Қарғап-сіледі. * Соған ыза болған діндарлар мұны енді бейге ібіліс етіп көрсетіп, нәлет айтып шулады. А.Смай. * Жаңа ғана бастарынан өткен сұмдық оқиғаны еске алып, Әли жындыға нәлет айтқан. С.Ом.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НӘЗІР БОЛДЫ
Құрбан болды. ~ Азар болса мал алар, адам алмас, Тобықтыны жиярмын бара салып. — Қыз алған жоқ жақыннан Тобықты әзір, Өлтірем деп жүрмесін бізді қазір. Өзімді аяп тұрғам жоқ, сізді аяймын, Сен cay болсаң болар ем мен– ақ нәзір. Шәк.
НӘЗІР АЙТТЫ
Құдай жолына деп садақа берді. ~ Таныстардан ешкім де мені көрмегеніне көзім жеткеннен кейін, ақшамды тапалтақ келген жуан қушыкештің картаға тіккен бәсіне қостым да, оның төбесінен қарап, дұға оқып, нәзір айттым … О.Бальз.
НӘЗІКТІ ҮЗІП, ТҮЗУДІ СЫНДЫРДЫ
Зорлық-зомбылық жасады, озбыр қатыгездік танытты. ~ Неге ғана дүмбілез, топас, қатыгез етіп жаратпадың?! Нәзікті үзіп, түзуді сындырып, жұрттың көз жасынан сусын ішіп, қайғы-қасіретінен шекпен пішіп, шен тағып жүре беретін!.. Неге ғана кеще, миғұла етпедің?! С.Жүн.
НӘЗІК СЕЗІМ
Жан тебірентерлік жүрек сазы, сұлу сезім. ~ Осы бір бақыт түнгі кездескен екі албырт жүректің жібек жіптей нәзік сезімдері бірте-бірте үлкен махаббатқа айналды. І.Ес. ~ Мәкеннің есті шешесі Дәрменге сүйсініп, мақтағаны да бар. Алғыс айтып, қаралы ана бата берген. Шебер тілін, орамды нәзік сезімін, майда мінезін құптай отырып мақтаған-ды. М.Әу. ~ «Мен хайуанмын, мен мақұлықпын» деп күңіреніп, күйзеліп жүрген Боранқұлдың бойынан нәзік сезім, сындарлы махаббат та қағыс қалмаған. Ғ.Біл.
НӘЗІК ЖҮРЕК (ЖҮРЕКТІ)
Сезімтал, жұмсақ мінезді, жаны мейірлі. ~ Сорғалап сиқырлы үн шығар ішектен, Шықпақшы ішектен емес, үн жүректен. Үзілсе ішек, үзілмес нәзік жүрек, Сондықтан, сұрағаным, тыңда шеттен. М.Жұм. ~ Ақылымен, отты еркімен, Тым ерекше өз құлқымен, Нәзік жүрек жалынымен Жеңілдігін от құмардан Кешпейсіздер қалай оған? І.Жан. ~ Ғазиз Гүлін сонша аяйды. Өйткені ол нәзік жүректі, ертемен кызметке кетерде оның мойнынан құшақтап алып, жібергісі келмейді. Б.Бұл. ~ — Атамаңыз, Анна Ивановна,— деп күлкісін күрт доғарған Ферафонтов байсалдана, қалды,— менің күлгенім біздің үйде де тап сіз сияқты нәзік жүректі орыс әйелі бар. С.Жүн. ~ Ашық мінезді, сезімтал, нәзік жүректі Ақбөбек ақыл тоқтата бастаған. Аға-жеңгенің арасында арда құлындай ар қайып өскен жігерлі қыз сөзге ұста, кісіге есесін жібермейтін қайсар боп бойжеткен. Ү.Жәл.
НӘЗІК ЖАН
НӘЗІК ЖАН Қыз бала, әйел. * Қаршадай нәзік жанның бір жағынан училищеде оқу оқып, екіншіден мұнша шаруаны бір өзі тындырып жүруі маған ерен ерлік тәрізденіп көрінді. Б.Соқ. ~ Жігіт шіркін бұғына ылпа жапсырған соң ба, бойын бүрістірген әлгі бір үрей мен ұятты сейіліп, дәл қазір өзіне арыстан атылса да алдында келе жатқан нәзік жаннан араша күткендей ізінен адаспауға тырысып томпылдай берді. Қ.Ысқ. * Бірақ өлгеніне он жыл болса да Ұлтуғанды ұмыта алмай жүрдім. Ұмыту мүмкін бе ондай нәзік жанды. Б.Қыд.
- Сезімге берілгіш, жүзі мейірлі, жаны сұлу адам туралы. ~ Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер!? М.Мақ. * Сөз де бөлек… Қайдан шыққан? Қашан айтылған? Қандай нәзік жан осындай боп, бар шынымен сүйе білген? Мәлім емес. Шырқап келеді. М.Әу. * — Өз басым композитор, ақын атаулы мұңсыз болады деп ойламаймын. Жаны нәзік жанның сезімі өрмекшінің өрмегіндей болмашы желдің өзін тез аңғарғыш қой. С.Жүн.
НЕШЕ СОҚЫР БОЛСАҢ ДА
Көрмейім десең де көресің д.м. ~ «Неше соқыр болсаң да танырсың, көрерсің құдірет тауымды» дегендей, Жанар тау шығаннан–ақ шүйдесін көрсетіп, шоқтығына талай бүркіт, қыранды мінгізіп, жапанға жар салып, азынап жатты… Ғ.Сл.
ҚОЛЫН БАТЫРДЫ
Өктемдік қылды, күш көрсетті. ~ Сондаймен көптен кіжінісіп келген елдер биылғы жылдың жазында бір-біріне қолдарын батырмақ болып, қыза қимылдасып еді. Ала жаздай жайлауда екі ел жақын отырған уақытта ел азаматтары түгелімен ат үстінде болған. Жаздай неше қилы әңгімелер болып өтті. М.Әу. ~ Жас бала кетіп бара жатқан анасына қолын созып, талпынып жылай бастап еді, бәйбіше: — Ой, көрдемше… — деп баланы жерден көтеріп ала берді де бүйіріне қолын батырып мытып алып еді, бала шар етті. Есікке барып қалған Ақбала жалт қарады. Балаға тағының тырнағы тигендей, жанұшыра жүгіріп келді де, бәйбішенің қолынан жұлып алды. Ә.Нұрп.
НЕШЕ ҚИЛЫ
Түрлі-түрлі. ~ Сондаймен көптен кіжінісіп келген елдер биылғы жылдың жазында бір-біріне қолдарын батырмақ болып, қыза қимылдасып еді. Ала жаздай жайлауда екі ел жақын отырған уақытта ел азаматтары түгелімен ат үстінде болған. Жаздай неше қилы әңгімелер болып өтті. М.Әу. ~ Бұғы- марал, тау ешкі, тау теке, ақбөкен, қарақұйрық. құлан, арқар- құлжа, елік дейсің бе, тіпті ол тірлігінде көрмеген аң- құстардың неше қилысын кезіктірді. Т.Рыск. * Мылқау табиғатқа еті үйренген бала неше қилы қиялға шомып, ақырында әкесінің елге қалай шыққанын ойлап кетті. Т.Әл.
