НЕ ҒЫПТЫ (БОПТЫ)?

Неге олай болмауға тиіс? * Бұрынғыдай емес, әсіресе, Алтынай тұрмысына енді ырза. Ырза болмай не ғыпты? Байы атқа мініп, кісі болды. Кісі болғалы, үйі үй болып келеді. Өмірі бітпеген қара ала сырмақ та, ақ киіз де төр алдына пайда болды. Ж.Айм.

  1. Не істеді, қайтті д.м. ~ Тұра тұрсын бұл сөзім Айтамын рас, шын сөзім, Кетейін тағы баян ғып, Қарлыға сұлу не ғыпты? «ҚҚҚ». ~ Әлібек басын шайқады. — Қалғандары не ғыпты? — …Қалғандары аман шыққан. Х.Есен.

НЕ ГӘП?

Бұл не болғаны? Бұнің не мәнісі бар д.м. ~ «Не гәп! Не гәп?» деп өзіне-өзі күбірлеп Рәуіш тұрған корпустың бұрышын айнала бергенде, Қанаттың қарсы алдынан Айкүміс шыға келіп: — Жолың болсын, тентек жігіт!— деді. Ғ.Слан. ~ Кенет құлағына өршелене арсылдаған үн жетті. Елеңдеп дыбыс аулаған. “Бұ не гәп?! Итке шейін құтырып барады. Етектен алған шәуілдектерге не дауа? Ықты-жарды тындамайды. Шетінен өлермен”. Ө.Кәр.

НЕ БҮГЕ, НЕ ШІГЕ ТҮСПЕДІ

Не олай, не былай емес, дүбара жағдай. ~ Несін айтасын ағамыз керемет табысты адам. Не бүге, не шіге түспей, екеуінің итіс-тартыс керілдесіп жүргені де осы дүние бөлістің есебін таба алмай қиналады-ау деймін. Қ.Ысқ.
.

НЕ БҮГЕ, НЕ ШІГЕ

Не олай, не былай; не жеңіс, не жеңіліс, екеуіне де дайын болу. ~ Ірі қараның бірі– екеуін сатып, биыл жаз Виктор Петровичке барып қайтармын– ау… Оған дейін Айжан ісі не бүге, не шіге шешілер. Өзім де оңбайым… «Айжан дейтін қызыңыз, то есть келініңізбен таныстырам» деп жазғанымды айтам– ау». М.Сүн. ~ Азамат (сене алмай). Бірі болса, оны көрерміз, амал не? Әйтеуір, бүгін не бүге, не шіге!.. (Қоңыз мұртқа). Мүмкін, сенікі сәуегейлік болар, түк шықпас. Көрейік неде болса!.. З.Қаб.

НЕ БОЛСА, О БОЛСЫН!

Неге болса да дайынмын, болғанын көріп алайын д.м. * Қарияның келбетіндегі барша жастық бояуынан ніл қалдырмай жалғыз күй кергілеп еміп, тақа суалдырып кеткен жоқ па екен?! Мейлі, не болса – ол болсын! Ғ.Біл. * Қалайда, Жәдігер өзіне ырза. Не болса, ол болсын, менменсіген неменің намысына тиетін жанды жерін дәл басқан екен. Ә.Нұрп. * Осы арада бір ойран салып кетпей рульге қайта отырмайды. Арты не болса, о болсын… Ел не дейді, жұрт не дейді, заң не дейді, мейлі… Ә.Кек. ~ Есірткі сатпағаным тағы аян. Не болса — о болсын, ақша өзінің баратын жерін жаңа тапты. Д.Шал.

НЕ БОЛСА СОҒАН

Кез-келген жәйтке. ~ Өзіне–өзі келіп, кірпігі қимылдағанда, аналар не болса соны айтып, не болса соған күліп, жатыр екен. Сүйретіліп орнына қарай бара жатыр еді. Н.Дәу. ~ Ғашық адам да мәжнүнмен тең. Мәңгіреді де жүреді Көңілі ылғи жүдеу, жетім. Әрі не болса соған елжіреужік келеді. М.Сүн.

НЕ БОЛСА ДА

Қайткенде де, кез-келген жағдайда. ~ Шынын айтқанда, есалаң Әзімбай тілге келуге, ойлауға мұрша да бермеуші еді-ау. Жарайды, не болса да Жасағанның жазуы шығар, іштегі баланың атасы болғандықтан, Әзімбаймен араны үзуге тиіс емес те шығар. Күнә да емес шығар. М.Жұм. ~ Арада өткен айлар саны бұл күнде есеп емес. Не болса да «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей. Базаралы жолдағы бар бейнетті басып озып, өктеп келіп жеткен еді. М.Әу. * Жол үсті шаршайтын да шығармыз, талай рет жүгіміз де ауатын шығар. Бірақ не болса да көнді, әке. О.Көш. * Жүрегі кеудесіне сыймай, атқалақтап тұр. Не болса да көрпеге бүркеніп алып, таң атырмақ болды. Е.Бақ.

НЕ БОЛДЫМҒА ҰШЫРАДЫ

Есі шықты; зәресі қалмады. * Ауылды бейсауат жүргіншілерден «қорғағаны» сол, өз басы не болдымға ұшыраған сабалақ жер-көкті басына көтеріп, құлаған жерінде қалды. К.Сег. * — Қолға түскендерді бірден өлтіріп тастамай, мұрын-құлақтарын кесіп, мұсылман еместерін кәдімгіше пішіп дегендей, адам төзгісіз азаптың түр-түрін көрсетіп ит қорлыққа салады екен – деген алып-қашпа сөздер, онсыз да «Не болдымға?» ұшыраған біз секілді жас сарбаздардың зәресін алды. С.Құсанб. * «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дегендей, «не болдымға» ұшырап, байбаламдап барады. К.Сег.

НЕ БІР

Айрықша, елден ерек, өзгеше д.м. ~ Ең болмасын көз алдында жүрген бір жолдасыңның, не бір кемесердің қызметін, тұрмысын жазсаң, о да қызық емес па? Əлгіде аптомобелмен өкіріп бір кемесер кетіп барады. Ол ненің салдары. Бір аптомобел 40 аттың орнына жүретінін біле ме екен о жолдас? Сендер жазғыш болсаңдар осыны неге жазбайсыңдар? Ж.Айм. ~ …талай дабыралы жиынның төрінде отырып, не бір қасқа мен жайсаңдардың тізесін басып сөйлесіп, табақтас болып өмірін өткізе берді. Б.Жұм. ~ Ал мен оның алыстағы жары келу қарсаңында ауыр дертке душар болғанына налыдым — әлденеге көңілім ұйтқып, не бір жаман ойларға кете бердім. Х.Ес. ~ Адамзатта не бір асылдар, не бір даналар, не бір жүрек жұтқан батырлар жаралады ғой. Құданың құдіреті күшті. Жан-жануар, мақұлықтар ішінде де өз тұрғыластарынан озып туған ерекшелері кездеседі. М.Мағ.

НЕ БІЛГЕНІҢ (БІЛГЕНІ) БАР

Бұндай әрекетке не себептен бардың, ойың қандай д.м. ~ Құлтуманың тайталасқанына Шекердікі де ұстап кетті: Сенің не білгенің бар? Немене аузыңа келгенінді күйсеп отырғаның… Малға ие жігіт боп… Мал тұрсын, басыңда билік бар ма? Шірік-ау! Сен Көксаудың қара табан құлы емеспісің? Ж.Айм. ~ — Жеңеше-ау, осы біздің кісілердің не білгені бар? Үлкен үйге Абай орнап алды ғой. Бұлар жыл уағы жетсін деп қаңқиып жүр… Аналар болса, Оспанның баласы деген боп, бір ұл, бір қыз немересін ие ғып қойып еді. Енді ертенді-кеш Еркежанның үйінде Абай болады. Бар баласы нөкерімен үлкен үйден шықпайды. Тек жүр ме? Ертең болатын үлесті астыртын қамдасып жүр ме? Соған кімнің көзі жетті?.. Не ойлайсыз?— деп еді. М.Әу. ~ Кеше қырылысып алған қыстаулары былтырдан бері қаңырап бос қалған… — Осылардың не білгені бар? Бекарыстан басын шайқап отыр. З.Шүк.