НЕГІЗІН ҚАЛАДЫ (САЛДЫ)

НЕГІЗІН ҚАЛАДЫ (САЛДЫ) Әлдебір істің басында тұрды. ~ Дәшті Қыпшақ жерінің батыс бөлегі Ноғайлының хандығына айналады. Бұл хандықтың негізін қалаған Маңғыт руы. І.Ес. ~ Шымкенттің негізін қалаушы Киікбайдан шыққан Құдайберген датқа. Соңыра атағы шыққан менмін. Б.Мом. ~ Алматы ғана емес, Мəскеуден бастап барлық университеттердің оқу жоспарына айрықша пəн боп кірген «Отандас халықтар əдебиетінің» негізін салып, бағдарламасын түзді. З.Қаб. ~ Бұл Подонок ұлтшыл, кертартпа күштердің зиянкес қарсылығына қарамастан, Қазақстан тарихындағы жаңа бағдардың негізін салған. М.Мағ.

НЕГІЗІ ЖАРЫМАҒАН

Шыққан тегі нашар д.м. ~ Бұрынғы маркұм әйелімді бір-екі рет ертіп жүріп, дүкендерді аралатып едім, өңінде емес, түсінде көргендей әр заттың тұсына бір тоқтап: «мынаның әдемісін-ай, мынау қандай керемет!» деп айналшақтай берген соң, ертпей койдым. Негізі жарымаған адам тегінде дүние-қоңыз келеді… Б.Тоғ.

НЕГІЗГЕ АЛДЫ (ҰСТАДЫ)

Әлдебір дерекке, туындыға сүйенді, соның негізінде жаңа шығарма жазды. ~ Ел аузындағы аңыз– әңгімелерді, ертегіні жырға айналдырып, тарихи шежірені негізге ала отырып жырлау және оған ән шығарып, әнмен айту тек осы Сегіз сері сияқты жан– жақты бес аспап таланттың ғана қолынан келеді. Н.Әбу. ~ Трибунал Бойковтың» қылмыстарын зерттегенде, ең алдымен, сіздердің хаттарыңыздағы айқын деректер мен мәліметтерді негізге алды. С.Ом.

НЕГІЗГЕ ҰСТАДЫ

~ Тұп– тура былтырғы ақылы. Күннің батып, таңның атуы қандай шындық болса, бірінші бәйгені де өзінің алатыны сондай шындық сияқты. «Менің қарамды негізге ұстап, жылдамдығыңды мөлшерге ал. Әшірәліге абай бол. К.Сег.

НЕГІЗ ЖОҚ (БАР, ЖОҚ ЕМЕС)

Әлдебір қорытынды жасауға себептің болу-болмауы хақында. ~ «Мен жүрген қызға үйлен» деп арандатқан Бейсен бе екен? Осыншалық шабынатындай тіпті де негіз жоқ, соншалықты бүлінетіндей айғақ және жоқ. Ә.Асқ. ~ Әуелгі кезде жаңалықтай боп көрінген бұл сауал оның санасындағы жігіт бейнесін біршама көмескілеп, бейтаныс адам жайлы ойлай беруге ешқандай негіз жоқ деген қорытындыға әкеп тіреді. Д.Иса. ~ Отряд командирінің жаңағы қылығына қайран. Хан-Дауровтың жаратпауында негіз бар екен. Ә.Нұрп. ~ Өзінің «мықтылығына» сондай кездерде күмәнданатын. Оған негіз де жоқ емес қой! С.Нұғ.

НЕГІЗ БОЛДЫ

Әлдебір істің ұйытқысы болды, іргесін қалады. ~ Осы даласын жаулап аламын деген бөтен тайпаларға бұл — әлгі сақтар руларының бірігіп қарсы тұруына негіз болған. І.Ес. ~ Кейін бұл заң мемлекеттік правоға, ресми заңға негіз болып «Римское право» аталып кеткен. С.Мұқ.

НЕГЕ ЕКЕНІН ҚАЙДАМ (КІМ БІЛСІН)

НЕГЕ ЕКЕНІН ҚАЙДАМ (КІМ БІЛСІН) Не себепті екенін айта алмаймын. ~ Ол — әкемнің өкшесін басып жүрген аталас ағайыным. Неге екенін қайдам ол терезе тұстағы бақша арасына жайғасқан менен көзін жазбайды. Н.Сер. ~ Менің қолымды бетіне басып көзін жұмды. Сол сәтте екі тамшы жас сынаптай домалап түсті. Неге екенін қайдам, мен дір ете қалдым. Денем бір қызып, бір суынғандай болды. К.Қаз. ~ Неге екенін кім білсін, бүл үйде ол ұстамды, салмақты, сергек. Б.Бұл. ~ Сол секундте Жандостың да мылтығы гүрс ете түсті. Неге екенін кім білсін, қасқыр қапты арқасынан тастай беріп, бері қарай ұмтылды!.. Аузын арандай ашып алған!.. С.Мұқ. ~ Кезек– кезек сампылдады. Неге екенін кім білсін, ұзын бойлы алдыңғы екі аяғымен тып– тықыр бетін жауып, теріс айналған. К.Сег.

НЕГЕ ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ

Әлдебір себеппен. ~ Неге екені белгісіз көңілім тыныштық тауып отыра алатын емеспін. Есік пен төрдің арасында әрлі– берлі жүрдім де қойдым. С.Мұр. ~ Дудыраған ұзын бурыл шашы жартылай бетін жапқан. Неге екені белгісіз, Оқас іштей тыжырынып қалды. Д.Әш.

НЕГЕ ДЕСЕҢ

Себебі мынада д.м. * Желдің соққаны керемет емес, қайта соқпағаны керемет болар еді. Неге десең, Күн жерді қыздырмай, жердің бәрінің суықтығы бірдей болса ғана жел болмас еді, мұндай нәрсе болып көрген емес. А.Байт. * Жер жүзінің үштен бірі теңіздердегі су болады; теңіздер суы құрыса жер жүзі суалады. Олай болса, теңіз суала ма? Болмаса, ортаймай, бір күйінде тұра ала ма? Теңіз суалуға болмайды, неге десең, оған өзендер құюын қоймайды, өзендерге селдер құюын қоймайды. А.Байт. * Тек жер бетінде ғана емес, аспанда да жел болады. Неге десеңіз, ауа тек жер бетімен ғана жылыспай, аспанмен де жылысады, аспанға шыққан жылы ауа салқын жаққа қарай ауады. А.Байт. * Жо-жоқ, тұншықса да, – қайта серпіліп шығады. Неге десеңіз, сонау тегімізден келе жатқан бір көзге көрінбейтін, бойға біткен бір алтын арқау қасиет бар. Ж.Аязб.

НЕГЕ ДЕЙСІҢ ҒОЙ

НЕГЕ ДЕЙСІҢ ҒОЙ «Себебін білгің келсе, айтайын» д.м. * Сәйбек осыны айтты да, сәл ойланып барып: — Ал сен… сен ғана емес-ау, қазіргі осы оқып жүрген балалар, көбің ақымақсың, — деді. — Неге дейсің ғой. Ақымақ емей, немене, тәртіпті жүр, оқуыңды жақсы оқы, адам бол десе, сендер соның бәрін керісінше істейсіңдер. Б.Соқп. * Шерубай ақсақал ашуланғанның орнына қуанып жылқышыға шапан сыйлапты. Неге дейсің ғой. Бұндай құт байдың байына ғана келеді екен. Және жүз жылда бір-ақ рет келеді екен. Т.Әсемқ. * — Тентегім, сен менің аузымды қышытпа. Неге дейсің ғой. Егер сенің орнында болсам, еркек болып жаралсам, қолыма қару алып, анау окопта жатар едім. Жарық дүниені көре алмай кеткен тұқымыңның кегін алар едім. К.Қаз. * Егер маған уақытты бір затқа теңе десе, ойланбастан асау тұлпарға теңер едім.Неге дейсіз ғой! Асау тұлпар сенің еркіңе бағынбайды,оны тоқтата да алмайсың,ұстап тұра да алмайсың. Өз еркімен кейде қатты,кейде баяу зырғиды. Г.Үсіпбек.

НЕ ШАТАҒЫМ БАР

НЕ ШАТАҒЫМ БАР Менің не қатысым бар, маған бұның не керегі бар д.м. ~ Жөн– ақ, енді не, сүзектен тұрғандай көзің кіртиіп. Мейлі, айтпасаң айтпа, сендердің семьялық жағдайларыңда не шатағым бар, дұрыс жүрсе деген тілек қой біздікі. Қ.Жиен. ~ Бұ жолы да… қосаяқтап шапшып көкке атылғанын қайтейін, тұра-тұра қалысып, дүрс-дүрс тебіскенін қайтейін, оператор камераны көздей бастағаннан-ақ, «менің сенде шатағым қанша» дегендей құйрықты көкке шаншып тастап, жолындағысын апырып-жапырып, бұрылып алып безе жөнеліскен. Н.Сам.