НҰР ЖАЙНАДЫ

НҰР ЖАЙНАДЫ Шаттанды, сұлуланды, көркі кірді. ~ Қай жағынан қарасаң, айырып алғысыз, күлгінді — жасыл жібектен көздің жауын алдыра кең шалып, бос төгіп тіккенде нұр жайнайды. Ж.Ахм. ~ Қынабына сыймай бұраңдап дидарын күн кірпігіне тосты. Одан әрмен нұр жайнады. Ө.Кәр.

НҰР БЕРДІ

Шапағатын жайды, жарығын төкті. ~ Дүниенің мәғмурлығы бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе. Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетіні де болады. Абай. ~ «Мен жарықпын» деп, бір жұлдыз туса, «мен сенен де жарықпын» деп, тағы біреу шыға келеді; «сендерден – біз жарықпыз» дегендей, əлде нешеуі тағы туады. Қараңғы іңірдің қарабарқын көгіне нұр берем деп жұлдыздар таласады. Ж.Айм. ~ Сондықтан қажыған Күн Алла Тағалаға арыз айтыпты: …Таң сәріден арай шашып ғаламды түнектен арылтамын. Бәріне нұр беремін. Жарқырап көрінгенімде, тірліктің бәрі жадырайды, күледі, қуанады, жұбанады. Б.Мом.

НҰР АЛДЫ

Өмірі нұрланды, жүрегіне жарық сәуле құйылды, күш-қуат алды. ~ Бүкіл тағдыры да, дарыны да дала қанынан жаралған, дала нұрынан нұр алған азамат даласыз өмір сүре алмас. Ә.Жәм. ~ Он бесте домбыра алып зар иледім, Өмірдің қызығынан құр қалам ба? Арманнан, үмітімнен нұр алам ба? Жылаған жалғыз мен бе бұл жалғанда! Сара ақын.

НҰҚСАН КЕЛДІ (КЕЛТІРДІ)

Зияны тиді, залалы болды. * – Көсемнің беделіне нұқсан келеді. Ол социализмге жаулықпен бірдей десті. Н.Дәу. * Алайда, карьерама нұқсан келеді-ау деп қорықпай, конъюктураға қарсы шыққан табанды министр қазірдің өзінде елдің ықыласына бөленіп отыр. Т.Әсем.

НҰҚСАН КЕЛТІРДІ

Кесірі тиді, залал қылды. * Қайыр сұрау мен садақа беру тек шіркеулер мен діни мерекеде ғана рұқсат. Жергілікті билік мұны ұлт имиджіне нұқсан келтіру деп түсіндіреді. Ж.Аяз. * «Жаралы Ерғазы соғыстан аз қиянат көргендей, жұмсақ креслода шалқая отырып алып, аяулы майдангердің ерлігіне әлі нұқсан келтірмекші!» І.Ес. * Жас сұлтан мынандай ызғындай жұрттың алдында сыр алдырып, боламын деп болмай қалса, шалабын босқа шайқап, азын-аулақ абыройына нұқсан келтіріп аларын білді. Ә.Кек.

НҮКТЕ ҚОЙДЫ

Тәмам болған, өз шешімін тапқан іс, шаруа, мәселе туралы. ~ … жыл сайын дүр етіп әңгіме көтеріледі де, шынтуайтқа келгенде кейінге қалдырыла береді. Ұзақ жылғы осы тартыстың нүктесі, не қылса да, биыл қойылмақ. С.Шайм. ~ Осымен шағын хикаятымыздың соңғы нүктесін қойып тамамдауға да болар еді. Бір сөз қалып барады. Д.Дос. ~ – Осымен бұл әңгімеге нүкте қоялық. Қарлығаш қанша қадап айтқанмен Ғалымбек Айманды ұмыта алмады. С.Досан. ~ Біз өзіміз өз қандасымыздың басындағы ақиқат өмірден туған аңызға мемлекеттік сыйлыққа ұсынамыз деп шала шабылғанда нүкте қойыппыз. Ж.Қорғ.

НУЛЫ ЖЕР (ӨЛКЕ)

Шөбі қалың, шұрайлы, оты-суы мол мекен. ~ «Бетпақта өсетіндерін ғана айтып тұрмын ғой,— дейді әкем.— Майсалы, нулы жерде тудым, шөл мен қырдың жайын көп біле бермеймін. М.Мағ. ~ Орыстар, әсіресе соңғы жылдары мылтықтың күшімен, қылыштың ұшымен тұрғылықты қазақтардың ең шұрайлы, сулы, нулы жерлерін тартып алды. Б.Тоғ. ~ − Лашын, қаршыға-көлі көп, сулы, нулы жерде болады. Қаз-үйрегі мол жерде жүреді. Ш.Мұр. ~ Бірақ олар, әйтеуір, енді екі тәуліктен кейін азап жолынан құтылып, айдын сулы, жасыл нулы жерлерге баратынына көздері жетеді ғой. Ш.Айт. ~ «Бұл тараптагы менің білігім шамалы,- дейді көкем.- Есілде, сулы, нулы өлкеде өстік.» М.Мағ. ~ Шалғыны белден келетін мидай жазық. Не айтары бар: Көкжайдақ десе — Көкжайдақ, сулы да, нулы өлке! Т.Жұрт.

НУ ОРМАН (ҚАМЫС, ТОҒАЙ, ЖЫНЫС)

Ит тұмсығы өтпейтін қалың ағаш, шалғын. ~ Кенжетай ағасына қарап ну орманның, орта тұсын көзімен нұсқады. Ғ.Мүс. * Мерген киікті артына бөктеріп алып, ну орманның арасымен ілгері жүріп кетті. С.Омар. * «Анау қордай тауынан Балқаштың ну қамыс жағалауына дейін ғасырлар бойы тусырап, көсіліп жатқан жусанды байтақ дала! С.Мұқ. ~  Қалың елдің қалың ну қамысқа кіріп, бой көрсетпей отырғаны мәлім. Үшкөкшенің ығы-жығы құмында отырған ел де дәл үстінен түспесең көрінбейді. Т.Әл. * … жасыл жапырақ жамылған қалың ағаш, ну орманның ішінде қолбасшыларыммен бірге сейілде жүрмін. С.Дос. * … орыс переселендері жолдағы кенді қала Қарағандыға, қиын шахта жұмысына ат басын ірікпей, сол заманда ну тоғайға малынып тұрған Қарқаралы, Шыңғыстау жағына ұмтылған. С.Досж. * Күзге қарай сол көп судың орынына адам бойынан асып ну жыныс бітеді. Ш.Айт.

НӨСЕРДЕЙ ӨТКІНШІ

Тұрақсыз, өтпелі д.м. ~ Осы үнсіздіктің ішіңде-ақ ол мына өмірдің жазғы нөсердей өткінші екенін, уақыт деген құдірет жанды мен жансызға сездірмей ғұмырын талай берерін, анадан шыр етіп туғаннан бастап адам баласының картаюға бет алатынын тағы шолып өтті. Д.Ис. ~ Құнсыз өлім, құпия қорлық- зорлықпен суаяғы құрдымға кетсе де қузаусыз болу. Бәрі де құла түздегі құмға төгіп өткен өткінші нөсердей ғайып болғаны жөн. Т.Рыск.

НӨСЕРДЕЙ ЖАУДЫРДЫ (ҚҰЙДЫ)

Төгіп жіберді. ~ Артынан iздеп келгенiме шал масаттанып, марқайып қалды. “Ғаббас қалай? Үмбетбай неғып жатыр? Қажытай ше? Өздерiң бас қосып тұрасыңдар ма?” деп сағынышты сұрақтарды нөсердей жаудырды. К.Әм. ~ Екінші дүркін атыс екпіні дауылдай боп баррикадаға картечь оқтарын нөсердей жаудырды. В.Гюг. ~ Жыр-кеуде гүлдей, Нәр алған алыс, жақыннан, Найзағай ойнап, Нөсердей құйған заматта, Тақылдан аулақ, Тақыр мен пақыр мақұлдан! Б.Әлім. ~ Қайран Талқы таулары-ай! Биік неткен, Әніңді тыңдамап ем ұйып көптен. Шертші бір, Күй кеудеңді күмбірлетіп, Ғажап емес, Нөсердей құйып кетсем. М.Айтх.

НӨКЕР ЕРТТІ

Әскерін, күзетшілерін алып жүрді. ~ Алаң көңілін бірдеңеге аударғысы келіп бақ кезеді, нөкер ертіп қала аралайды, жер асты жолдармен қорғанға көтеріледі. Ә.Кек. ~ Көш алдында Тәкежан, Әзімбай, Майбасар бар-ды. Қастарына он шақты ер-азамат, нөкер ертіпті. Қалың көптің қонатын орнына кеп, топтанып тұр. М.Әу. ~ Ноғайқұл кілең көк мылтықты нөкер ертіп, Әріптің аулына барып қайтты. Т.Әл.

  1. Қасына тілеулес адамдарын, жолдас-жорандарын қосып алды. ~ Сараның даңқын да Қоянды жәрмеңкесінде есітіп біліп келіп, қасына елден таңдап бір топ нөкер ертіп Сарамен айтысып жеңіп қайтыпты, Қасына ергендердің ішінде ағасы Нұржанның баласы Ахметжан, Атығай, Тоқабай дегендер болса керек. Е.Ысм. ~ Сот шақырған мезгілде Халиолла келсе Жұмәділ көп нөкер ертіп қыздың бетін жауып отыр екен. Әрх. Ысқ. ~ Не үшiн шақыртқанын қайдан бiлейiн? Әйтеуiр, «Жанына нөкер ертпей жалғыз келiп– қайтсын» дептi. К.Сег. ~ Әрине бедеу мінгізіп, бүлде кигізіп, нөкер ертем десе, қызды ауылдың сыртында түн күзетіп, торғын шапан жамылған бұлықсыған бойжеткенді оңаша құшам десе, әке дәулеті жетер де еді. С.См.