НІЛГЕ САЛҒАНДАЙ

Көкшіл түсті бояға малып алғандай. * Бағдан баяғы өз «орнына» келді де шалқалай жатты. Аспан нілге салғандай тұп-тұнық, мөп-мөлдір. С.Шайм. ~ Аспан нілге салғандай көкпеңбек. Әбден жуып-шайып аршығандай кіршіксіз таза, тұп-тұнық көк аспан бүгін қызығарлықтай жап-жаңа. Б.Ыбыр. ~ Бұлыңғыртып жұмбақ көкжиек көрінеді. Нілге салған жаулықтай көгеріп аспан көрінеді. Осы ыстық дүниенің бәрі аядай терезеге сыйып тұр. С.Шайм.

НІЛГЕ МАЛЫНДЫ

Көкпеңбек түске енді. ~ Көгілдір нілге малынған аспанның өзі бір сиқырлы күймен жанарыңды арбайтын сияқты.С.Ғабб.

НІЛ ҚАЛДЫРМАДЫ

Із тастамады. ~ Қарияның келбетіндегі барша жастық бояуынан ніл қалдырмай жалғыз күй кергілеп еміп, тақа суалдырып кеткен жоқ па екен?! Ғ.Біл.

НИЕТІНЕН ТЕЗ (ЛЕЗДЕ) АЙНЫДЫ

Бастапқы ойынан, жоспарынан бірден бас тартты. ~ Шіркінді ұрымтал жерден екі- ақ қарғып барып, шыңғыртып басып қалар ма еді деген ойға келген, бірақ ол ниетінен тез айныды. К.Сег. ~ Күндердің күні Виктор Викторовичке телефон соғуға бел байлады. Ниетінен тез айныды. «Келінің кетіп қалды»,— деп сүйінші сұрай ма? М.Қаб. ~ Бірақ бұл ниетінен лезде айнып салды: есіл сөз мірге өтпей жатқанда, бүгінгі жас былайғы ымды қайдан ұқсын деп ойлады. Ә.Асқ.

НИЕТІНЕН ТАПТЫ

Не көрсе де, ол өзінің теріс пиғылының, арам ойының нәтижесі д.м. ~ — Ұлым! — деді ол, — әкеңнің кегін алар орын бұл жер емес, төрімді қанға былғама. Әкең өзі іздеп барып қан майданда қаза тапты. Ниетінен тапты. Кегін майданда ал! А.Өтег. ~ Ниетіңнен таптың. Өз-өзіңнен қуырылып, тарылушы ең. Бар ашуыңды менен алатынсың. Жынысым бір ғой, бірде болмаса, бірде еңсесін көтерсін дедің бе, аяушылық жасадың ба? Жоқ. К.Қаз. ~ Бірақ бәрі мәмлеге келе алмады бірден. Бірі:— «Шайтанның азғыруына еріп азғындаса, өз ниетінен тапқаны» десе,екіншісі қарсы дау айтты: — «Ниетті де Құдай береді. Демек, Жаратқанның бұйрығы солай, біз ештеңе істей алмаймыз!» Т.Сәу.

НИЕТІНЕН ҚАЙТТЫ

Басқа шешімге келді. ~ Қараңғы халықтың әлі күнге көбі надан. Оларды осындай жолға желіктіріп бұрып салады. Сонда «революцияны көксеген патшалыққа қарсылықты ойлаған көп те, топ та өз ниетінен қайтады. М.Әу. * … әлі де базар ішінде бой көрсетіп жүре тұрғысы келген ниетінен қайтып, Ботпай шайхана жаққа бұрылды. О.Сәрс. * Бұл ықылас оның өмірінде естіген барлық сөздерді ұмыттырып жіберді, ол өзінің өлген уақытын таппақ ниетінен қайтты, өйткені анасының сөздерін естіп жатып, өзін таңертең ғана қайтыс болғандай сезінген еді. А.Әділ. ~ Бір ойы ноғай тілмашты шақырып алып, сөйлескісі келіп, ол ниетінен тез қайтты. З.Шаш. ~ шай құйып беріп отырған ибалы келіншек Зипәгүл Боранқұлдың Тарбағатай аса көшіп кету ниетінен қайтып қалғанын естігенде қарақат көздің жалынышты түкпірлерімен қарап күлімсіреді. Ғ.Біл.

НИЕТІНЕ ҚАРАЙ

Пиғылына, пейіліне сай. ~ — Баққұмарлық па, әлде ниетіне қарай табиғаттың өзінің берген жазасы ма, кім білсін. Өзінен өзгеге тым қатал адам боп шықты ғой. І.Ес. ~ Ағаларының осы ниетіне қарай Жоламанның да жолы болғыш. С.Смат. ~ Адал ниетіне қарай Тәукені жақын тұтып, жанаса жағалап жүр. С.Смат.

НИЕТІ ТҮЗУ

Дос көңіл, пейілі кең. * Бұқарды өзінің дәл бүгінгі ханшыл, жуаншыл, бишіл ойымен әбден туысы жақын, ниеті түзу ақын етіп, көтеріп сөйлеп кетті. М.Әу. * – О, Жәке, жақсы келдiң. Ниетiң түзу екен, шағын тойдың үстiнен түстiң! – деп менi ас үйге алып шыға: – Тоңазытқыштың түбi қағылды, ет жоқ, – дедi құр қол келмейтiнiмдi тап баса. Ш.Құм.

НИЕТІ ТАРЫЛДЫ

Ізгіліктен, адами оң қасиеттерден айрыла бастады. ~ Бүйірден келіп қосылған бөтен семьяға Бүбісараның қитығуы қыс түсіп, ел ниеті тарыла бастаған кезден бері өршіп кетті. Ә.Тар. ~ — Үйсе көп, үлессе азғантай дүние ғой. Үй басына шаққанда, төрт тоғызы бес қарадан келмейді. Таңсыққожа Әліқұл тұқымы жиырма шаңырақтан асқанын еске алып отыр. — Тек пенденің ниеті тарылмасын, — дегенді қосып қойды. З.Шүк.

НИЕТІ ТАР

Ашкөз, сараң, қызғаншақ. ~ – Итбайдың ниеті тар, Гавриил Гавриилович. Дүниенің бар малын қолына берсе де ол азсынады. Олжаның бәрін оның өзі алғысы келер. Оған көнбеңіз. С.Мұқ. ~ Қауымдастық қызметін қуаттаушылар да, көре алмаушылар да, бұл қалай болар екен деп әліптің артын бағушылар да болды. Әсіресе, өзіміздің кейбір ниеті тар, зымиян ағайындардан көрген қысым аз болмады. БАҚ.