Қанағат тапқанша, көңілі толғанша. ~ Бір уақытта бұл дүниенің сауық- сайранын, сән — салтанатын мейірі қанғанша көріп алған соң құс болып аспанға самғап кетті. С.Ом. ~ Қайта суы молая түсетін тәрізді. Жылыбұлақтың суын мал да мейірі қанғанша тамсана- тамсана ұзақ сіміреді. С.Мұр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МЕЙІРІ ҚАНДЫ (ҚАНБАДЫ)
Ләззат алды, құмарынан шықты. Көңілі толды, рахат сезіміне бөленді. ~ Жарлылық шығып көңілінен, Қызықта мейірі қанады. «Қасымда адам бар ма?» — деп Төңірекке қарады. «Қамбар б.» ~ Адамды мінезінен білер танып, Өсекке салмас құлақ, сірә, нанып. Жолаушы құдайы адам кетеді екен, Ас берсе, қасын керіп, мейірі қанып. М.Ж.Көп. ~ Босатты бала жүйені. Алпыс екі тамыры Алпамыстың иеді. Ат үстінен көтеріп, Алдына алып сүйеді. Сүйсе — мейірі қанады, Ат үстінен құлады, Жатып есін танады. «Алпамыс б.» ~ Ешбір жан, ешбір дыбыс шығара алмас, Жанына жарық түсіп, тіл байланып. Көңілі ойнап, көзіне жас мөлдірер, Белгісіз бір ләззетке мейірі қанып. C.Тор. ~ Әлден уақытта мейірі қанған соң, құшағын жазып, үйден сылти басып, аптыға шыққан анасының қойнына сырғи салып, Нұрланмен амандасты. З.Шаш. ~ Мұнда бір адамның ғана емес, күллі елдің қошаметіне бөленді. Мейіріне қанды, мерейі өсті. Қоңырдың әдейілеп шақыртуында да мән бар екен. Қ.Тол. ~ Жүр, апа үйге қайтайық, Бұл базар мені шаршатты. Сүйсеңіз мейір қанатын немереңіз бар — қанатым! М.Рай.
МЕЙІРІ ҚАНБАДЫ
Көңілі көншімеді, рахат таппады. ~ Ит тартқан терідей жұлмаланып жұтылып жатқан уақыты зая. Таң атса — күн батады. Я есек көкпар шауып тақымы қызбайды, я қызық кітапты сарқа оқып мейірі қанбайды. Д.Дос. ~ Әр адам сөйлеген сөзін — арамын алып тастап, адалын сөйлеуге тырысу керек. Сөйлеген сөздің де қаны, жыны аралас болса, тыңдаушының (тыңлағушының) мейірі қанбайды. БС. «Жан ғаламы».
МЕЙІРІ ҚАНБАС
Қанағат таппай, құшырлана түсу мағынасында. ~ Босағасын алтыннан соқсаң-дағы, Перзент сүймей адамның мейірі қанбас. Шал ақын. ~ … мен, расында, Лигейяның мәңгі мейірі қанбас құштарлығының, енді қас-қағымда ғайып болған оның өмірге деген адуын құштарлығының енді қас-қағымда ғайып болған оның өмірге деген адуын құштарлығының табиғатын танығандай болдым. Э.По. ~ Мен оны қатты қысып құшақтадым, біз осылай ұзақ отырдық. Ақырында ерінге ерін тиіп, ыстық, мейір қанбас сүйіске айналды. М.Лерм.
МЕЙІРІ ЖІБІМЕДІ
Қатал мінезінен таймады. . ~ Өзгенің қайғы-қасіретіне, тіпті өліміне де мейірі жібімейтін сот орындаушылары, өлім жазасына үкім етілгендерге: «Сағат үш жарымды соқты» дейтін жендеттерше, менің көз алдымда елестейтін де тұратын. О.Бальз.
МЕЙІРІ (СУДАЙ) ТАСЫДЫ
Қуанышқа бөленді, шаттанды. ~ Сосын мейірі судай тасыған, айналып- үйірілген анасы құйған жас қымыздан бір аяқ жұтып, іргедегі құстөсекке жантайып, қалғып кеткеннен үш күн, үш түн ұйықтаған. А.Кем. ~ Ол осыдан он бес ғасыр бұрын жұрттың арасында адам кейпінде үш жыл бойы жүргендегісіндей, мейірі тасып адамдардың арасынан тағы бір өтеді. Ф.Дост.
МЕЙІР ТӨКТІ
Ыстық ықылас танытты. ~ Әйел де мейір төге күлімдеп, Алексей Александровича қол бұлғап отыр. Л.Толс. ~ Осы бастан мұқият оқы. Сен талағыңда битің бар жігітсің, — деді ол қоңыр көзі мейір төге, — ғылым жолын қусаң сенен бір нәрсе шығады. Н.Сер.
МЕЙІР ҚАНДЫРДЫ
Рахат алды, құмарынан шықты. ~ Рақымғалидің бұл ұзақ сүресіне аса риза болмай үйден жабың қабақпен шыққан Әділбек қолына қауға шелекті алып, орталап су тартты да, шелегін шайқап тастады, екінші рет тартқан судан еңкейді де, аузымен мейір қандыра жұтып-жұтып жіберіп: — Уһ — деді. Х.Ес. ~ Сол қымызды бокалға құйып іш, кесеге құйып іш, тостағанға құйып іш, — бәрібір мейір қандырып, дәмі тіл үйіреді. С.См. Бүкіл жаратылыспен мидай араласып кеткен болмыс та, әлем де, тәңір де — бір өзің ғанасың. Өйткені бүкіл жаратылыс сенен басталып, сен махаббат бастауынан мейір қандырған дүниедегі ең бақытты жансың. С.См.
МЕЙІР ҚАНДЫРМАДЫ
Көңілі толмады. ~ Қайтейін құр бейілді Қаңдырмаған мейірді. Арыстан Қайтсем жібір тас көңіл Үнемі маған зейілді. М.Әу. ~ Ақын деген ат болмас, Қандырмай мейір суаттай, Жыры болмай бұлақтай, Тынығы болмай сынаптай, Алатаудан арындап, Асқан судай құлатпай… Ж.Жаб. ~ Тағдырынан ба, тәңірінен бе, кімнен көрерін білмей, жастықтың жеткізбей кеткен қуанышын жасымен бұлап жүргенде, жапырағына жаңбыр тамған қайындай көк желегін көкке көтермеп еді? Құлпырып қол созбап па еді! Әттеген-ай, аш өзекке су тамызып мейір қандырмай жұлып алғандай бопты-ау! С.См.
МЕЙІР КҮТТІ
Біреуден жақсылық, жылы пейіл дәметті. ~ Сый сұрағам жасыңнан, Мейір күткем қартыңнан. Еркелеп ем сендерге, Емін-еркін шарқ ұрғам, Екенмін ғой антұрған. Сөз өргізіп артымнан, Арыла алмай келемін Бала күнгі қалпымнан. М.Мақ. ~ Біріміз ормандай көп орысқа жалтақтадық. Біріміз қара құрттай қаптаған шүршіттен мейір күттік. Ж.Шәк. ~ Мен дағы, әке, мейір күткен шынармын Өмір – дауыл, шыдармын, не сынармын. «Өкпең бар ма өмірге?– деп сұрама, Бұл фәниге құмармын ғой, құмармын. Ә.Қайр.
МЕЙІРІ КЕТТІ
Көңілі суық тартты. ~ Аптықпа, бауырым! Аздан мейір кеткенмен, көптен пейіл кетпес…. Ұйқы беріп, қайғы алғандағы бар далбасам – патша ағзамға жағдайды айтып хат жазу болды. С.См. ~ Әдебиетке ата болады деген кісілердің қаламынан қайыр, жүрегінен мейір кетіп, керуенімізді тұманға, көңілімізді күмәнға жетелесе бүгінгі уақыттың, замананың, ұлтымыздың бұдан өткен қасіреті болар ма?! Ж.Шәк.
МЕЙІЛІ ТАРТТЫ (КЕТТІ)
Құмартты, көңілі ауды. ~ Тевкелев зереннің бетінде шүпірлеп жүрген қозының құмалағындай қап-қара майлақы домалақтардан тіксініп, ерніне әзер апарды. Бірақ, дәм татып көріп еді. Мейілі тартып барады. Ә.Кек. ~ Тұрмыс – талас тартыс. «Ұшқан құс, жүрген аң, бәрі – тамаққа» деген мақал. Тамақ қиындықпен қолға түседі, бірақ тамаққа мейілі тартатындар көп. А.Байт. ~ Үзіліспей күресіп, Үш күн, үш түн бұл өтті. Төңіректеп ләшкер тұр, Төртінші күнге жетеді. Жанәбілдің қарны ашып, Ауқатқа мейілі кетеді. «Зарқұм».
МЕЙІЗДЕЙ ТӘТТІ
Ұнамды, сүйкімді. ~ Ал Есентаев Алмагүлді қанша жақсы көргенмен он жыл отаса, түрге де, мінезге де ешкімнен кем емес, көңілін қосылғалы қалдырып көрмеген, мейіздей тәтті егіз ұл тауып берген жұбайы Жәмиланы қимады, тастап кетпек түгіл, оның көзіне шөп салуға әлі жетпеді. І.Ес.
- Тіл үйірген дәмді. ~ Бұл үйден дәм татпағаныңа бірталай уақыт болды. «Ойда жоқта келе қалса» деп, әдейі саған сақтап жүрген мейіздей тәтті сүрім бар еді, өзі азғантай. С.Мұқ. ~ Күн сайын әлденешеуін соятын семіз бағландар сол үйдің алдында көгендеулі жатты. Күймелі арбаның кебежесіне толтырып әкеп қойған мейіздей тәтті сүр өз алдына. С.Мұқ.
