НАЗАР АУДАРДЫ

Көзін тіктеді, көңіл аударды, ықыласын салды. * Ол сыртқы баспалдақтан көтеріле беріп, артына қайырылды. «Кешікпе, кешікпей келші» деп дауыстады. Сонда ғой күліп тұрды. Ойламаған жерден ненің салқыны ұрды? Ж.Айм. * Мұрат Жақыповтың команда пунктіне наразылығын алғаш айтқанында жәй қостай салып еді, сол сөзін кейін үшінші қайталағанда барып оған назар аударды. Т.Ахт. ~ Осыларының үстіне жас өспірім жігіттің Тұрағұл назарын айрықша аударған тағы бір қыры – ұлтжандылығы. З.Қаб. ~ Оның ілтифаты мен сезімталдығы қыздың назарын еріксіз аударып еді. О.Бөк.

НАЗА БОЛДЫ

Қош көрмеді, көңіліне ауыр алды, өкпе сақтады, қатты қапаланды. ~ Әлгі сорлы Жүр наза боп. Бар ісімді Көреді жек Б.Майл. ~ Тұра берсе, енді аз-кем тұрса, бұл тоңу үдей түспекші. Қойшығара шын наза болды. Б.Майл. ~ Тамшылаған терге шелектеп су алған Олжабек шыбыртқысын беліне көлденең ұстап сіленіп тұр. Осы саудасына ырза боп тұрғаны, наза боп тұрғаны белгісіз. Ғ.Мұст. ~ Енді міне, сол жерде де оның ізі жоқ. Мен ернімді тістедім. Сүйген жаныңның ізі кез алдында неге сайрап жатпайды екен деп наза болдым. Ә.Нұрш.

НАЗ ҚЫЛЫҚ

Ұнамды ерке мінез. ~ Қайта, өз бойына шақинабат пен еркелігі, ошақ басынан озбайтын әйел затына тән сынық та наз қылығы жарасымды — ақ. Қ.Ысқ. ~ Есерлікті еркелікпен жауып, сезімді емеурінге жеңдіретін еркін мінездің қатпарында көн жібітер наз қылық, қара төпеуге жеткізбейтін жүйрік көңіл мен найза бойламайтын қулықтың да жатқанын іші ұғып отыр. Қ.Ысқ.

НАЗ ҚЫЛДЫ

Жарасымды еркелікпен емеурін танытты, өкпе-назын білдірді, өтінішін жеткізді. * Батыр жанына келгенде, Наз қылса да, қорықса да, Құртқа сынды сұлуың Төмен қарап, жер шұқып, Өксіп жылап қамықты. А.Бай. (Қ.Қ.Қ.) * — Қайтесің келін, тентек болғанмен орталарындағы бір шал ғой. Інілеріне наз қылатын шығар… Қашанғы мінезі ғой… Б.Май. * Наз қылып жазған бір затында: «Таһир мен Зухрадай едік… Бүгін көзіме бір көрініп, бір сүйгізіп кетсең , арманым болмас еді…» деп жазғандарын ойлады. С.Сей. * — Е, қойшы, тәйірі. Елге наз қылғаны да. Баяғы бір атаққұмарлық. «Жақсы келін», «адал жар» аталу,— деп келе жатқан, Ықсан оның сөзін бөліп жіберді. М.Сүн.

НАЗ КҮЛКІ

Жарасымды ерке күлкі. * Нағиманың шырайы күлімсіреулі. Бұл — дос-жарлықтың белгісін беретін наз күлкі ме? Әлде, табалаған жаудың астарлы улы күлкісі ме? Б.Май. * Ал күлкісі қандай тәтті еді десеңші! Оның табиғатында өзіне ғана тән , жарасымды бір наз күлкісі болушы еді. Ж.Сәмит. * Бірақ үн бұл күткендей болмады, құлаққа сыңқылдаған қыз күлкі, наз күлкі жетті… М.Қаб. * Әлде түсі ме екен?.. Жалт-жұлт еткен танадай көзі, наз күлкісі, сосын мынау өкшесін серпіп басатын сылаң желіс… Қ.Ысқ. * Төбе басынан шығып келе жатқан күнмен таласып отырған жігіт түндегі алтыбақан басындағы ойын-сауықты, наз күлкіні тағы да есіне алып, өз-өзінен жымиды. О.Бөк.

НАЗ БІЛДІРДІ

Еркелеп, емеурін танытты. ~ Мұны көрген басқалар: «Адам деген тартарын әспеттемей-ақ тартар болар», — деп наз білдірсе жауабы және дайын: «Әр нәрсенің өз ләззәты барын ұмытпағайсыңдар, — дейді байсалды, — Жаным жадырар шақта мазамды алмаңдар». Т.Әлж. * Жанына отыра қалды да, басынан, мойнынан мейірлене сипай, айналғандай наз білдірді. Ш.Айт.

НАЗ БЕДЕУ АТ

Бабына келген, жүйрік, сұлу мүсінді ат.~ Таудан шығып, тас бұзар Дарияның сағасы. Тасқа салсаң таймайды Назбедеу аттың тағасы. Тіріде кісі не көрмейд, Өлгенде көздің толады Топыраққа шарасы. «Мақпал — Сегіз». ~ Тайбурыл сонда сөйледі: «Тауға бітер емен, тал, Кімге келмес керімсал, Назбедеу атқа бітер жал. Аямай тарттың қамшыңды, Өлмесем де кеудемнен Шыға жазды шыбын жан, Батыр туған Қоблан нар! «ҚҚҚ».

НАЗ АРТТЫ

Көңіл жықпас адамына өтініш айтты, базына қылды. ~ Ол бишараларға қайта ылғи бұл қиянат істеп, зәбір-жапа шектіріп жатпаушы ма еді? Сонда, олар бұған мықтағанда наз артса артқан шығар, бірақ ешқашан өкпе артып кінәлап көріп пе еді? Ә.Нұрп. ~ Аурухананың ақ желеңін шешіп, өзінің киімін киерде Айжарық күйеуіне наз арта қарады. Қ.Түм. ~ … өмiр жықпылында жүрiп, барыс-келiсiмiз, алыс- берiсiмiз аз. Әйтпесе бiр-бiрiмiзге базына айтып, наз артатындай ештеңе болған жоқ… К.Сег.

НАЗ АЙТТЫ

Өкпесін, ренішін. өтінішін білдірді. ~ Менің осынша еңбегіме ең болмаса «біреу бар» демедің бе? – деп наз айтыпты. С.Досж. ~ Енді ашық қарсылықтан жасырын айла ұтымды. Ырымбек лезде өзгеріп, наз айта бастады. Ғ.Мұст. ~ Наз айтып баққа бұлбұл да құмыр, ақтарған сырын шешiле. Бүр ашқан гүлдi жұлдым дағы бір, қадап ем сенiң төсiңе. Б.Қош.

НАДАН КЕУДЕ

Түйсіксіз, қара басының пайдасын ойлаудан аспайтын тоғышар жан. ~ Есітіп көріп пе ең, сен мұндайды! Жоқ, жақсылық құрымасын, одан садаға кетсін сендей алласы мен арамдығы қос қыртыс боп қосылып кеткен надан кеуде, өзімшіл жаңдар! М.Әу.