НАМАЗҒА ЖЫҒЫЛДЫ

Дінге бет бұрды; мұсылмандықтың бес парызын орындай бастады. * Ақтөбедегі ішімдікке салынғандарды сотпен мәжбүрлеп емдеу орталығына келгендердің арасында он жыл серік болған арағын намазға жығылып, тастап кеткендер бар. БАҚ * Айтпақшы, қазақ жігітінің жары күйеуінің рұқсатымен намазға жығылған. Соңғы екі айдан бері бес уақыт намазын қаза етпей оқып келе жатқан Вика Аллаға құлшылық жасау арқылы үлкен жеңілдікті сезінетінін жасырмай айтты. БАҚ

2. Ғибадат қылды, намазын оқыды. ~ Ертеңiнде таңғы жұма намазға жығылған соң, жас демей, қарт демей, асқа жиналған топ тайлы-таяғымен Қамбар ордасының жанына тiгiлген Қойбас марқұмның қаралы үйiне қарай ағылды. К.Сег. * Екі жақтың қақ алдарындағы шолғыншы әскерлері енді-енді маңдай түйістірерде, ол өз әскерінің қақ ортасындағы үйік обаның басына шығып, жайнамазын жайып, құбылаға қарап, намазға жығылды. Ә.Кек. * Сосын Байтақ шаһардағы ең үлкен мешітке барып намазға жығылатын. Ә.Кек.

    НАЛАСЫНА ҚАЛДЫ

    Ренжітті, ашуын келтірді, қарғысына қалды. ~ «Малға теріс қарап мінбе», «киімді теріс киме» деген сөздерді де жиі еститінбіз. Бұлар да – жаман ырым. Ертеде біреуге тілі тиген немесе қолы тиген, сөйтіп халықтың наласына қалған адамдарды жазалағанда атқа теріс мінгізіп, елдің ішін аралататын болған. Қ.Бег.

    НАЛАСЫН ШАҚТЫ

    Өкпе-ренішін, мұңын айтты, қайғысын бөлісті. ~ Өзінің аузына қарап отырған дос тобына Дәрмен бар бейілін беріп, мейірін сарқа сыр толқытты. Кейде көңілдендіріп, күлдіріп алған достарына енді келіп аса бір ауыр наласын шағады. М.Әу.

    НАЛА ҚЫЛДЫ

    Өмірге, тағдырға қапасын айтып, зарланды, зар жылады. ~ Соны өзге жерде шығармайтын, басқа жанға шақпайтын халық, бүгінгі бір ғана азаматтың азасының үстінде айғайлап жылап, нала қып біріне-бірі шағады. М.Әу. ~ — От үрледім жеті жыл: «Жаншы, жан!» Жарлық қылдың жаңбырға: «Жауа сал!» — Мені биыл қалдырмай бұл парыздан, Болмаса, — қылды нала — жанымды ал! М.Ж.Көп. ~ Асхаптың баршасы һәм мұны көріп, Көзінен жасын төгіп, қайғыланып. Жылады үлкен-кіші бәрі һама, Айтады: Хасен, Хұсайын нала қылып. М.Ж.Көп. ~ Қар жауды деп ойлайтын да, бір соғатын санына; Ерсіл-қарсыл, күңкілдеп үйге енетін нала ғып, Не істеуге біле алмай байғұс кедей қабарып, Тысқа қайта шығатын, мәссаған, бұл жаңалық! М.Мақ.

    НАЛА КЕШТІ (БОЛДЫ)

    Қасырет шекті, уайымды болды. ~ — Жұртым — жер, руым — көк, далада өстім, Қорлық көріп байлардан, нала кештім. М.Мақ. ~ Біз Еркінді тоқ соққанда қасында бола тұра қол ұшын соза алмадық. Көмек бере алмадық. Осыған нала болам. Қ.Әбіл. ~ Ауылдың үстін жын ойнақ қылып қашанғы жатады. Енді Киікбай балаларының басын мүжігісі келмесе, аттансын, қожа нала болып кетті. З.Шүк.

    НАЛА АЙТТЫ

    Өкпе-зарын жеткізді. ~ Отбасында Бүркітін құшақтап жаратқанға нала айтып кемпір тағы жалғыз қалды. Н.Абдр. ~ Ары-беріден соң, тіпті есектің титыңымен тұлпардың бәйгесін алып жүрген салымдылығына тәуба деудің орнына, тағдырына нала айтуға көшсін. Т.Сәу.

    НАҚЫСЫНА (НАҚЫШЫНА) КЕЛТІРДІ

    Шебер орындады. ~ Қайшысы сақ-сақ етіп, ойнақ сап жүреді. Айта кетейін, маған жұмысын нақысына келтіріп істейтін адамның бәріне де осылай қарайтын бір мінез пайда болды. Ғ.Мүс. ~ Күдерінің үні тым биік болмағанымен, әнді нақысына келтіріп айтатын бір сыдырғы даусы бар, оның үстіне жақсы домбырашы. Қ.Жұм. ~ Сөзбе-сөз, жазып алғандай сыдыртып келеді. Кәдімгі режиссер дайындаған адамша бәрін нақышына келтіріп айтып шықты. К.Қаз. ~ Өзі арбекеш болғандықтан «но» деген сөзді шеберлікпен нақышына келтіріп айтатын-ды. Т.Бер.

    НАҚЫСЫН ТАНЫТТЫ

    Әлденеге ұқсатты. ~ Соңғы сөздерi анық ащы мысқылдың шеберлеп айтқан нақысын танытты. Бұл отырған Ырғызбай жиыны Абайды тегiс кекетiп, тұтас күлiстi. М.Әу.

    НАҚАҚ ЖАЛА

    Жазықсыз, себепсіз тағылған айып. ~ Көзің жетсе, адал болса, жан бергеннің күнәсі жоқ. Қайта ағайының мен туысыңды нақақ жаладан құтқарасың» деген еді. М.Әу. ~ Кризге түсіп жатқанда да, «Сәтбаевтай ғұлама досымды нақақ жалаға бермеймін!» деген күйкі өксікпен ғазиз жан фәни дүниеден аттанды… М.Сәр.

    НАҚАҚ (НАҚАҚТАН-НАҚАҚ) КҮЙДІ (КҮЙДІРДІ)

    Бекерден-бекер, жазықсыздан жазықсыз опық жеді, жаза тартты. * Алғашқыда өстіп жәбір қысқандай еді. Нақақтан күйіп кететіндей көрген. Қ.Найм. ~ Ешкімнің ешқашан ала жібін аттаған емеспін, «Иманды жігіт» деп мақала жазған өзіңсің. Бір жетінің ішінде нілдей бұзылып пікірі өзгере қалады деп тегі ойламаппын. Нақақтан күйіп барамын… Д.Дос. ~ О, құданың құдіреті. Қапелімде бар пәле ұйтқы болған, тыныш елді дүрліктірген кержақ орыс пен Маржасы жайына қалып… қызыл жағалы қазақ шен–шекпендінің намысын жыртып, байпатшасы нақақтан күйіп бара жатқанын жыр ғып… Ал, кеп айтыссын!.. Ал, кеп кергілессін!.. Д.Дос. * 3әуре. Қой, өтірікпен қаралама. Сондай сөзді ауызың барып неғып айтасың? Байларға жоспар бер десе, оны қысып орындат десе ол өз алдына, үйтіп нақақтан күйдірмеу керек. Б.Май.