НОҚТАҒА БАСЫ СЫЙМАДЫ

Құлдыққа, тәуелділікке мойын ұсынбады. ~ Бауыржан Момышұлы дүниеден қайтқанда, Тахауи қабір басында, жандүниесін ақтара, хас шешендігі еселей ашылып: – Бауыржан мына ноқталы дүниеде ноқтаға басы симай кеткен адам, – деді ғой. Ш.Мұр. ~ Әсіресе, ноқтаға басы сыймаған, тауқыметті, шытырман тағдырлы, тарихта болған баһадүр–батырларымыздың ғұмыр–қарекеті. Айталық, дала рыцарлары – біздің Кейкі, Нарындағы Құныскерей, Жетісудағы Жақыпберді сияқты оғыландар. Ж.Аяз. ~ Бұл ежелден бар әдіс, ежелден бар үрдіс. Бірақ олай болмай шықты. Ақынның құдай берген болмыс-бітімі бұған келмеді, шеңберге иіп әкеліп, илеуге көнбеді. Ноқтаға басы сыймады. Ғ.Қаб. ~ Сыймаған басы тағдыр ноқтасына, Түрменiң тартты Мағжан қақпасына. Күңiренiп осы сәтте сала бердi,Қиырда Күлтегiннiң көк тасы да. Н.Айт. ~ Ол кино басқыншылардың тырнағына іліне қоймаған – қазақтың фольклорлық, эпостық, тұрмыс–салттық жырлары, аңыз–әңгімелері. Әсіресе, ноқтаға басы сыймаған, тауқыметті, шытырман тағдырлы, тарихта болған баһадүр–батырларымыздың ғұмыр–қарекеті. Ж.Аязб.

НОҚТАҒА БАС (МОЙЫН) ҰСЫНБАДЫ (ҰСЫНДЫ)

Басына құрық түсірмеді, еркіндігін сақтай білді. ~ Әділін айтқанда, Раймалы-ағаға қыздың өзі ғашық болыпты. Бірақ та Бегімайдың басы бос, қалай жүрем, қалай тұрам десе де еркі өзінде, ноқтаға бас ұсынбайтын қыз болыпты. Ш.Айт.

Біреудің ырқында кетпеді, бодауға көндікпеді. ~ Осының алдында ғана жылқыны жарқабаққа қамап, мұздай қаракөк биені ұстап тұр екен. Бие ноқтаға мойын ұсынбай, басын көк жеңдетіп, осқырады. Т.Әл.

НОҚТАҒА МОЙЫН ҰСЫНДЫ

Тағдырдың басқа салғанына көнді, бодауға көндікті. ~ Сол жолда не көрсең де жақсылықтан күдер үзбе. Саған алла сабыр суын берсін! Ноқтаға мойын ұсын. Кіммен қарайсаң, сонымен ағарарсың… — дейді жұп-жұмсақ үнмен жылы ұшырай. Ш.Құм. ~ Түсіне кірген ақ; киімді, ақ сақалды қария айтқандай, ноқтаға мойын ұсынғаны сол шығар, күйеу жігітке іші жылып, ниеті ауды. Әуелгіде селт етпеген көңілінде бір нәзік сезім бүршік атты. Ш.Құм.

НОҚТАҒА БАС (БАСЫН) СҰҚТЫ (ТЫҚТЫ, КІРГІЗДІ, КӨНДІ)

Өзі тіленіп, бодандыққа түсті; жуасып, тағдырға көнді, мойынсұнды, құлдыққа түсті. ~ Тіленіп отырып рұқсатын алғанда қарт тәйжы оларға Құлыш дейтін жалғыз ғана мерген жігітті қосып берді. – Жолдарың болсын, ерлерім! Батыр балаларым менің, көзсіз ерлік істеймін деп қатерлі ноқтаға бас сұғып жүрмеңдер! Ғ.Біл. ~ Мені мына жапан түзге де сыйғызбады, қазақтың Бетпақты ен жайлаған киік құрлы қадыры қалмады! Ноқтаға басымды сұққанша осы құмда сүйегім шашылып қалсын, көрейін әуселелерін! С.Әб. ~ Көнбіс болған мәстекше ерте ме, кеш пе ноқтаға басымды өзім әкеп тығатын кезімді күтіп отырған. Б.Соқ. ~ ~ Өмір қасарғанмен, өлім еркіне қояр ма? Көнбейін десе де, Қартқожаны тұрмыс еріксіз көндірді. Болмайын десе де әдет-ғұрып болдырды, алмайын десе де жеңгесін зорлап алдырды, ноқтаға басын кіргізді. Ж.Айм.

НОҚТАҒА КӨНДІ

~ Біреудің ырқында кетті. ~ Ары тулайды, бері тулайды жас қыз. Асылып өлейін десе жан тәтті. Кәрлен кесеге өлшеп құйған бал қаймақ шарасынан аса ма, ақыры, әке-шешенің тілін алады, қайыс ноқтаға көнеді. М.Қаб.

НОҚТА ҰСТАР

Балалардың ішіндегі үлкені. ~ Болаттан — Қарамырза, Толыбай. Қарамырзадан —Дүкен, Дуан, Сары. Осы Дүкеннің үш баласының ноқта ұстар үлкені — Көбен би. Р.Кар.

  1. Басшы, көсем. ~ Арғы-бергіде қазақтың талай ноқта ұстарының көкейін тескен, бірақ ешқайсысы соңына мықтап түсіп, іс қылып шығара алмаған шаруаға бас тіккені үшін сөз естиді. Ә.Кек. ~ Олардың ойынша, қазаққа да керегі сол шығар. Ноқта ұстары ел жақсыларының қасы мен қабағына қарап, ішіндегілерін айтпай біліп отыратын сұңғыла, дау мен жауда іс тағдырын шешетін найза ұстарлары мен қамшы ұстарлары ештеңеден тәуелсіз өр келсе, халық үшін одан асқан бақыт бар ма?! Ә.Кек. ~ Бұл қазақ әуелі басқа біреуден бірдеңені көріп, соған іші қыз–қыз қайнамай тұрып іс қылмайды. Кіші жүздің көп ноқта ұстарлары, басқа жұрттарды былай қойғанда, тап іргесіндегі Орта жүзде не болып, не қойып жатқандарына қарамай, бір–бірімен иық салыстырып, бір–бірінен озғанына мәз болып жүр. Ә.Кек.

НОҚТА ҮЗДІ

Басына бостандық алды, азат болды. ~ Жиналған би, батырлардың көпшілігі бірігіп бір ханға бағынайық деп отырғанда, бұл өзгеше кетті. Алайда Темір би де ноқта үзіп, айдалаға лаққан жоқ. Тек қосылғысы келмегенін астарлап білдірді. І.Ес. ~ —
Отыз жыл бойы қыңсылатып қамап ұстап едіңдер, жиырма жасымда ноқта үзбегенде енді байсырап жүр деп пе едің?!. Қ.Ысқ. ~ Әлгі бір әзірде ғана қанында ойнап, қатты толқытқан ақ сайтанды тәк-тәк деп әрең тоқтатты. Ноқтасын үзе жаздап, аласұрған асаудай тулаған құмарлыққа сабыр басу айтты. К.Қаз.

НОҚТА ТҮСТІ (БАСТЫ)

Екіқабат әйелдің бетінде пайда болатын күрең түсті сызықша таңба, ноқат туралы. * Дәмежанның айтуынша: көздері шүңірейіп, иек-мұрны шошая береді. Көзінің айналасына, «өлім таңбасы» дейді, бір көкшіл ноқта түседі. Жәбікен әйелімен
екеуі осы қалада жұрт аузына жиналған сөзді сұқтанып, шошынып айтысады. М.Әу. * — Сенде әлі әжім аз… Әй! Әй, Қатира! Ойпырмай, бетіңе ноқта түскен бе?! С.См. * «Ойбай-ау, әлгі Ақтоқты келіпті», «Өңі жүдеу көрінеді, мұрнының үстіне ноқта түсіпті», «Өзінің іші көрінбейді, бәтір-ау», «Бірінші балада көбінше солай болады. Әлі тар құрсақ емес пе», «Мүмкін түсік тастаған шығар» … С.Жүн. * Бірақ Сәбираның көңілі, оның сөзін тыңдайтындай емес, мүлдем басқа жақта еді. Қап- қара ала боп ноқта басқан жүзі күреңітіп, қалың ойға берілген. С.Мұр.

  1. Басы байланды, біреуге кіріптар болды. ~ — Жымиып қайда барар дейсің, басына ноқта түсер алдындағы соңғы бұлқынысы да, — деп прокурор Тәшен сендіре айтты. С.Шайм. ~ Бірақ не керек, дала жасының дәурені қырдың бір сәскелік келте көктеміндей тым шолақ. Қыз байғұсты бетінің қызылы енді-енді көрініп келе жатқанда ұзатып жібереді, жігіттің иегі түбіттенбей жатып басына ноқта түседі. Ә.Кек. ~ Ұрлық жасау, оның үстіне, жылқы алу екінің бірінің қолынан келе
    бермейді. Жүрек керек, жүрек. Сол біздің машығымызға да ноқта түсті-ау деймін. Бұл өңірден кетем деп отырғаным сондықтан. К.Қаз.

НОҚТА ТИМЕГЕН

Қолға үйренбеген, асау. ~ Тоқсан мың екен қорасы, Мұрындық, ноқта тимеген, Түйешілер мінбеген Сексен мың екен маясы. «Алпамыс б.»

НОҚТА СЫЙМАС БАС

Ешкімге тәуелді емес, өз еркі өзінде, бодаулыққа көнбейтін ер. ~ Бәрі тозған, бәрінің күні озған. Енді, міне, басынан бұлт арылмай ауырдан да ауыр күндер туды. Ноқта сыймас қайран бастың енді қай шұңқырда қаларын, ақ қалпақтың қайда шірірін бір құдайдың өзі біледі. Ш.Мұрт.

НОҚТА САЛДЫРМАДЫ

Бодандыққа, басына түскен ауыртпашылыққа көнбеді. ~ Бірақ көңілден базары кетпей, өмірден назары қайтпай жатқан қайсар кісілер қайғы- қасірет атаулыға аяқ шалдырмайды, ноқта салдырмайды екен. Шынында да, шипасы жоқ саңырау қайғыдан не пайда? Н.Кел.

НОҚТА САЛДЫ

Бағындырды, қолға үйретті. ~ Халқымыздың болмысында, тіршілік-тірлігінде бұрын болмаған заттар мен құбылыстарға атау етіп, басына “терминдік” ноқта салып, көндірген байырғы қазақ сөздерінің қалай болғанда да астарынан оның сол табиғатына тән бейнелеуіш, ауыс та көркем мағыналары “менмұндалап” көрініп тұрады. Ә.Қайд. ~ Күндердің күнінде ол дүмпу жұқара бастайды, аждаһа оны жұқарған сайын жоғары көтеріп, солқылдатып жыртуға айналады. «Жер енді тесіледі!», «Аждаһа енді шығады!», «Енді әлек етеді!», «Аупырым-аупырым!» деген шақта тәңірінің бұйрығымен Мекайыл періште аждаһаның мойнына ноқта салады. Х.Ес. ~ – Айналайын, Абдыра- ай, сонша жыл асаудай арқырап ағып жатқанда, жалыңа қол апартпай қойып ең, сенің басыңа да ноқта салдық- ау!  — дескен неше алуан сөздер, көңілді күлкі, айғай- сүрен бүкіл шатқалды жаңғырықтырды. Қ.Жұм. ~  Бір ауыр ой — ауыр тастың астында қалғанын парторг те, директор Дидарғайып та көріп отыр, тіпті сол тосын ойға ноқта салып жетелеген де Дидарғайыптың өзі; сондықтан адамның кейбір кездерін көзінен білер психолог басшы: «Ойлансын Ұлекең, әрнені айтып ойын бұзбайын» деп үнсіз қалды. Қ.Түм.