Мазасы болмады, тынышсызданды. ~ Әйтеуір олар мінген күймелердің зыр-зыр доңғалақтары еш мігір тауып көрген емес. Ә.Кек. ~ Көз асты болмашы көлеңке үйіріп, қалталанып кетіпті. Жүзі де солғын, кәдімгідей қажығаны сезіледі. Иә, ол өткен түн бір мігір таппай шыққан. М.Сүн. ~ Бір палатада екі кісі… Бірі — Айкүміс, енді біреуі — бауыры ауру — Айнаш деген әйел. Мігір таппай оңдалаумен шығады, қозғалуға да дәрмені жоқ. Құр сүйегі қалған. Ғ.Слан.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МИЯУ-МИЯУ МЫСЫҒЫМ ДЕГЕНГЕ МҰРТПЕН ОЙНАЙДЫ
Еркелеткенге басынып алды д.м. * Мен саған не дедім? Өз қолыңмен тапсыр дегенім қайда? Ал сен не істедің? Шошқа тағалап жүрсін бе? Мияу-мияу мысығым дегенге мұртпен ойнайсың, несі деп иә. Тәлкек қылма. М.Қаб.
МИЯТҚА ШАҚЫРДЫ
Келісімге, бітімге үндеді. ~ Әлі төре өз қарамағындағы дулаттың басты адамдарын жиып: — Аға баласы жалайыр найман-матаймен арадағы дауға орай миятқа шақыра келіпті. Бірің бе, бәрің бе, қаншаң, қайсың барасыңдар? — дейді. Ұ.Досп.
МИЯТ ҰЙҚЫ
Қалың ұйқы, тұяқ серіппей ұйықтау. * Қараңғылық әлдеқашан тас қымтаған қала мият ұйқыға кiруге дайын. Көршi үйлердiң көбiнiң терезесiндегi жарық мана сөнген. Ж.Шағ.
МИЯТ ТҰТТЫ (ЕТТІ)
Медет қылды, сенім артты, көңіліне алданыш қылды. ~ Бабалы бидің батасымен Қарпық пен Малыбай достарымен бірге Арқадағы Абылайға кеткен. Қарпықтың сондағы нағашылары арғынның алтай, қарпық аталарына арқа сүйеп, мият тұтып, сол елге барған. ҚАӘ («Жауғаш батыр»). * Серігі – арық бурыл құнаны. Оның пышақтай өткір тісімен балауса бетегені қыршып алып, күрт-күрт шайнауының өзі сөйлесіп тұрғандай әсер етеді. Елегізген адамға елес үйір, қыбырды мият тұтады. Қ.Тол. * Оның ойында не бар екенімен Ақатайдың ісі жоқ. «Кеңсе жағалап жүргеннен кейін сені де мият тұтамыз, еңбек күніме бас-көз бол» деп қопаңдап қалады. Н.Дәут. * Мөлдірге: — Пәтер алып апамды көшірем алдымен, содан кейін сені алып қашам! ,- деп әзілдейді. — Сағындым! — деген сөзін мият етіп күнін өткізуде. С.Досж.
МИЯТ ТАПТЫ
Алданыш, көңілге медеу тапты. ~ Жүргендер бар мәрмәр ойын мүсіндеп, Мәрмәр ойға қай кезде де қысым көп. Сияқтанам, сияқтанам әйтеуір Содан қандай мият табам? Ісім жоқ. А.Бек. ~ Ырыс-құт, анам тілі – қойлы ауылда. Барам да мият табам кер даламнан, Қала, сен қалжыратып қойғаныңда. Ә.Ыб.
МИЫНА КІРІП ШЫҚПАЙДЫ
Мүлде ойламайды, қаперіне де алмайды. * Бірақ: «Сол бірлік, сол татулыққа өзім не істедім екен?» — деген ой миына кіріп шықпайды. Ә.Кек. * Әкесінің қартайғанша қой соңынан қалмай жан бағып жүргені де Сақардың миына кіріп- шықпады. Ү.Жәл. * Байқаймын, бізді көбейтетін ауыл екені қаладағылардың миына кіріп- шықпайтын секілді. Қ.Түм. * Содан бері сәйгүлікті қайтарып алудың қамына бел шешіп кіріскен. Көк қағаздардың қанша теңгелік екені миына кіріп те шықпайтын болса да, шытырлатып қайта- қайта санайды. А.Смай. * Дүниені ұмытып, есіл-дерті дастарқанның үстіндегі дәм болды-ау. Со кезде ғой, жарты жолда қалған байғұс әкесі мен шешесі миына кіріп те шыққан жоқ. С.Елу. * Құлағы анда-санда шалып қалған Тентек төре, Қасым төре… Есенгелді, Саржан деген сөздер тіпті миына кіріп те отырған жоқ. І.Ес.
МИЫНА (АҚЫЛЫНА, ҚҰЛАҒЫНА, КӨКЕЙІНЕ) ҚОНБАДЫ
Айтқан сөзді ұқпады; дұрыс деп таппады; қабыл алмады. ~ Орыс сөйлеп отыр. Оның көп сөзі миына қонбады. Үлкен төре деп мақтайды. «Төре» болса қайтсін? Мұның іздегені орыстың төресі ме еді? Киім, тамақ әпереді дейді. Соларға зар болып, осылардан сұрауға келіп отырған-ау! Ж.Айм. ~ «Бірінші-екінші шумақтары түсінікті. Нұрын, сырын деген сөздің төркінін де шамалаймын. Ал төртінші шумақтағы «көкірегінде болсын көз» деген сөйлем миына қонбады. Көз! Кәдімгі екі көз. Онымен көреміз. Ал көкіректегі көз қайдан келген?!.» Т.Әбдір. ~ Абыройдан, ардан түк те қалмаған, Айтқан сөзің құлағына қонбаған. «Болмаған бір жігіт!» дейтін Төкебай, «Оңбаған бір жігіт» болып сорлаған. А.Тоқм. ~ — Жиреншем, дүниенің шырағы не? — Арақ, хан ием,— Бұл сөз ханның өкіліне түспеді, ақылына қонбады. Бұдан кейін ешкім сөйлеген жоқ, сол күні солай тарқасты. Б.Қыд. ~ Мен атаманның мына сөздеріне илана қойғам жоқ. Әсіресе мұғалімнен қорықпайды дегені көкейіме қонбады. Біздің Бейсеккеңдерге қарсы шығып көрсінші, қарасын өшіріп жіберсін. Ол заман да бұ заман, ұстазына қол көтеруші ме еді… Қ.Қази. ~ . Осыған орай депутат ұялы телефонға телмірген ұрпақтың санасын сақтаудың бір жолы жасөспірімдердің TikTok-ты пайдалануына тыйым салу деген еді. Бірақ бұл көптің көңіліне қонбады. БАҚ.
МИЫНА ҚОНБАДЫ (КІРМЕДІ)
Ұқпады, түйсігі жетпеді. * Ал арадағы сыйластық дейтін ұзақ жолды жалғыз-ақ аттап, қысқарта салу деген түсінікті нәрсе Елтайдың миына қонбады. М. Қаб. * Айтқандай-ақ, «Көкең» Кірпішбай емес, Қодар екен. Бұл жаңалық көпке дейін Еркебұланның «миына қонбай» қойған. Ә.Тар. * Ақбала күрсінді. Шай үстінде бұның миына кірмейтін түсініксіз бірдеңелерді күңгірлеп отыратын жігітті өзінің пысы басып отырғанын сезеді. Ә.Нұрп.
МИЫН ШҰҚЫП ЖЕГЕНДЕЙ ҚЫЛДЫ
Бір сәт те тыныштық бермей, есін шығарды. * Ал, оның Айсапа, Нұрсапа дейтін інілері әкесі өлісімен-ақ қылмысқа кіріптар болыпты. Жылауық болып алыпты. Қасіреттен өлгелі жүрген шешенің құлағын ыңғырулап, миын шұқып жегендей күндіз-түні бебеулеп кеп отырады екен. Қ.Шаб.
МИЫН ШАҚТЫ
Қажытты, басын қатырды, шаршатты. ~ Алтын әтеш ұшып кеп, Хан басына қонады. Тұмсығымен қақты да, Ханның миын шақты да, Әтеш кетті аспанға. А.Байт. * Кейде үрейлі, кейде аянышты сол бір ызың. Түсі ме, өңі ме? Әйтеуір, әлгі ызың шаршаған миын шаққаны рас. Ш.Мұрт. ~ Үсті-басын жыртып, құлау екпінін тежегені болмаса, қайдағы қайран. Миын шағып өткен «Өлдім!..» — деген жалғыз-ақ ой. — Біттім..!» Н.Ақыш. ~ Уа, сол сықылды төрінен көрі жуық қалған бейбақтың миын шағып, күн сайын қажай берген соң, не оңсын! Қ.Мұх.
