Ықыласы жақсы, дос пейілді. ~ Ниетің қалыс екен, Мұқыш. Соғымның еті ада болмай тұрған жақсы уақытта келіп қалдың, ал, — деп жалғыз басты жуан ақ бәкісін алдыма тастай беріп әйеліне бұрылып: — Немене, бүгін үйді жылытпағансыңдар ма, ішігімді әперші бері, — деді. М.Мақ. ~ Үйімізге өмірі келмейтін ауыл секратары есігімізді тұңғыш рет ашып отыр екен. Сенімен ниеті қалыс-ау, е! Т.Рыск.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НИЕТІ ДҰРЫС
Ойы түзу, пиғылы адал. * — Бәкем, қонағыңыз ниеті дұрыс, адал адам болса керек. Терінің бір жері кесілмей, таза сойылғанын қараңызшы, — деді. К.Қаз. * Күні кеше жайлаудан түскенде бүкіл ауылдарыңызды қырып тастай жаздаған солар. Ниеті дұрыс болса сөйте ме? К.Қаз.
НИЕТІ БҰЗЫЛДЫ
Оң жолдан тайды. ~ Екеуi қос-қосардан төрт жарау ат жетектеп кептi және сойысқа бiр тай әкелген екен. – Осыны керегiне жаратсын. Ағайын ниетi бұзылды. Жерге кiргендей боп отырмын. М.Әу.
- Теріс ой санасын улады. ~ Балаң болса да, түз тағысының ниеті бұзылса, оның бір мытығанынан жан қалмас. Мергеннің шыбын жаны мұрнының ұшына келген. К.Сег. ~ Күнәлі іске әуелі ой бастайды. Жасасам қайтеді?.. Нем кетеді?.. Ешкім біліп болжамайды!.. деумен кісінің әуелі ниеті бұзылады, ойы арамданады. Д.Дос. ~ Алдымен, ұлын қырқынан шығарғанша бағысып берейін деген енесін қудалады. Күйеуіне кім біледі ниеті бұзылып, қызғаныштан баламызға жамандық істеп қойса қайтеміз деп санасын улады. С.Досж.
- Көзқарасы өзгерді, өштесті. ~ Ұзынағашта Қоқан қолы мен орыстар майдандасып жатқанда қала-қаладағы орыстарда үрей қалмаған. Қазақтардың орысқа ниеті бұзылып, әр жерден әр орысты өлтіріп, малын ала бастаған. Д.Әбілх.
НИЕТІ БҰЗЫҚ
Ойы арам, пиғылы теріс. ~ Мен білем ол Сүйменқұлыңның қай қамырдан иленгенін. Негізі қорқақ, ниеті бұзық, көмейі — апандай. Май берсең де, лай берсең де жұта береді. С.Смат. ~ Кіш, кет ары! Жамандығың өз басыңа. Иесінің жағасын жыртар ниеті бұзық мынадай иті бұрын-соңды болып па еді? Әрине, жоқ. М.Қаб. ~ Әкелі-балалы екеуі отарды жинастырып күдікті ешнәрсе байқай алмады. Әлгі қозыны басқа жақтан әкелген болды. Отары дін аман. Дегенмен, ниеті бұзық теріс азуды ертелі кеш байқатпай бақылауға алып жүрді. Т.Мәм. ~ Сөйтсе ниеті бұзық біреулер сол жерге кіндіктен ұра қазып, бетін жауып, ізін жасырып кетіпті. Тарланның жіліншігі үзілген. К.Жүн. ~ Кім де болса пиғылы арам, ниеті бұзық біреу. Әйтпесе, жесір келіншектін үйінен не алады басқа адам. Ө.Кәр.
НИЕТІ БІР
НИЕТІ БІР Мүдде-мақсаттары ортақ. ~ Жоқ, антыңның керегі жоқ. Мен саған онсыз да сенемін. Өйткені екеуміз де Россия патшасынан қорлық көрген жандармыз. Тілегіміз бір, ниетіміз бір, бірімізді біріміз алдауға тиісті емеспіз. І.Ес. ~ ─ Ал, халайық! Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады. Мына Бойков діні басқа да, көңілі, ниеті бір, пиғылы түзу, жақсы дос еді. С.Ом. ~ — Аман, тамыр, аман! Менікі Сұртай, – деп оң қолымен төсін нұсқады. – Жақсыны көрмек үшін деген. Әдейі келдік. Ниеті бірдің – тірлігі бір. Жүзің жылы екен. Жігітім, көңілімді түгелдей көлденең тостым. С.См.
НИЕТІ АУДЫ
Ойы кетті, көңілі түсті, аңсары ауды, ынтызар болды. ~ Көбен, сен осы Тұрсынның бой жеткен қарындасына сөз салдың емес пе? ― Көбен қысылыңқырап: ― Сондай бір ниет болған, — дей салды. ― Ниетің ауса, неге алмайсың? Б.Тоғ. ~ Бірақ « басқа бір адамы барлығы анық. Соған ниеті ауып, әбден бауыр басып алған. « Осыны ойлағанда Разия бұл дүниеден түңіліп кетеді. Ж.Сәм. ~ Түсіне кірген ақ; киімді, ақ сақалды қария айтқандай, ноқтаға мойын ұсынғаны сол шығар, күйеу жігітке іші жылып, ниеті ауды. Әуелгіде селт етпеген көңілінде бір нәзік сезім бүршік атты. Ш.Бейс.
- Әлдебір істі ойына алды, жоспар құрды. ~ Тіпті көп ұзамай оны Ұлы хан тұқымына қастандық жасағалы жүр деп астыртын өлтірмекке ниеттері ауды. Ә.Кек. ~ Осыған көңілі сенбесе де осылай деп ойлағысы келді. Мін тағып кінәлауға біртүрлі ниеті ауған. Т.Сәу.
- Ықыласы түсті. ~ Нәсіп берген көп жанға, Қасиетті жұмада, Ниеті ауды қарттарға. БАҚ. ~ Қой терісін жамылған қасқыр пішіндес қырыс қабақ қысық көздерге жұрт ниеті аумаса да, иланымға жол ашылды. Ө.Кәр.
НИЕТ ОҢ БОЛСЫН!
Қолға алған ісің сәтті болсын д.м. ~ Ал, Исатай інім! Ниеттерің оң болсын, ойға алғандарың іске ассын. Біз бірақ жығылғалы келгеніміз жоқ. Зорлап біреуді жығуға да құлқымыз жоқ. Бізге бітім, тыныштық керек! – деді. М.Әбд.
НИЕТ ҚОСТЫ
Жақындасты, селбесті, мүдделес болды. ~ Екеумізді де жетімдіктің үстінде, аналарымыз қатар өліп жылап қалған күнде бір–біріңді уат деп, әуелі бауыр етіп үйір қылып, артынан асық деп, жан дескен асық етіп қосып еді ғой. Бізді жаман ниет қосқан жоқ–ты. Мен саған еремін. Сырым! Ермеске жолым тар. Тыным бітті. Тәңір бетімізден жарылғасын! М.Әу. ~ – Хан ием, Сізге тізгінімді ғана беріп қоймай, тілек қосысып, ниет қосысып, туыс та болғымыз келеді. Хан өзіңіз болғанда, ханшамыздың бірі біздің бауырымыз болғанын жақсы көреміз. Ә.Кек. * Иә мен де жалғыз, шынтуайтқа келгенде, сіз де жалғызсыз. Өткеннің бәрін ұмытып, ниет қоссақ па деп едім. Б.Тоғ. ~ Бірақ оған тән қасиет – тынбай іздену, тынбай өмірден өткен белгілі арыстар мен ардақтылардың еңбегін жинап-теріп жарыққа шығару, халқына жеткізу, қалың қауымға құлағдар ету. Артында іздеушісі жоқ, бар болса да қарымы қысқаның ықыласына ниет қосу, жәрдемін беру. Ж.Дәу.
НИЕТ ҚАБЫЛ БОЛСЫН
Бастаған ісің сәтті болсын д.м. * Мынандай сынның артынан айтылатын сөз қалған жоқ. Тек жинал, атқа қонайық! Жол болсын, ниет қабыл болсын!- деп, ширыққандай атқып тұрды. М.Әу.
НИЕТ КӨРСЕТТІ
Оң ықылас танытты. ~ Ал бұған қазақ ауылдары көнбейтіндей ниет көрсетсе, осы маңдағы казак-орыстардың қарулы күштерінің бас қолбасшысы подполковник Ртищевке қалмақтың қарулы әскерлерін қазақтарға қарсы қолдануына рұқсат етілді. І.Ес. ~ Лобнордан қайтарда ол күнделік дәптеріне былай деп жазады: «Көп күн жатып жазғытұрғы аң аулау қызығына батқан жерден кету өте ауыр болды. Әсіресе, ашық- жарқын ақ ниет көрсеткен жергілікті халықпен қоштасу да оңайға соқпады. Ә.Марғ. ~ Кеше өлімнен құтқарған Василий Берюхинді Қаражан құшағын жайып, аса қуанып қарсы алмағанмен; дұрыс ниет көрсетіп қабылдады. І.Ес. ~ «Бізді құдай жаратқан жоқ, құдайды оған құлдық ниет көрсеткен біз өзіміз жараттық». І.Ес.
