НОС КӨРСЕТТІ (ТАНЫТТЫ)

Менсінбей қарады, мінез танытты. ~ Бар кінәні Бекеттің қанжығасына байлап жіберіп, өз басына қаншама араша түскенмен, көңілі құрғыр ұясына қонақтай қоятын емес; қойнындағы қосағы нос көрсеткен соң, жайшылықта қатар отырып дәрет сындыруға жарамайтын Бескемпірдің басқа шықпасына кім кепіл?.. Қ.Ысқ. ~ «Омай, мынау қайсысы-ей. Орысша ұғады екен-ау, иә!» деп дарылдап күлiп тұншықтырып тастаған. Кейбiрi тiптi «Әй, қысып отыршы!» деп нос көрсетiп желкесiн күжiрейттi. Т.Сәу. ~ – «Міне, бәлсініп едің, көрдің бе, біз ешкімге жалынбаймыз. Несібеден қағылған өзің!» дегендей Зухраға нос көрсетіп, саудагер көзбен маңғаздана бір қарап қойды. Т.Сәу.

НОС ТАНЫТТЫ

Мінез көрсетті. ~ Таппасаң екі-ақ ауыз жұмбағымды Орныңнан тұрмай ажал келді дайын, — деп нос танытады. Бақтыбай да енді айлаға көшіп Төренің өзіне көпшік қоя сөйлейді. С.Ақт. ~ Олар негізінен автономия қазір жарияланбаса, Түркістан автономиясына қосыламыз деп нос танытты. C.Ақт.

НОҚТАСЫН ҰСТАТПАДЫ

Еркіндігін сақтап қалды, бағынбады. ~ — Ханға ноқтасын ұстатпай отырған қазақтар Алдияр-ағаға қайдан бола қойсын, — деді Ақмолла ақын. Ә.Кек.

НОҚТА ҰСТАДЫ

Тізгін ұстады, билік жүргізді, айтқанын істетті. ~ — Дұрыс айтасың. Үш арыстың ноқтасын ұстаған әз Тәукеге кісі құрығындай жапатай киген жапырық өкше қара шекпендерін елшілікке жіберіп, бұл Тобылдың ұлықтарының кеудесіне нан пісейін деген екен! Ә.Кек. ~ Шынында да, бүгін таңда қазақтың екі арысының ноқтасын ұстап отырған Өсеке балаларының мәселін қайтарып беретін бұдан басқа ешкімнің реті шықпай тұр екен ғой! Ә.Кек.

НОҚТАСЫЗ ӨСТІ

Тәрбие көрмеген, бетімен кеткен д.м. ~ Үндіктің айғырына ұқсап күжіреймей, тұр орның- нан! Досаевтың қатқыл шыққан даусынан кейін класта тырс еткен дыбыс білінбеді. Жүгенсіз, ноқтасыз өскен атаңа нәлет, надан. Ж.Шаш. ~ Әй, бақа-бақа,
бақ-бақ, басың неге жалпақ? деп Мұқанның назарын өзіне аударып алды. О, жүгенсіз, ноқтасыз өскен надан. Бір пұт нан жеп, балшықтай болып семіріп… Ж.Шаш.

НОҚТАСЫЗ ОЙ

НОҚТАСЫЗ ОЙ Еркін ой; тәуелсіз пікір. ~ Осы оймен Мекке барғамын, Әр түрлі кітап алғамын. Ақылға сыймас жалғанын, Алмадым сынай келгенде. Ноқтасыз оймен тексердім, Бояулы діннен сескендім. Шәк.

НОҚТАЛЫ ТАЙЛАҚТАЙ (ҚҰЛЫНДАЙ, БОТАДАЙ, БОТА)

Басында билігі жоқ, біреуге бағынышты адам туралы. ~ Сонда елшің қанша асау болғанда да ноқталы тайлақтай жетелеген жағына еріп жүре бермей ме! Ә.Кек. * — Тый көз жасыңды! — деді,- Мына Қанатымды бауырыңа ал. Өзіңе тапсырам, ана Көктаспаң сүтке тиген күшіктей ғып жүрмесін, Онда екі дүниеде ырза емеспін. Көкесінің сол сөзі есіне түссе ноқталы құлындай тыпыршиды. Н.Сер. ~ Ноқталы ботадай жетелеп, өмір өз ағысымен әркімді әр жаққа ағызып алып жөнелді. Ә.Асқ. ~ Самал боп сағынышым, кел, кел маған, Бір күйді берші, шертіп, шерте Мен сенің көз тиер деп, арқандалған Ноқталы ботаң болдым, көркем далам. Қ.Бұғ.

НОҚТАЛЫ БАСҚА БІР ӨЛІМ (АЖАЛ)

Жазмыштон озмыш жоқ д.м. ~ Уай, Болат сұлтан! Ел арасында телі мен тентек көп еді. Сен солардан да асып түстің. Ноқталы басқа бір өлім, иманыңды үйір! — деп Қуат қылышын жарқылдатып төніп барды. С.См. ~ Тым зыртұяқ болып кетіпсің, бауырым, екі шоқып бір қараудың орнына бір шоқып екі қарап жүріп қалай жан бағасың? Ноқталы басқа қашан да болса бір өлім. Ғ.Біл. ~ Бір күні Базаралы Әділқанға ақылдасады: «Бұл жерде қорлық көріп жүргенше елге қашып қайтайық. Ноқталы басқа бір өлім, елге жетсек паналайтын адамымыз болыс болыпты. Не өлейік, не кек алайық» дейді. Әділқан: — Базыке, өзің біл, менің сізден жаным аяулы ма, не көрсек бір көрейік,- дейді. Әрх.Ысқ. ~ Ер туған жеріне, ит тойған жеріне. Ноқталы басқа бір ажал, жазмыштан озмыш, тағдырдан қашамын, жат жерде күрп еткен жақсылық бардеу-иесінен айырылған бұралқы иттің, ата сөзі, ана сүтімен бойына қасиет сіңбеген қаңғыбастың ісі. К.Жүн.

НОҚТАЛЫ БАС

Біреуге тәуелді жан. * “Тумақ – сүннет, өлмек – парыз” дейді моллалар, ноқталы бастың қашан да болса бір өлімнен құтылмасы хақ. Ғ.Біл. * Шоқ саған! Ноқталы басың керіліп, қытығың басылатын болды енді. Ә.Асқ. * Ат жалын тартып мінгелі айқасып келгенің ойрат қалмақ еді ғой. Соқталы шайқас ноқталы бастың сыбағасы емес пе еді. С.Смат. ~ Ноқталы баста еркіндік болмаған соң, көрген күні қараң екені айғырдың түйсігіне еміс-еміс жетеді. Ө.Кәр.

НОҚТАЛАҒАН ҚҰЛЫНДАЙ (БҰЗАУДАЙ)

Біреудің боданына түскен. ~ Өзіңнен болмай кетті хабар-ошар, Күн туды ақылынан жан адасар. Құлындай ноқталаған кете бардым, Қыздан да бұл дүниеде бар ма осал?! «Білемін құшағымды жайдым кімге, Алмаспын ақылшыға Ләйліні де, деп едім. М.Əлімб. * — Қазақ деген жас бала тәрізді бір ақ көңіл, сенімпаз ел. Кім басына жұмақ орнатам десе, соның қолындағы ноқталаған құлын. Большевиктер оның сол қасиетін мол пайдалана білгені кәміл,— деді. І.Ес ~ Болдырмаудың қажетін біліп тұрып, шектелуден шыға алмай бұғып, тынып, адам кейде бұзаудай ноқталаған. Ф.Оңғ. ~ Қай нәрсе де – қолыңда жоқта арман. Жүру қиын бұзаудай ноқталанған. Денсаулыққа, меніңше, зиянды емес Кейде ысқыртып ерекше боқтап алған. Ж.Молд.

НОҚТАҒА КӨНДІКТІ

Қолға үйренді, біреудің билігінде кетті. ~ Ақан жұтаған жұртта қайғы мен қасіреттен бас сауғалай алмай, елінің қайыс ноқтаға көндіккенін білді. Р.Мұқ. ~ Күй дегеніміз – жасамыстар көңілінің суықсырап, аязы сықырлаған шалғайына күн шуағының жылуын шақырған жұмсақ та ибалы жалынышы, жұбанудан қалып қан жылаған қасіретті жүректің жүйкені қалжыратқан қайғылы қамырығы, қапыда жер соқтырған жеңілістің іште көбіккен ашу-ызасы, ноқтаға көндікпеген қыжалды қияңқылығы еді-ау. Ғ.Біл. ~ Әлі ноқтаға көндікпеген құлындар шіңгір-шіңгір кісінеп, бір орында шыр айналады. Желіден әрірек қоңыр төбе баурайында жер қайысқан жылқы, әр жерде шоғыр-шоғыр болып, үйездеп тұр. З.Шүк.