Жақсылық, рақым, мейірім, шарапат сәулесі. ~ Әуелі нұр шапағатты Исламға көңілі ауып, бірақ ойлана келе «мұсылмандықтың талап-тәртібі өте қатаң екен. Т.Сәу. ~ Ұлы иенің нұр шапағаты діріл аралас сезіліп, жүрек түбіндегі ыза… ашу… кекесін… қызғаныш…күйініш…жек көру… астамшылық…өзімшілдік секілді мың сан сезім санасынан кір секілді жуылған сайын, бойы жеңілдеп, бейне теңіз тереңінен көтерілген жауһарға ұқсап, нұрлана түсетіні ғажайып. Д.Досж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НҰР ҮСТІНЕ НҰР
Жақсылыққа жақсылық қосылсын д.м. ~ … айтқаны елге түсінікті болып, қазақ халқының игілігіне жарап, өкінішпен өткен үзік сырларды жалғастырып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ж.Баб. ~ Мейлі өрге, мейлі еңіске салыңыз ол сол жорғасынан жаңылмайды. Десе де әлі де ізденіс жасаса ақын үшін нұр үстіне нұр болатыны да жасырын емес. Ж.Шәк. ~ Қайта Әппақ қайныма мен риза болып қалдым. Тіпті уақыт тауып, өзі алып барса, нұр үстіне нұр еді- ау. Ә.Тар.
НҰР ТҰНДЫ
НҰР ТҰНДЫ Мерейлі, сәулелі өң, жанар туралы. ~ Біздің Жамбыл бір түніне бір түнді Жалғаушы еді жырға қоса жұртымды. Алтын зерен тұрушы еді алдында, Көргенімнен көкірегіме нұр тұнды. Х.Ерғ. ~ Қаңбақтар көшкіні. Ауғанның даласы, Адаспай тұрмайтын адамзат баласы. Бұл, бәлкiм, мәңгiлiк ғашығын iздеген Абайдың нұр тұнған көзiнiң қарасы. Б.Раис.
НҰР ОЙНАДЫ
Беті ажарланып, бал-бұл жанды, өңі ашылды. * Әлгінде ғана жас парлап жүрген Бәтиманың көздерінде нұр ойнап шыға келді. К.Қаз. * Ықсанның жүзінде нұр ойнап, көзі күлімдей кішірейіп барады. М.Сүн. * Өңіне әп-сәтте жаңа нұр ойнап шыға келді. Еңсесін тік ұстап, ол да табалдырықтан аттады. М.Әбдіх. * — Жаман емес, — деді жаңа жауған ақша қардай аппақ бетіне таң шапағындай қызғылт нұр ойнап шыға келген Назерке жұмсақ жымиып. С.Досан.
НҰР ҚҰЙДЫ (ҚҰЙЫЛДЫ)
Қуаныш сыйлады, шаттандырды. ~ Осынау бір қиын уақытта сол жақсы сағатымызды қайтып әкеліп беріп бір жасаттың ғой, қарағым. Көкірегімізге нұр құйдың ғой. Т.Ахт. ~ Шырмалып қалған торынан шығуға қайраты жетпеді. Енді кеш сияқты. Айша Мұратқа риза. Сұрғылт көңілдің бір жағына нұр құйып тұрған да сол. Т.Ахт. ~ Қан жүгірді жүрекке, Алпыс екі тамыры Өрді, қызды кәр қуат, Қайнап кетті уылы… Нұр құйылды жер-көкке! І.Ес.
НҰР ЖҮЗДІ
Өңі ашық, мейірлі. * Бұл «қасқа» десе дегендей, еңгезердей екен. Жалпақ маңдайлы, нұр жүзді, балуан тұлғалы жас жігіт Құлыншақтың немересі еді. М.Әу. ~ Құбаша келген қой көзді, Талма да бойлы нұр жүзді, Адамның емес баласы, Туған айдай иілген Екі қастың арасы. «Қыз Жібек». ~ Қобаған мұрын, қой көзді, Талма бетті, нұр жүзді Қарлыға деген қызы бар,— Қарлығаны шақырып, Дауыстап Көбікті сөйледі… «ҚҚҚ». * Еңгезердей мол денелі болса да, аса сымбатты, нұр жүзді Базаралы қазір отызға жаңа ілінген. М.Әу. * Енді сол кеп қыздардың ішінен бөлініп қалған бір ғана ұзын бойлы, ақсары қыз бар. Сұлу денелі, ашық нұр жүзді әсем бойжеткен. М.Әу.
НҰР ЖҮГІРДІ
Жүзі бал-бұл жанды. ~ Ақша шіркіннің беті ыстық қой, бумасы бұзылмаған қызылқұлақты көргенде, жарқ етіп үй ішіне шам жанғандай, қуқыл тартқан жүзіне лыпып нұр жүгірген. Т.Сәу. ~ Он сегіз жастағы сұлудың уыз денесі уылжып, жұқалтаң қызғылт нұр жүгірген алма беті албырап жанарыңды суырады. С.Досан.
НҰР ЖАУСЫН
Өмірің сәулелі, жарық болсын. ~ Қазанға бара жатып Шора батыр айтады: «Мен Қазанға барғанша, қар жаумасын нұр жаусын, мен Қазанға барған соң қар жаумақ түгіл қан жаусын!» деп. А.Байт. ~ ШАЛ: — О, нұр жаусын, балам, нұр жаусын! Болғалы тұрған бала екенсің, ақ батамды берейін. Б.Тоғ.
НҰР ЖАУДЫ
Жарық сәуле төгілді. ~ Олар үшін аспаннан ақ жарылқап нұр жауған мейрам еді. Ш.Айт. ~ Өрістен сиыр емшегі сыздап қайтып, құлын-тайлар тебісті. Күнара аспан асты шатұр-шұтыр найзағай ойнап, көктен нұр жауатын. С.Досж.
НҰР ЖАМЫРАДЫ
Жарық сәуле төгілді. ~ Ақ моншағын аспанда шашып алып, Нұр жамырап жөнелсе түнектерде. М.Мақ. ~ Бір-біріне сондай жарасып, жатаған үйдің оң жағын нұр жамырағандай сәнге бөлеп, жайнап тұр. С.Үс. ~ Өткендегі бір алыстан ғана қарасып, жанармен ғана сөйлесіп, үн қатыспай өтердей көрінген тұңғиық, тұйық қалпы нұр жамырағандай жайдарыланып, ашылып жүре берді. С.Үс.
