НАЗАРҒА АЛМАДЫ

Көңіл аудармады. ~ КӨЗ аманаты шариғат рұхсат еткен нәрселерге ғана қарап, шариғат қош көрмеген нәрселерді назарға алмауды қалайды. И.Сап.

НАЗАРҒА АЛДЫ

Бақылауға алды. ~ Халықты әніменен арбайды екен, Надан ел соңына ерсе – қалмайды екен. Түрі бар жүректерін жұлып берер, Түбі оны назарға алмай болмайды екен». К.Мырз.

НАЗАРҒА ШАЛЫНДЫ

Біреудің көзіне түсті. ~ Әмбе зор тұлғалы, апайтөс кеудесiн құж-құж түк басқан. Онысы жағасы ашық жейдесiнен «мен мұндалап» бiрден орасандығымен назарға шалынады. Ә.Ыб. ~ Бұлар отырған төбешікті қоршап қара құрттай қыбырлап айнала жайылған ала бас қара қойлар енді назарға анық шалына бастады. С.Ел. ~ Жол шетіне таман жаңа бір жас төм¬пешік қабір пайда болды да, біраз күн арлы-берлі өткен жо¬лаушының назарына шалынып, мұңлы ой салып жатты. Б.Соқ.

НАЗАРҒА ІЛІНДІ

Көзге түсті. ~ … ала көлеңке үй ішінде босаға тұста май шамға от тұтатып сопайып тұрған Дәу ападан басқа назарға еш нәрсе ілінер емес. С.Ел. ~ …соттың оны ерен көрмей өз бейiлiмен шешiм шығаруы, жоғары жақтағы бәле iздегендердiң бiрден назарына iлiнедi. Ә.Ыб. ~ Арада бие сауым уақыт өткенде барып, қоңыр дөңнің баурайында бос жүрген Баршынкөк тұлпар көзге шалынды. Қалың боздың арасынан алтын ішікті ағзамы назарға әзер ілінді. Ә.Ыб. ~ Кәдімгі осыдан жүз жыл бұрын Төр Алтайға сапарлап келген жазушы Георгий Гребенщиковтің назарына ілінген — жер төресі Қызылтас. C.Байх.

НАЗАР ТОҚТАТТЫ

Көзін тіктеп, бажайлай қарады. * Ақанның жоғарыда ілінген, келіншегімен иық тірестіре отырып түскен портретіне назар тоқтатты. Бота көзінде жұмсақ нұры бар жұқа өңді әдеміше жігіт күлімсіреп қарайды. С.Елу. * — Мынау Аршалыдағы Мыңжасар ма? Саттар он шақты парақтың іші- сыртына түгел тығыз етіп жазылған хаттың әр жеріне назар тоқтатып көрді. С.Елу. * Аузын жаба қойды. Жас бала мен жас ботаға назар тоқтатпаушы еді. Ә.Кек. * Керімбай сол балаға назар тоқтатып, сәл бөгелді де: – Құдайға шүкір, әлі де қолыңыз құр емес қой. Қ.Жұм.

НАЗАР ТІКТІ (ТІКТЕДІ)

Зейін сала, тура қарады. * Қытай оянғаннан бері еліне жүз мөлиен адамдай қосылған екен. Бұл кепке бұрыққалтер назар тікті. Ж.Айм. * Жолдастары Сәрсебекке назар тіге қарасып: — Сәкенді қара, ақ жейде сатып әкепті. Б.Соқп. * …Таң ұзақ қой, жетерсiң. Айтып, арылып кет, – деген Қамбар төре де жiгiттiң бетiне назар тiктеп. К.Сег. * Мақан шалқасына аунап түсіп, сырттағы көше жарығының төбеде ойнаған дірілді жарқылына назар тіктеді. С.Смат. ~ Қатира селк етті. Қинала иек көтеріп, назар тіктеді. С.Смат.

НАЗАР САЛДЫ

Көңілін аударды, қарады. ~ Джиния ұнатпайтынын айтты. Амелия би залына қарай бастайтын есікке назар салды. Ч.Пав. ~ Тобырдан оқшауланып көрінген кейбір адамдарға назар салу қызғылықты болар еді. Ч.Дик. * Оң жағына қараса — бұл не деген сұмдық, астапыралла, кісінің масайрап күлкісі келеді, сол жағына қараса — бойын менмендік билейді, қарсы алдына назар салса — жан әлемі құлазып өксіп тұрып жылағысы келеді. Д.Досж.

НАЗАР ҚЫДЫРТТЫ

Шоли қарады. ~ Томаға тұйық Хансұлу көзі боталап, Тұщыбұлақ басына жетімсіреп жалғыз шошайып көрінген үйіне, бұлақ асындағы көгалда жатқан отар қой, ешкіге құлықсыз назар қыдыртады. С.Ел.

НАЗАР ІРІКТІ

Көңілін тоқтатты, қарап қалды. * Асан киіктің лағындай көзі жалт-жүлт еткен бидай өңді бойшаң сұлуға бір ауық назар ірікті. С.Елу. * Бұқабай жас келіншекке назар ірікті де, жанындағы Жорға Күреңге еңкейді. С.Елу.

НАЗАР ЖЫҚТЫ

Көңілін аударды, ықылас қойды. ~ Жанындағы екеу жаңғақты адамша шағып жейтін иттер туралы мәселеден әлдеқайда маңыздырақ бірдеңені білетіндей көрінді. Екеуіне кезек-кезек назар жықты налынып. Жалынып жаңалық сұрағанды суқаны сүймес сірә дә. М.Бай. * Шүршиген еріндерінің бүлкілін қызықтап отырған шешесі оны аңғарған жоқ, жүзін бұрып, терезе тұсындағы ағашқа кеп қонақтаған күйелеш-күйелеш жабайы кептерге назар жықты. М.Ысқақб.