НЕ ШАРУАМ БАР (ЕДІ)

Мен неге араласуым керек д.м. ~ Белсенділерден ығыр болған ба, кім білсін, мені көріп қаға беріске қарай айнала береді. Жауырда менің не шаруам бар. Өз әлегім өзімде. Кітабымды арқалап, мектептен келемін. С.Шай. ~ Сол жарасы бар болғырдың қай жерінде екенінде не шаруам бар еді деп, аузымнан ол сұрақтың қалай шығып кеткеніне өкіндім. Ә.Нұрш. ~ Мезгіл ойлана отырып қалды. Қолайсыз сұрақ қойып ренжітіп алдым ба деп менде де маза жоқ. «Өзі айтса айтты, айтпаса не шаруам бар еді қазбалап?!» — деп өкінемін. С.Шай.

НЕ ШАРА (БАР)

Амал жоқ, дауа жоқ, не істеріңді білмейсің. * Омардың да, Қамардың да әлдеқалай бір балбырап, алаңсыз тәтті ұйқыға кіріскен түні бүгін-ақ еді. Аһ! Не шара?! С.Торы. * Тағдырдың ісіне не шара деп жүре берсе жүре береді ғой, әй, өздері де қырт…» Ы.Дәб. * Сорлы!.. Сорлы!.. Не шара бар? Бетіне қарап, тек: «бейшара, бейшара!..» –деп, басымды изедім. С.Сей. * “Түлкі болған заманды тазы болып шалатын” итке айналдырып, ит тұқымдастардың мінезін тағдыр қанына егіп отырса оған не шара бар?! Ғ.Біл.

НЕ ҮМІТ, НЕ ҚАЙЫР (НЕ ҚАЙЫР, НЕ ҮМІТ)

Не жақсылық күтуге болады. ~ «Өзіміз пәтер жалдап тұрып жатқанда, бөгелмегені де дұрыс болды ма», –деп ойлап үлгеретін бізден не үміт, не қайыр?.. Ы.Дәб. ~ Бәрі де пендешілік шығар. Мәймөңкеміз көп. Оның атын «сабыр» дейміз. Ақын сабырға көшіп, сыбырлағансын өзге тірліктен не үміт, не қайыр,— дейді налып. М.Сүн. ~ Содан жәрдем сұрайын, қорға дейін. Ал мына Қара пұшық Иваннан не қайыр, не үміт, өзі маған ала көздеу, мені жау қолына беріп, бекіністі тастай қашудан да тайынбас. І.Ес. ~ Менің бар-жоғыма қарамастан, әйелімді үйімнен айдап шыққаны да сондықтан. Осының алдында «Қарт енесін сыйлай алмаған келіннен не үміт, не қайыр?» дегенін де естіп қалғамын. Н.Ақы.

НЕ ТЫСЫ, НЕ АСТАРЫ ЖОҚ

Мән-мағынасыз, еш құндылығы жоқ. * … әңгімесінің не тысы, не астары жоқ жалаңқабат бейшара. О.Әуб.

НЕ ТҮЛЕН ТҮРТТІ

Не себепті бүйтті, жын соқты ма д.м. * — Ии, Ырғыз жақтан келген екенсіздер ғой. Ол бик жырақ бид, жырақ, — деп қояды Хайбри қыстың көзі қырауда мына қазақтарды не түлен түртіп жүргеніне түсіне алмай. Т.Ахт. ~ Қойны құр жатпаса ұпайы түгел еркек шіркінді қойшы, анау Қалияны не түлен түртті? М.Қаб. ~ Ұшқары сөз – ұшқыннан өрт қаулады. Екеуі де үйірге түсті. Не түлен түртті бұларды. Мінездерін меңгере алмай қалды. М.Азд. ~ Сол жолы өзін не түлен түрткенін білмейді. Әйтеуір күндік жерде жатқан Теректіден жылқы ұрлағысы келді. Ж.Баш.

НЕ ТЕҢІҢ (ТЕҢІМ, ТЕҢІ)

Біреуді (не өзін) кемсіте сөйлеу; кекету, мысқылдау. ~ — Оу, күніңді көрсейші, серілік сенің не теңің, — дегендерге. — Тышқаншылаған тышқан да, боқ шоқыған қарға да өледі. Менің артымнан тым болмаса бір ауыз жылы лебіз ілесер, сорлы-ау, сенің артың не болады, — дейді екен. К.Жүн. ~ — Ауру болсаң «мүгедектік» алып жат үйіңде, жұмыс сенің не теңің? Г.Егем. * – Атаеке-ау, жазу менің не теңім? Жеті атамда қалам ұстап, қағазға қаріп түртіп көрген адам жоқ! Т.Сәу. * Ішінде жүріп азаптың, Не теңің деме сөз қуған. Ұлылары қанша қазақтың Мәскеуге барып көз жұмған. Р.Ниязб.

НЕ ТАМАДЫ (ТАМДЫ)?

Не пайда? * «Біздер – жастар – көппіз, жұлдызбыз, арыстанбыз, батырмыз, қорықпаймыз, жаншып таптап кетеміз, жанып тұрған отпыз, жалынбыз, біз қоймаймыз, біз кенелтеміз, біз қарық қыламыз…» дей бергеннен не тамады? Ж.Айм. ~ Казак-орыс мүлде дәуірлеп алды, Қазақ мал-жанға ие болудан қалды. Газет жазып кенелткен боп біз жүрміз, Еңбек зая, есептесең бұл қалды. Жақын жерден елге тиер пайдаң жоқ, Алыстағы құр сөзіңнен не тамды?! Ж.Айм.

НЕ ТАБАР (ТАБАДЫ, ТАБАМЫН)

Одан не пайда көреді д.м. ~ Иірімі жоқ суларға Иірілген шабақ не табар? Қайрымы жоқ сұлтанға Ерген нөкер не табар? «Ер Тарғын». ~ Қатын қалса ер табар, Ұлың қалса мал табар, Қызың қалса бай табар, Жан өлімге жеткенде, Кәріп басың не табар?! БС. «Бозжігіт». ~ Сейпілмәлік Аллаға мойын ұсынды, “Қайтіп өмір сүрейін дем жеткен соң”. Алпыс кісі қасында сөз айтады, Ажал болса ойбайменен не табады?! Сейпілмәлік». ~ Ал көнбедім, тірестім, ерегістім. Сонда не табамын? Интернатқа қабылдамай қойса, қайда барамын? Қаңғырып қаламын ғой. Ш.Мұрт.

НЕ СЫР БАР?

Мұның құпиясы неде? * Мұнда не сыр бар десеңіз, қайыспайтын қажырлы бұтаққа жуантық сабағымен жабысады екен, бұлар желге қырын келмей, жонын беріп, бірінебірі иін тіресіп, селбесіп берік қабысады екен. Ж.Айм. * Көктемде өзен кемерлей ағады. Күреңітіп майда толқын атады. Тентек иірім бұрқ — сарқ қайнайды. Езуінен көбік шашып ашуланып жатқандай. — Осы иірімде не сыр бар? Неге үйіріледі? Н.Сер. * Содан ойландым: осы Ғалекеңнің күні бұрын шықылықтап, осыншаға келдің деп мазақтап, мазасы кететінінде не сыр бар?.. Т.Шап.

НЕ СҰРАЙСЫҢ

Не күтуге болады, не қайран, не істей аласың, нендей айып тағасың д.м. * Бірақ жарау шағында жындана құтырған түйеден не сұрайсың… Амал не… Ш.Айт. * Тұтанып өршуге бет алып тұрған араздық ал енді дауламасы бар ма? Дүрілдеген өсектер, гүрілдеген өсектер судай ағылды. Әй, не сұрайсың?.. С.Торы. * «Нүрекең жүз кісімен өзі барып, Қамарды әкепті, бірақ айла болса керек, Қамар үйінен шыққаннан талып, әлі есін жөнді жимаған, әлсін-әлі аузына келгенін сөйлеп, шатаса береді дейді» — деген хабар жұртқа дүңк ете түсті. Әйдай!.. Не сұрайсың, қайырлы болсын айта Нұрымға қарай ағылған лек-лек кісі!.. С.Торы. * Қыр үстіндегі ұзынша қыстауға таяғанда тамағын кеней түсіп үн қатты: — Ықсанжан, асыл тастан, ақыл жастан деген. Алжасқан менен не сұрайсың? Қалқиып жүргеніміздің ұшпақ емес пе? М.Сүн.