МӘЗІРЕТ ЖАСАДЫ

Ыңғай білдірді. ~ Өткен жолғыдай, «өзіңе керек болмай ма, жолыңа жаратпаушы ма ең?» деп өтірік мәзірет жасаған жоқ. Б.Тоғ. ~ Зейнел — Нәби: – Кәне дәм алыңыздар! – деп мәзірет жасағанда. Шәукен: – Менің бір өлеңім бар еді. Соны айтайын! – деді. – Е, айта ғой қарағым! Т.Әл. ~ Ол − Анна патшаның шығыс елдерінен келген елшілерге орыс падишалары көрсететін ілтифаттың мәзіретін жасап, иығынан қаққаны екенін кейін Мәмбет мырзадан сұрап білді. Ә.Кек.

МӘЗІМ ШАТТАНДЫ (ШЫҚТЫ)

Дән риза болды, қуанып, шаттанды. ~ Рас, жылдан-жыл ортамыз толып, шөліміз келіп, азымыз молығып, мәзіміз шаттанып келеміз, мезеті болғанда ормандағы бұландай еркіндерміз, буымыз бұрқырап бұрқар тартармыз десіп келдік қой. Б.Қыд. ~ Оның қуғанына тышқан жеткізсін бе, жылт етіп бұрыштағы тесікке кіріп кетті. Мен мәзім шығып күліп жатырмын. Ә.Асқ.

МӘЗ ТАПТЫРМАДЫ

Қарық қылмады; көңілден шықпады. ~ Мен барамын деп тілендім. Содан Волга бойында Қамышевода біраз күн соғыс өнерін үйреткен болды да, соғысқа әкелді. Соғысып мәз таптырмадым, үш-ақ күн майданда болдым. Міне, мына оң көзімнен оқ тиді де, осы госпитальға әкелді. Б.Қыд.

МӘЗ ҚЫЛДЫ

Риза етті, қуанышқа бөледі, көңілінен шықты. ~ Өзің тірі жүргенде, Дәуіріңді үздірдің, Мамай. Тоқсандағы шешеңді, Қайратыңмен мәз қылдың, Мамай, Қайғың менен күнінде, Бұрымын желге тоздырдың. А.Байт. ~ Жаз бойы кішкентай қыз сол апасының қолында болып, күзде бір-ақ келетін қалаға. Келгенде дәл апасы сияқты сөйлеп, мәз қылатын бұларды. Д.Әш. ~ Кемпірлер жағы анадайдан «Үйлеріңнен той кетпесін, ұзағынан сүйіндірсін, білдің бе, шаңырақтарың көбейсін білдің бе» деп, батасының өзін ұрысқандай қылып, құм шашқан тентек балалар секілді, шашуын есік жақта тұрған адамдарға лақтырып, жұртты қыран–топан күлдіріп, мәз қылуда. Т.Әбд.

МӘЗ ЕМЕС

Оңып тұрған жоқ, онша емес. ~ Баршақұм, Борсықтағы жұрттың жағдайы да мәз емес. Қоныс онда да тарылған. Орысқа жақындап қонудан сескенеді. Жетірудың ауылдары бері қарай ығысып жатыр… Жер дауы көп… Күнде барымтадан бәрінің де тынышы кетіпті. З.Шүк. ~  Халімнің онша мәз емес екенін де мен Сіздің түріңізге қарап сезіндім. Үкімді оқығанда Сіз жылап жібердіңіз-ау. Қанша жасырғаныңызбен байқап қалдым. Ж.Нәж. ~ Жәмила мен ағатайым жайлауға кеткен күннен бері менің тірлігім мәз емес. Апам аттап бастырмайды. Ш.Күміс. ~ Атын толық ұға алмай қалғаныма ыза боп тұрдым да, іштей: «Мейлі, есімі сол соңғы буын — Бай-ақ болсын»,— дедім. Иә, жағдай онша мәз емес екен… М.Қаб.

МӘЗ БОЛДЫ

Қуанды, шаттанды. ~ Нұрыш екеуміз де қуанып кеттік. «Иә, иә, Айнаш, Айнаш!» дедік жарыса. Отыра қалды да, қос балдағымен тырылдатып ата бастады. Өз-өзінен мәз болып, сақ-сақ күлді. К.Қаз. ~ Бұтаққа қонып ап, әлденеге мәз болып, қарқылдап отырған бір кәрі қарғаға нәумез қарап отыр ем, «мопед» дегенде денем тоқ соққандай дір ете қалдым. М.Қаб.

МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ

Елді білімге, мәдениетке баулитын мекеме д.м. ~ — Ия, мәдениет ошағын орнатуға өте жақсы, өте қолайлы жер екен… Әрине, әуелі мектеп, аурухана, кішкене әптек-дәріхана, кооператив, Болыстық Атком… С.Сей. ~ Бұл жер VIII — X ғасырларда оғыз бен қыпшақтардың мәдениет ошағын құраған байтақ өлкенің бірі. Ә.Мар.

МЕШКЕЙ КІСІНІҢ АУЗЫНША

Тойымсыздық туралы: жұғынын қалдырмады д.м. * Тұмарбай – қала жатағының баласы. Екі кластық үшкөлде 8 жыл, мал бершілінің үшкөлінде 2 жыл оқыса да, мешкей кісінің аузынша, оқудан түк жұқпаған бір көк ми еді. Ж.Айм.

МЕШКЕ ОТЫРҒАН МЫСЫҚТАЙ (БОЛДЫ)

Басылып қалды, пәс болды. ~ Жүрегім зырқ ете қалды. Мықты деп жүрген бір ағамыздың әлгінде ғана мешке отырған мысықтай болып, жердің үстімен келіп, астымен кеткенін көріп отырып көңіл қайдан дауасын. Қ.Ысқ. ~ Жұтынып қойып бір-бірін аңдысқан өңшең нышана байғұстар ол қайтып кіргенде де бір-бірінен күдіктеніп, айыбы болмаса да мешке отырған мысықтай мықындарынан майысты. Қ.Ысқ.

МЕШЕУ ҚАЛДЫ

Дамымай, арта қалды; басқалардан шет қалды. * Хан қарашасына дән риза еді, бас көтерер бұзығы жоқ, момақан жұртымды неге бақытқа кенелтпеске деп тас жүрегі елжіреді: «осы мешеу қалғаны жетеді, менің халқым да өзгелердің ішкенін ішсін, істегенін істесін» деді. Т.Сәук. * Сен оқисың, бақыттысың сондықтан, Оқу деген — маған болды енді таң. Баянсыз бір тіршілікке алданып, Бұл өмірден мешеу қалған мен бір жан. М.Мақ.