Posted in

ОМЫРАУ ҚАҒЫСТЫРДЫ

Шекісті, текетіресті. ~ Жирен арғымақ пен Сахардың кер құласы омырау қағыстырып калған екен. Найза сілтесуге жер тар, түрікпен Сахардың жағасынан ала кетті. З.Шүк.

Posted in

ОМЫРАУ ЖАСАДЫ (КӨРСЕТТІ, ҚЫЛДЫ)

Мінез көрсетті, кеуде көтерді. ~ Түп пәленi Оралбайдан, сонан соң Базаралыдан көретiн. Одан соң сайлау басында омырау жасап, ұлыққа қарсылық көрсетiп, көп жатақты қоздырған және үйдi құлатып, елдi түгел бiрiктiрген осы тұрған жiгiттер дескен.  М.Әу.  ~ — Ата жауларыңды алысқа айдап тастамағанмен, осылайша омырау көрсетіп, тықыр таятып қоям дегендерін көңілге қонады.   Қ.Жұм. ~ Құнанбай аулы анау көрініп, жер шегіне іргесін қадап отыр. Болымсыз бірдеңе болса, от шығып, ұшқындап кететін сияқты. Құнанбай, әсіресе, омырау ғып, соған әдейі ізденіп жүр. М.Әу.

Posted in

ОМПАЙЫНАН ТҮСТІ

  1. Оңынан түсті.  ~ Төбелер онда шекелетіп киер көкмауыты қалпақтай омпайынан түсіп жатады. Мына жер бауырлап жатқан жоталар көк мауыты қалпақтан садаға кетсін!  М.Қаб.

Ырқына көнді. ~ «Ұлың көңілшек болса – атыныңсоры, қызың көңілшек болса – көтінің соры» демекші, серілер серкелерінің де оңтайына келе бермейтін, өр мінезділерге де омпайынан түсе қоймайтын асқан сұлуларды да әлгінің сол бір «ұрғашы сағымы» ерекше көңілшектендіріп жібере ме екен, кім білсін, әйтеуір, оның «бетім барда кім шыдайды» дейтіндей небір әсем де кербез қыз-келіншектерге келгенде де жолы тым болғыш-ақ еді. Т.Әбдікәк.

Posted in

ОМБЫ (КҮРТІК) ҚАР

Ат бауырлайтын қалың қар. *  Сол уақытта ғана байқаса, ат әлдеқашан жолдан шығып кетіп, бір қалың омбы қарға тоқтаған екен. М. Дул. *  Алдындағы омбы қарда, Шулы, иірім толқынында Қайнап, күңгірт, бозғылданып, Қаптаған сел жатыр ағып. І.Жанс. *  Жауынгерлердің жүзінен көз алмай бір-екі аттап, жол ернеуіндегі күртік қарға тіреліп тоқтады. Т.Ахт.

Posted in

ОМАЛЫП ОТЫРДЫ

Үйден шықпай қойды д.м. ~ Бірақ соған қарамастан әлі де үйде омалып отыра бергісі жоқ. Ө.Кәр.  ~ Үйде омалып отыра береміз бе, мен ана Қарымбаймен сөйлесіп соның қарагер атын жалдап алатын болдым. С.Бег. ~ — Енді қалай? Үйде әрекетсіз омалып отыра берген жақсы ма?  Б.Тоғ.  ~ Көзәйнегінің шынысы қанша қалың болса да, шын өмірді көрмей келіпті ғой. Кітаптан бас алмай үйде омалып отырғанда, тірліктің қым-қуыт қы¬зығы мұны айналып өте беріпті. Т.Сәу. ~ ─Ау, омалып отырып алғаның не жанында, – деді Қаратай күңкілдеп. – Қу, сайқал, тіпті ішіп–жеп барады ғой сені. Т.Әбд. ~ Бірақ не пайда… оған да дәрменің жетпеді. Жігерін жүн қылған дәрменсіздік сол арада еңсесін көтертпей, омалып отырып қалған-ды. Ә.Нұрп.

Posted in

ОМАҚАША ҮЙІЛІП (ҚОПИЫП)

Дөңкиіп отыру туралы. ~ – Ит шіркін ішқұста болып қаңғып кетпес, мына бала тіл–ауыздан қалып, омақаша үйіліп отырып қияли боп қала ма деген қаупім бар.  Д.Дос. ~ Буынын басып, бойын тіктей алмай, түкті кілем жиегінде омақаша үйіліп отыра береді. Д.Дос. ~ Жеңгей атқа мініп, артық үйренбеген кісі ғой: бір қолымен ердің қасынан ұстап, аяғын үзеңгінің сағасына салып орнатқан омақаша қопиып буынын билей алмай, қолп-қолп еткені Ақбілекке айт пен тойдан да қызық болды.  Ж.Айм.

Posted in

ОМАҚАТА ЖЫҒЫЛДЫ (ҚҰЛАДЫ)

Оңбай құлады; ұшып түсті. *  Қашуға бет алған бір топ жауынгерді қуа жөнеліп еді, қылша мойнынан оқ тиіп Есенейдің аты омақата құлады. Есеней жерді сүзе құлады. Ғ.Мүс. * Алдында жиырма жігіт кетіп барады. Қартқожа арт жағында келе жатып: «Ойпырым-ай!»— деді. Алдағылардың бірі омақаса жер қауып еді. Ж.Айм. ~ Олар осы екпінмен «күшіктер бар-ау» деген тұсқа таяна бергенде, доңғалақтар манағыдан жаман секеңдеп, шабыстан желіске түсе бастаған екі ат та омақата құлады. С.Мұқ.

Posted in

ОМАҚАСА ҚҰЛАДЫ (ЖЫҒЫЛДЫ)

  1. Аяғы аспаннан келді; жер сүзе, мойнын астына ала құлады; шалқасынан түсті, ұшып түсті. ~ Бірақ олай емес екен: жаңадан ғана жетіліп, үлпілдеп тұрған қос мүйіздің түбінен қос оқ сақ етіп тиді де, Кербұғы омақаса құлады О.Бөк.~ … Кеңес өкіметі, жарықтық, шейіт болып тынды. Сірескен жүйе омақаса құлағанмен Мейізгүл тәлтіректеп барып, шатқаяқтап барып бойын қайта тіктеп алды.  Ә.Тар. ~ Енді бітегене тұрғанда, барша мал-мүлік билігін мал-мүлік комитетіне беруге жарлық шығарыпты. Оған жетпей омақаса құлады. С.Сей. ~ Талай боздақ қыршынынан қиылып, жетесінен үзілді. Қайсыбірі ат-матымен омақаса құлап, ойбайлап жатты.  Д.Рам. ~ Арғы жиегі алыс екен. Ат-матыммен омақаса жығылдым. Осы бұғанам сонда кетті.  Ж.Айм. ~ Қатты шапқан аттың аяғын тас па, томар ма бірдеңе қақса керек, ат омақаса жығылды.  Ж.Шәк.

Сынақтан өте алмады. *  Мемлекеттiк екiемтиханды iлiнiп- салынып әрең тапсырдым, ә-әй, болашақ журналиске жаттанды бiлiмнiң де онша қажетi жоқ, қатал сынақтарда омақаса құламай, жұрт қатарлы диплом алсаң болғаны.  Ж.Шағ.

Posted in

ОМАҚА АСЫРДЫ (АТЫРДЫ, АСТЫРДЫ)

Алып ұрды, аяғын аспаннан келтірді. ~ Ондайлар өзімнен ешкім аспаса екен дейді, іші тар, айлалы келеді, кезі келгенде, әріптесін шалып жіберуге, омақа асыра құлатуға дайын тұрады.  К.Қаз. ~ Кісі алатын қабаған төбетті қапқалы келген жерінде Оспан қара тұмсығынан самса тартып, жалғыз шертіп, омақа атырып, талдырып түсіргені бар.  М. Әу. ~ — Ау, жұртым, қалай екен, батырға да жан керек, төңірегінде тайраңдаған Нұртазадай жаман болысты ғанa емес, төбеңде ойнақтаған ақсақ оязыңды да омақа астырмадық па? — деп айғайлап ед.  С.Жүн. ~ Біреуі болмаса, біреуі иығынан қағып, немесе аяғынан шалып омақа астыруы мүмкін.  Б.Тоғ.

Posted in

ОМАҚА АСТЫ

Жер сүзе құлады; аяғы аспаннан келді. *  Көбі мылтығын ата алмай, әркімге бір соқтығып, ат-матымен омақа асқаны болыпты.  Ғ.Мүс. *  Мөңке орнынан ет қызуымен атып тұрып, үшінші шанаға ұмтыла бергенде мойнына орай тиген қамшыдан көзінің оты жарқ етіп, омбы қарға қалай омақа асқанын білмеді.  С.Жүн. *  Төменге лифтімен емес, баспалдақпен түстім, жолшыбай қоқыс салатын жәшіктерге сүрініп омақа аса жаздадым. Дж. Сэл. * Оның  екі  сөзінің  бірі «Ошақбаев  опық  жемейді» болып  келуші  еді. Жоқ.  Ошақбаевтар  да  омақа асады  екен.   Ә.Нұрш.