Одан саған не пайда, не жақсылық көресің д.м. ~ – Жалғызымды менен айырғанда не марқадам табасыңдар. Құлынымды айырмаңдар менен, одан да мені өлтіріңдер, жауыздар! Жүрген жеріне жуа бітпегір сұмдар, өлтіріңдер мені! Ж.Шәк. ~ Түстіктегі Мәмбетке, не шығыстағы Төртуылға кірме боп қосылғанда не марқадам табады? Қ.Жұм. ~ – Өз халқыңды табалағанда не марқадам табасың. Біздің қазақ қазір жетім бала сияқты той. Кім қолына нан ұстатса, соның жетегінде жүре береді. Қ.Жұм. ~ Жаны ашитын біреулер оған: «Шепен, — шырыш бұзғыш тентек, Абан, — кескекте абалаған ит, бұл екеуін ертіп не марқадар табасын? С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НЕ МАЛТАҢДЫ ЕЗІП ОТЫРСЫҢ
Не мыжып кеттің д.м. ~ — Әй, сен не малтаңды езіп отырсың?—деді кенет қызына қалған Күнтуар. — Өгей әке болсаң да, әке емес пе едің?! Мысық екеш мысық та асыраған баласына мейірімді келеді! І.Ес. ~ Біреу жағынан тартып жібергендей, Есімнің өңі қара күреңденіп кетті. – Ей, сен не малтаңды езіп отырсың? І.Ес.
НЕ МАЗАМ
Керегі не д.м. * Жаныңды құрсаулаған бір ақ шабыт, Таулардан тасқындаған бұлақша ағып, Бір екпін әкелмесе жасыл жайға, Не мазам — ондай жырға құлақ салып! Ф.Оңғ.
НЕ ҚЫЛСА О ҚЫЛСЫН
Білгенін істесін, маған бәрібір, не істесе де мейлі. ~ Әлде жауымның біреуін өлтірдім, маған сол да жарайды, қалған жұрт не қылса, о қылсын, ретін тауып сытылып кетем деп тұр ма. О.Көш. ~ Мен кейідім: — Не қылып жатыр екен дейсің!.. Не қылса
ол қылсын, былшылдамай тұра берсейші! — дедім. С.Сей. ~ Айшаның қабағы қарс жабылған бойы түсі суып, беті тастай болып қатып қалды. Үн жоқ. Бірақ еңкейіңкіреген кеудесін көтеріп алып: — Бәрібір енді!.. Не қылса о қылсын, көрерміз! — деді. С.Сей. ~ — Жеке меншік картопты не қылсаңдар о қылыңдар, тіпті қазып алмасаңдар да бәрібір. Ал совхоз егінін жинап алуға міндеттіміз. В.Рас. ~ Балалар не қылса, ол қылсын, бірақ оған бірде-бір ата-ана араша түсіп көрген емес. Ә.Қалд.
НЕ ҚЫЛСА ДА
Қалай болғанда да. ~ — Сен итаршы болмай-ақ қой! Не қылса да өз үйлері! Осы ауылды өңкей бір кірме қатындар билеп алған екен!— деді Айтолқын. Ғ.Мүс. ~ Бәкизат кешпес, осы жолы айрылысар деп еді; жоқ, үйтпеді; не қылса да, араларындағы екі жапырақ бала себеп болды ма, кім білсін… Ә.Нұрп.
НЕ ҚЫЗЫҚ КӨРДІ
Өмірден не игілік, не бақыт көрді д.м. ~ Қартайғанда алжасайын деді ме? Онысы рас па? О да мүмкін- ау. Қырықтың үстіне жаңа ілінді. Қит етсе: «Сенімен не қызық көрдім» дейтінді тауыпты. Сол да жай айтылмаса ше?..» М.Сүн. ~ Айқайласам ешкім естімейді- ау!.. Өлтіреді бұлар. Түк емес… Түк емес. Өлем бе?.. Мынау жарық дүниемен қоштасам ба?.. Не көрдім?.. Қандай қызық көрдім?» Балтаның көзінен жас парлады. С.Смат.
НЕ ҚҰРЫМ
Қаншалықты, мейлінше, барынша. ~ Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ. Біреулер к… не құрым киізді малшып тыққан соң исі шығып, мырза болып, еріксіз кім болса соған талтайып емізіп жүр…Абай. * Бiрақ әйелiне не құрым елеусiз салқын қараса, сол құрым Абай балаларына аса мейiрiмдi, сағынышы күштi әке боп келдi. М.Әу. ~ Құла — сары мен жиреннiң аралығындағы түс; басы мен денесi жылтыр сары не құрым сары, сауыры мен жал құйрығы қара, жотасында құйрығына дейiн созылған жiңiшке жолағы бар жылқы. Ә.Қайд. * Алалға қарсы хан болдың, Тентекті сүйеп не құрым. Азған сені көргенде, Қайнайды менің зығырым. Дулат Баб.
НЕ ҚҰДАЙ ҰРДЫ
Не болды, не көрінді, жын соқты ма д.м. ~ Отызға келгенше ақ — адал жүрген жан едің, енді бұның не, жақсы болсын, жаман болсын, некемен қосылған жарың бар емес пе? Сені не құдай ұрды? Ал енді, айтшы қане, осының дұрыс па?!» Ә.Тар. ~ Бұрын иен далада екеуі талай нысана атып, жаттыққан болатын. Енді не құдай ұрып тұрғаны белгісіз. Қ.Жұм. ~ — Әй, әкеңнің… Әшір! Оңбайсың ғой, оңбайсың. Жүзіп өте алмайтынын бар, бәстесіп нең бар? Бәстескен екенсің, жүзіп өтпей не құдай ұрды? Еһ-еһ-еһ! Менің де күнім күн екен… М.Қаб.
НЕ ҚИСЫНЫ БАР?
Еш жөні жоқ д.м. * Мінезің менен орай болса дақ түбі шешілмейтін не қисын бар? «Ақан-Зайра.» ~ Ал Ахмет, айналайын әулие Ахаң, көзi жасаурап маңдайымнан сипайды: «Қарағым-ай! – дейдi қамығып, – бiздi азап пен тозаққа салса – бiз жаумыз, жөнiмiз, жолымыз бөлек. Сенi зәбiрлейтiндей не қисын бар едi. Т.Сәу.
НЕ ҚАРА КӨРІНДІ
Сонша не болды екен? ~ — Әй, қайда барасың?.. Ана Рапышты шақырып жібер! Түрін, иіттің баласының, не қара көрінді екен бұған! — деді тағы да. С.Сей. ~ Сөйтсе, Кәрімнің қорқатыны директор екен. Өзінен әдде қайда кіші, қызметтес жігіттен сонша үрейленетіндей не қара көрінді? Б.Тоғ. ~ — Көлденең көк аттыға ілесетіндей не қара көрінді. Ертең Алпамысым келіп, аманат еткен серкелерім қайда десе, не айтамын… Шөрей, жаным, шөрей! А.Сей.
