Көңілдесі, ойнасы. ~ Нақ сүйерiң өзiммiн, жердiң үстiмен кеп, астымен қайтпаймын, аласың менi. Алғаныңның басы осы, ала жаздай қайтпай, осы қалада жатасың, ендiгi қызығыңды көретiн мен ғана!» дептi. М.Әу. ~ Нұрқан (кекетіп). Әлде нақ сүйерім болмақ шығарсың (Күліп.) Әлемнен асыпсың ғой, сен! М.Әу. ~ — Бізді кісі құрлы көре ме, сенің таңдап алған нақ сүйерің! Ауылды-ауыл, аруақты-аруақ білмей анау қаңғырған ноғаймен… сұлуың!..—деп тығылып айта алмады. І.Жан.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НАҚ ОСЫ (ӨЗІ)
Дәл осы. ~ Өзі үркіп тұрған жұртты үркітуге ықтималы бар кезде бас қостырамыз деп, әлдеқалай бола қалса, онан соң ондай жұмыстан бездіріп алып жүрмелік. Нақ осы кез бас қосу қанша керек болғанмен, бас қосуға қолайлы кез емес. А.Байт. ~ Лизаның нақ осы жазға белгілеген барар жері жоқ болғасын құрбысы алыстағы аулына ертіп бара жатыр. Т.Әл. ~ Қасымжан мұны арнағандай қылып айтып отыр, нақ осы күй Қасымжанның, ез басында бар. Б.Май.
НАҚ ӨЗІ
Тура сол д.м. ~ «Күйеуімен әлі күнге шейін тұз-дәмі жараспаса керек», «Шыдағанға шығарғанның нақ өзі болды ғой онда!», десіп өсек таратты. Т.Әс. ~ Осындай әрекетке баруға бұларды итермелеп тұрған нақ өзi екенiн бiлiп, жерге төбесiмен кiрiп кете жаздады. Ә.Ыб.
НАЙЗАСЫН ҚАНҒА МАЛДЫ (БОЯДЫ, СУАРДЫ)
Жауын жер қылды, қанға бояды. ~ Тас найзасын қанға малып, Үшкір ұшы қан жалап Ең алғашқы шекараны тартқан сол ғой таңбалап. К.Мырз. ~ Талай қалмақ ұрысқан Абыройын жояды, Батырларын өлтіріп, Найзасын қанға бояды. «Қамбар б.» ~ – Әй, Ханбике, Ханбике, Мына залым хан Мамай Өлетұғын болмады. Қолындағы найзасын Қызыл қанға бояды. Өлетұғын хан Мамай Айтып берші айласын. БС. «Орақ пен Мамай». ~ Жұлып алдым қаңбақтай, Сөзінен пайда таппады. Құлатып аттан аударып, Найзаны қанға суарып… «Қыз Жібек».
НАЙЗАСЫН КӨККЕ ТІРЕДІ
Қаруын қамдап, найзасын кезенді, айбат шекті. ~ Онан әрі сен барсаң, Екі тізгін тең Үзеңгісін үзе шіренген, Найзасын көкке тіреген Іштен туған Едіге Тайдан туған тарлан боз… Ә.Марғ. («Көкетай хан…») ~ … біткен бойы тарамыс, шынтақтай ғана Ер Ағыс пен Қожас, Әлеке мен Баубек, Бекіш пен Шекіш, Сайқал мен Болат, үзеңгісін үзе шіреген, найзасын көкке тіреген, іштен туған Едіге, сасық қайың сауып ішкен, осырақ шалдың баласы Алпай-Мамет, Көк-қоян – бірін де қалдырмайды. «Манас». (Б. Әлімж.)
НАЙЗАНЫҢ ҰШЫНДА, ҚЫЛЫШТЫҢ ЖҮЗІНДЕ
Басына ажал қаупі төніп тұрғанда. * Өйткені, Боранқұлдың тағдыры найзаның ұшында, қылыштың жүзінде қылпылдап тұрған шақта да өтірік айтып көрген жері жоқ еді. Ғ.Біл.
НАЙЗАНЫҢ ҰШЫ, БІЛЕКТІҢ КҮШІ
Қару-жарақ пен қара күш. ~ Біз тендікті найзаның ұшымен, білектің күшімен аламыз деп жүргендерміз. Арамдарың осы бастан арашалан. Адалың соңыма ер!.. Б.Май. ~ – «Екінің бірі» дейміз «не балаңды тірідей қолымызға бер, не істеуді өзіміз шешеміз немесе бізге өкпелеме, ар жағын найзаның ұшы, білектің күші шешеді» дейміз… С.Мұқ. ~ Екі мың үй Кішкененің ішінде етек-жеңі кең, мол руы — Асан. Қазір Асанда үй саны мың жарымға жақындайды екен… Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші сынға түскен заманда, қай ауылдың жігіті көп болса — айдыны биік, сөзі үстем. З.Шүк.
НАЙЗАМДЫ ӘПЕР
Желікпе, қызба, әпербақан адам туралы. ~ Көп уақыт өтпеді. Мәжілістің мұндай мылқауланып қалуына ежелден шыдап отыра алмайтын найзамды әпер, қыршаңқы Дәукен ойдағы жоқ жерден бір сөздің басын сопаң еткізді… І.Жанс.
НАЙЗАҒАЙДЫҢ ОТЫНДАЙ
Жарқылдады, жылтылдады. ~ Көзінен найзағайдың отындай жылт– жылт етіп ұшқын шашқан тəрізді болды. Ж.Айм. ~ Июнь жарлығы найзағайдың отындай жалтылдап, саңлаусыз қараңғылықты ерсіл-қарсыл есіп жүр. Ғ.Мүс.
НАЙЗАҒАЙДАЙ ЖАРҚЫЛДАДЫ (ЖАРҚЫРАДЫ)
Жарқ-жұрқ етті, алабұртты. ~ Қозғалған таудай қалтырап, Найзағайдай жарқырап, Толқындайын тауланып, Қомданды жылан қос басты. Шұбарлана шабынып, Күн көзіне шағылып, Жылтырап əйнек қос көзі, Шатынады жарылып. Жамбыл. ~ Қара бұлт қоюланып, найзағай жарқылдай түсті. Бірақ өз жаны сол найзағайдай жарқылдап тұрған Сәуле оны елеген жоқ. Ә.Әб. ~ Қара дауыл, ала боран, отты сел, Көк жаңбырдай қаптай жауған оқ нөсер, Ортасында найзағайдай жарқылдап Айқыш-ұйқыш ашты майдан есіл ер. Ғ.Қай.
НАЙЗАҒАЙ ОЙНАДЫ
Найзағайдың жарқ-жұрқ еткен жарқылы туралы; көкті тескен найзағай жарқылындай жалт-жұлт етті. ~ Сарбаз жинап түзеттің Майданды қанмен бойадың. Алтын, күміс, болатты Әскербасы безедің. Жай оғындай жайнаған Мылтық берен кезедің, Найзағайдай ойнатып. А.Байт. («Орманбет») ~ Бір кезде қара бұлт көтеріліп шығып, дауыл тұрып, күн күркіреп, найзағай ойнай бастады. Күн жауды. А.Байт. ~ Әсіресе, июль айында күн күркіреп, жан шошырлық найзағай ойнайды. Найзағай ойнаған сайын жай түсіп, зәулім қарағайларды қақ айырады. О.Бөк. ~ Түнерген түнек қараңғылықтың қара көкірегін қақ бөліп, найзағай ойнады. Т.Рыс. ~ Құнан– жігіт қандасы қарғи шапшып, сом тұяқтары Дулаттың төбесінде найзағайдай ойнап, адам жанды, хайуан тәнді ұлы денесі қиялай құлады. А.Алт.
