Алға шықты. ~ Баласына ас беріп, жиын жасайтын Айтжан отағасы, «Қалипан жұртына қарсы шығуға болмайды, не қылса да осы жерде өлу керек, өлсең — шейітсің, өлтірсең—қазисың» деп елге уағыз айтып, азан шақыратын қажы Смағұл, Асылбектің аулына шапқанда көптен мойын озып ауылды жалғыз үш айналып шыққан ер Құдабектің «батыр» баласы Жақия да жаяу айдауда. І.Жанс. ~ Айдалған жүз елу кісінің ішінде көк қасқаға бата қылатын Аяпберген қария, «Қалипа жұртына қарсы шығуға болмайды, не қылса да осы жерде елу керек, өлсең шәитсің, өлтірсең қазысың»— деп елге уағыз айтып азан шақыратын Зұлжалал қажы, Асылбектің аулына шапқанда көптен мойыны озып, ауылды жалғыз өзі үш айналып шыққан балуан Омар да бар. І.Жанс. ~ Көлегейлеп көміп тұрған көлкеш пердеден мойын оздырғандай бетін ашыққа салып, андағайлай қалған алыс-жақын назарға анық шалынып, құмар боп келе жатқан үстірт үстіне кең тыныстап, сүйіне қарады. Сүзіле көз тікті. С.Үс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МОЙЫН ҚОЙДЫ
Біреудің ырқына көнді, айтқанын істеді, келісті; мойын ұсынды. ~ — Бас пен қол ынтымақтассын дейді, — деп ішінен дұрыстығына мойын қойса да, сөздің сыртын үйлессіздеу көріп күліп, — олар бір жұмырықтасып, шекелесіп жүргендей, — деп бар қатынды тегіс күлдірді. М.Әу. ~ А, шешеке, менің сөзімде болмас қата, Әкеміз қайныңа бар деп қылды бата. Шешеке, қайныма баруға мойын қойды. Менің мінер жылқымның түсін ата. «Қозы К. — Баян сұлу». ~ Мұнша пәлелерге, мұнша бақытсыздықтарға шарасыз мойын қойды. Өзі аз ғана ауылымен жүз шақырым Жайықтың жоғарғы жағында көшіп жүрді. Ғ.Муси («Айқап»).
- Назар салды; ынта қойды, ниеттенді. ~ Оның немересі, менің әкем – Андрей Павлович Курагин Op қаласында наказной атаман болған. Мен жасымнан тентек болып өстім де оқуға мойын қоймадым. С.Мұқ.
МОЙЫН БҰРДЫ
Бағыт алды, бет бұрды. ~ Бір адам қаша алмады мойын бұрып, Құлдарды бауыздады қойдай қырып. Өңге жанға атаман қарамастан, Медғатты тауып алды іздеп жүріп. Шәк. ~ Аспаным күлімсіреп сала берді. Үміттің үлпілдек ақ мамығы ақ қанат көбелектерге айналып, көңіл көкжиегін толтырып, жанарым жарқырап, күйкі тірліктің көлеңкесі күнгейге мойын бұрды. Ө.Ор. ~ Енді Оспан хақындағы тарихи деректерге мойын бұрайық. Оспан заманында Шынжаң жеріне бас көктеп кіргендер гоминдаңшыл қытайдың Шыңшысай бастаған армиясы еді. Ж.Шәк.
МОЙЫН БҰРМАДЫ
Назар салмады, кейін қайтпады, қайтып оралмады. ~ Ол ендi айқайламақ тұрмақ таланың айырылса да мойын бұрмайды. Соңында ойран қалды ма, өрт құлашын жайды ма бәрiбiр. Абай. * Маған ешкім сөз айтпады дейсiң бе? Олай ойласаң қателесесің! Тек сенi сүйгеннен кейiн ғана оларға мойын бұрмадым. Д.Рам. ~ Ол ендi айқайламақ тұрмақ таланың айырылса да мойын бұрмайды. Соңында ойран қалды ма, өрт құлашын жайды ма бәрiбiр. Т.Әлж.
МОЙЫН БЕРДІ
Қарсы тұра алмады, жол берді. ~ О, сол қарғыс атқан сәтте тәкаппарлыққа мойын беріп, қанағатсыздыққа ұрынып, портреттің оның күнәларын көтеріп, ал өзі жастығын мәңгі сақтап қалса екен деп неге ғана тіледі! О.Уай. ~ Ол сені қоймас жайыңа, Сұраудан ұғар жөніңді, Күтінбестен сен жатсаң, Айналтып шабар еліңді. Осыған мойын бермеске, Оқ өтпеген тон қамда, Қусаң жетпей қалмасқа, Оқ жетпеген ат қамда. «Манас».
МОЙЫЛДАЙ (ҚАП-ҚАРА) КӨЗ
Нұр тамған әдемі қара көз. * Енді мойылдай қап-қара кішкентай көздері дәл тұсындағы сырлы уыққа қадалып, мысықтың мұртындай түксиген сирек қасы едірейе қалды. І.Ес. * Әй, дүние-ай десеңші, Үкібала бір кезде бидай өңді, қызыл шырайлының әдемісі еді ғой, қап-қара мойылдай көзі нұр шашып тұрмаушы ма еді. Ш.Айт. * — Мынаның көзі шағыр аттың көзіндей екен. Ананың көзі қап-қара мойылдай әдемі еді. Және мынадан үлкендеу, ірілеу.— С.Жүн. * Ақ көйлек, қара шалбар киген иықты сары шашты жігіттер, мойылдай көзі мөлдіреген сымбатты қыздар сықылықтай күліп, жарыса сөйлеседі. М.Сүн. * Қап-қара мойылдай көзін алысқа жіберіп, қасы қиылып, шып-шып терлеп тұр. Әдемі қыр мұрынының үсті моншақ-моншақ. Б.Қыд.
МОЙНЫНДА ҚАРЫЗЫ БАР
Біреуге борышты, өтелмеген БЕРЕШЕГІ бар. ~ Үсен байғұс еңіреп болады зар, Он теңге мойнында қарызы бар. – Ішіп-жеп қарызданып қойып едім, Беретін дәнеңе жоқ, не амал бар? «Нұрғазарын». ~ Бұндай жағдайда алажақ кісіге ықырарын істеп, ырза ғып жіберу лайық. Әйтпесе мойынында қарызы бар өлікті көтеруге ешкімнің қолы бармайды. Ә.Нұрп.
МОЙНЫНАН ЖАЛЫ КЕТТІ
Әл-қуатынан айрылды, арықтап, арып кетті. ~ Жүйрік шабан болады, Мойнынан жалы кетсе. Жігіт кедей болады, Қолынан малы кетсе. М-М. ~ Ердің жүрген намыспен, Күні-түні шабыспен, Қиқу салған дабыспен Ұмытыла шапқан Тарланның Мойнынан жал кетті, Аяғынан әл кетті. «Ер Тарғын».
МОЙНЫНА ТҰЗАҚ САЛДЫ
Бұғау салды, кіріптар қылды. * Жау мойнына салған тұзағын қыса түсті. «Енді қоршауды жарып шығуға мұрша жоқ. Т.Ахт. * Ал біздің чекистердің сый-сияпатынан өткен, мойнына тұзақ ілініп тұрған — кешегі құдірет, бүгінгі мүскін Зиворьев пен Каменев, Бухарин мен Рыков ең соңғы сәтте қандай сезім кешті? М.Мағ.
МОЙНЫНА ТҮСТІ
Мойнына жүктелді, міндетті болды. * Жау мойнына салған тұзағын қыса түсті. «Енді қоршауды жарып шығуға мұрша жоқ. Т.Ахт. * Пушкарь қуанып кетті. Соттаса қалса, өрттің шығыны қанша болса да, өз мойнына түсетін еді. Ғ.Мүс.
МОЙНЫНА СЫН ТҮСТІ
Ауыр жағдайға тап болды. * Әлі де қалған ғұмырын жаны сүйген осы қарекетпен өткізер еді, болмады, пәлекет жабысты, ер жігіттің мойнына сын түсті… Д.Досж.
