіленші саналады. Бір нәрсеге қызыққыш жандар өзін-өзі билей алмай, сұрап алғысы келеді. Сұрап алады да. Осындай адамның мінез-құлқын бейнелеу үшін «көргенінен көзақы алатын жан» дейді. Ж.Баб.

Posted in

ӨЗ ДЕГЕНІНЕН ҚАЙТПАДЫ

Айтқан сөзінен танбайтын табандылық хақында. ~ Тілеген бірбет, өз дегенінен қайтпайтын жігіт еді, сондықтан Сақыптың сөзін құлаққа аспай, көжесін ішіп, мұртын сүртті де, киініп шығып атын жегіп, үйіне келді. С.Мұқ. ~ Бар, Нұрбек! – деді ол өкпелегендей томсырайып.–Өз дегеніңнен қайтпайтын әдетің бар екенін білемін! Бірақ, көңіліңе ұнамай жатса, қиналмай, қайтып кел, мен сені күтемін… Ш.Айт. ~ «Күнім шайға қарап тұрса да әдіре қалсын» деп Салиха шешей өз дегенінен қайтпапты. С.Мұр.

Posted in

ӨЗ ДЕГЕНІНЕ ЖЕТТІ (КӨНДІРДІ)

Айтқанына қол жеткізді, сөзінен шықты. ~ Мұны бітірген соң, кадрлік емтиханға тіркеліп, кадрлік статус алуға әбден болады дегесін, әкесі үнсіз мақұлдады да, қыз өз дегеніне жеткеніне қуанды. Н.Абд. ~ Төраға ролін төраға ойнамады. Оның санаулы, есептеулі уақыты неге жетсін. Ақыры пошташы Қамбалай өз дегеніне жетті, он үшінші председательдің ролі соған тиді. К.Хам. ~ Мұның қияли дүние. Сен дарынды адамсың, бекер уақытыңды жойма»,— деген көрінеді. Ол алған бетінен қайтпапты. Міне, ақыры Николай Васильевич өз дегеніне жетті. М.Сүн. ~ Әйтеуір, ұшатын көбелек қанатындай құбылып тұрған бір дүние, тұрақтап қалар баянды ештеңе жоқ. Әйтпесе мұның жары Ақтан емес, осы Есімхан болатын–ақ реті бар еді. Олай болмады, өмір өз дегеніне көндіргені. Ө.Ахм.

Posted in

ӨЗ ДЕГЕНІН ІСТЕДІ (ІСТЕТТІ)

~ Бірақ Жақыптың қалай өлгені есіне түсіп, «алпыстан асып кеткенімде, менің бұным не?» деп өзіне – өзі іштей күлген. Тек өлім өз дегенін істеді. І.Ес. ~ «Ұлтарақ боп тірі жүрсе шұлғау да оралар сол аяққа; сонда ұлтарақты басар табан да табылар; екі табанды жылытар ұлтарақ боп тірі жүрсе онан арғының керегі не?» деп, өлімнен аузы күйген Науша адуындыққа салып, өз дегенін істеген. Қ.Түм. ~ Мен де баламен бірге тұла бойы балқып отыратын ана бақытын сезінбедім. Бірақ өз дегенін істететін уақыт деген құдырет бар екен. К.Өтж.

Posted in

ӨЗ ДЕГЕНІМЕН ЖҮРГІЗДІ

Айтқанын істетіп, айдауына жүргізді. ~ Жеп жатып, қайырымды Тағдыр, уәдеңді орындап, менің аузыма жемісті кіргізе бастаған екенсің, деп ойлап отырып, қасында қамын жеп жүрген тіпті, Құдай емес, жолдас Дарну екенін біліп Пурана айтты: – Айдай әлемді, сені мен мені Тағдыр өз дегенімен жүргізеді. А.Байт. ~ Билік те солай! Шетінен бір ауыз тигізсе болды, сосын қайтып сені өз дегенімен жүргізбей қоймайды. Ә.Кек.

Posted in

ӨЗ ДЕГЕНІ БОЛМАСА

Айтқанын орындатып дағдыланған қырсықтық  адам туралы. ~ Аламан деп, тәртіпке, жолға, низамға көнбейтін, өз дегені болмаса басқаны елемейтін топты айтады. Бастықтан лұқсатсыз біреуді шабуға, олжалауға аттанған тәртіпсіз топты да аламан дейді. Аламандықтан өзімшілдік, бәсекелік туады. Х.Досм. ~ Ал Қожахмет әлі бала. Оның үстіне ешкім бетінен қақпай өсірген ерке. Өз дегені болмаса, шалқасынан түсіп жатып алады. Есіл-дерті ойын. Ә.Кек. ~ Бәкизат қозғалмады. Өз дегені болмаса өзгенің, әсіресе бұның айтқанымен жүріп көрмеген мына әйелге ешқандай әмірдің жүрмесін байқады.Ә.Нұрп. ~ Білгенімді бір қара көз бауырыма үйретсем, сол да пайда деп бармай қойды ғой! Өз дегені болмаса көнбейтін қыңыр адам. Бәлкім осы сор түртті ме екен. Т.Сәу. ~ Қызбалтай Досмағанбетке ғашық екенін білді. Бірақ жігіт рай таныта қоймады. Осыдан барып мұны өз дегені болмаса өлуге бейіл әйелдің өзімшіл өктем үні өбектеп, өліспей беріспейтін долылыққа дейін ұласқан. Н.Дәут.

Posted in

ӨЗ ДЕГЕНІ

Қалауы; өз еркі,  көздеген ойы, діттеген мақсаты. ~ … бұндай жерде өз дегенін істемей тынбайтын қиқар шал көнбеді.  Ә.Нұрп. ~ Аға, інілерін тегіс өлтіртіп екі қолын бірдей қанға боятып, Алтын Орда ханы Бердібекті де, мұрнын тескен өгіздей жетекке алып, өз дегенімен жүргізбек болған.  І.Ес.

Posted in

ӨЗ БУЫНА ӨЗІ ПІСТІ

Өз ісіне өзі мәз болды, масаттанды, мақтан көрді, мастанды, ішіп-жемей мас болды. * Мәдениеттің аяғы жетпей қырқылып, бір қиырда өз буына өзі пісіп бұйығып жатқан жабайы ауылдың сиқы осы.  Т.Сәу. * Реті келгенде Ақатайдың тайраңдаған жас тайлағының ең жұмсақ жерінен мытып қалуға әуес. Әсіресе, өліп-өшіп жүрген Әбжал. Кеңсе жағалап өз буына өзі пісіп жүрген неме Ақатаймен аталас туыстығын бетке ұстап жиі келгіштейді.  Н.Дәу. * Оның орнына анадағы қалмақ бет сияқты, сиқына қарамай өз буына өзі піскен, менмен, жиіркенішті біреу тұрмағанына қуанды.  Т.Сәу.

Posted in

ӨЗ БІЛГЕНІНШЕ

Өзінің ақылы жеткенінше д.м. ~ Кімнің нені қалай жазғанына сот емеспіз. Бәрі де өз білгенінше, өз еркінше жазсын дейміз. Сіздердің сұрақтарыңыз бар ма деді. Біз өздеріңіз сұра дедік. Гончар жақсы сөйледі. М.Әу. ~ Ермек енді өзі бал  ашатын болыпты. Тастарды өз білгенінше термелеп, әрбір құмалақты маңдайына, ерніне тигізіп: – Мен сені де жақсы көремін. Сен де ақылды, жақсы құмалақсың. Жаңылмай, сүрінбей, Едіге көкенің тастары құсап, тек шыныңды жасырмай айт, – деп жалбарынады. Ш.Айт. ~ Онымен сайлаушылардың шаруасы аз. Өз білгенінше істеп кетпек. Б.Мом. ~ Ол өзінін ешкімге кіріптар емес азаттығын сезінген соң, өз білгенінше емін-еркін өмір сүргісі келген шығар. Ә.Әлімж.