МӘУЛЕТІ (МӘУРЕТІ) ӨТТІ

Жақсы кездері, жастық дәурені өтті. ~ Ерен үй тіктіріп, салуалы орда жасамағаныңмен салулы төсегің болғаны абзал ғой. Мәулетің өтіп барады, Шұнақ. Б.Қыд. ~ Дымағың шақ болып тұрған жоқ. Дер шағың сияқты, мәулетің өтпеген, қардар да, қаһарлы да кезің. Бірақ тұрмағын тістеп қалған шал сенің де теңің. Б.Қыд. ~ Шалқыған айдын шалқардай Көл тартылды көзінен Сандуғаштай сайраған Тіл тартылды сөзінен. Бәрі сондай жігіттер, Мәуреті өтсе басылар Әр нәрсенің кезінен. Базар ж. ~ Жаяу жолаушы әлдеқалай таңданған, мәуреті өтіп бара жатыр екен-ау дегендей, басын көтермеген бойы көз қиығын тағы бір тастап, біраз үнсіздіктен кейін тіл қатты. Б.Қыд. ~ Егер хан кездейсоқ үстінен түспегенде, топта торай бермейтін саңлақтың бұл бір білегінен күші, сүдінінен түсі, аузынан тісі кеткен шағында қазақтың қай үйінің қазанын шегелеп, қай үйінің жылы-жұмсағын жәукемдеп жүргенін білмей, хан төңірегіндегілер тас аяқтай қағысатын еді, жігіттік мәуреті өтіп, кәрілік мәулеті жетіп, мәлі кеткен есіл көзелдің аққудың сұңғағындай мойынын қай үйдің төрінде қылқитып отырғанын білмей дал болар еді. Б.Қыд.

МӘУЛЕТІ ӨТІП (АЗ БОЛДЫ), МӘУРЕТІ ЖЕТТІ (ӨТТІ)

Заманы, жастық дәурені өтіп, кесілген уақыты жетті д.м. ~ Садаптан қараған адам мұны бір келеңсіз, тантық біреу шығар, мәулеті өтіп, мәуреті жеткен шағында мынау қай қасиетсіздігі дері анық еді. Б.Қыд. ~ Хауыздан кәусар ішкендей дәуренімнің мәулеті аз болды, мәуреті өтті. Алтынды алжассыз айыратын қардар-зергердей-ақпын деп жүретін едім. Сонда да ісім оңға баспады. Б.Қыд.

МӘУЛЕТ СҰРАДЫ

Мұрсат, мүмкіндік беруін өтінді. ~ Тұрысатын жеріңді айт, деп қағаз түсіріпті. Содан большевиктер табанын тап басып тұра алмай бастығы Ленин болып, елді жұмсағырақ ұстайық деп мәулет сұрапты. І.Жан. ~ Енді, міне, әкесінен тоғыз жыл мәулет сұрап, өзінше салтанат құрып, шығанға шығуының сыры — сол зынданды тапса, Алпамысқа шапағаты тие ме деген ниет еді. А.Сей. ~ Оны айтасың, іштен шыққан баланы қиғанда, осынау ен дәулетімнің именбей бөлісері өзің болғаныңды қалаймын. Тек сенен сұрар мәулетім бар. А.Сей.

МӘУЛЕТ БЕРДІ

Мүмкіндік, мұрсат берді. ~ Сен ол қызды зым- зия жоғалып кетті деп ойлаған шығарсың, — деді Валя әлдебір қиын істі тындырып келгендей — ақ мардамсып, — баяндауға мәулет бер, Жолдас аға лейтенант! С.Ом. ~ Екінші бригаданың бригадирі осалдау, соған жетекші боласың, ойлануға бір жеті мәулет беремін деді. К.Хам. ~ Онда ісің болмасын. Жеті қозы өзімде бар. Қалғанын ағайын, жекжаттан теріп аламын. Тек, бірер күнге мәулет бер. Т.Әл.

МӘУЕДЕН САЛБЫРАДЫ

Тынши қалды. ~ Шалқытып зарлатып, баяуқыратып тәтті үнді төгіп — төгіп жібергенде үйдің іші иірудегі жылқыдай жусап мәжіліс мәуеден салбырады. Сатан әннен әнге басып, өршелене-өршелене соғып, ынтықтырып, тыңдатып ұйытты әнге. І.Жанс.

МӘТЕК АЛДЫ

Әлдебір ойында, бәсте жеңілген адамды жазалаудың түрі. ~ Тентектер бірін бірі қуалап, жығып салып, жан ауыртпай тістеп, шалқасынан аунатпақ болып, кәдімгі нәресте күнгі өзіміздей-ақ, жеңілгеннен мәтек алып, басынан аттап кетіп, «қорлап» ойнайды екен. Ә.Тар. ~ Домбыра білмегендерді шекесінен шертіп, мәтек алады. Бұлардың ішіндегі күйге шебері – Жайлаубек «шабарман». Б.Тоғ.

МӘССАҒАН, ҚАСҚАЛДАҚ!

Күтпеген жағдайға байланысты таңдану. ~ Мәссаған, қасқалдақ! — деді Ждақай көзі атыздай боп, атын суарып тұрған Хансұлуға бір, өңі сұрланып кеткен Шегеге бір жалтақтап. Шеге өңі түтігіп төмен қарады. С.Елу.

МӘССАҒАН, БЕЗГЕЛДЕК!

Қатты таңырқауды білдіреді. ~ Мәссаған, безгелдек! Қалмақ ханының баласының қанын арқаласаң, ақ патша арқаңнан қаға қоймас. Ә.Кек. ~ Мәссаған безгелдек!- деді түлкі танданып.- Сорлы-ау, құриын деп тұрсың ба? М.Әбд.

МӘСЛИХАТ ҚҰРДЫ (ҚЫЛДЫ)

Кеңесті, ақылдасты, әңгіме-дүкен құрды. ~ Бата орнына айтылған аталы сөзден кейін бәрі де беттерін сипап, орындарынан тұруға ыңғайланғанда Қазақбай қажы: – Ағайын, түн қатып, түсіміз қашып дегендей мәслихат құрдық. Шылекең абыздың сөзінен кейін бұл әңгімені қаузаған жараспас. К.Сег. ~ Кезінде Ақан сері сияқты атақты адамдар, ол өңірдің небір зиялы игі жақсылары төрінде отырып, мәслихат құрған, қонақ болған құттыхана бүгінде көп қабатты үйлердің тасасында қалып, көзге қораш көрінетін сияқты. С.Ақб. ~ Болғанда айдай әлем, күндей күлем, Аузымды ашсам денемнен қайнайды өлең. Отырған мәслихат қып ақсақалдар Сіздерге Төлеген кеп берді сәлем. «Қыз Жібек».

МӘСЛИХАТ БЕРДІ

Кеңес айтты, ақыл қосты. ~ Сонау шалғайдан сапар шеккенде, «Жартытөбе» совхозының басшылары бізге қалай да Болат Боранбаев-қа соғуға мәслихат берген-ді. Т.Әл. ~ Маған кіргеніңді, жағдайды айтқаныңды ескерт оларға. Менімен жиі хабарласып тұр,— деп мәслихат берген Разақ Әкімжанов. Ө.Кәр.