МЕЙІЗДЕЙ СЕМГЕН

Құр сүлдесі қалған арық кісі, қан-сөлінен айрылған дене мүшесі. ~ Жастай әжім басып мейіздей семген Мейіз ана Жаппарының «көсеуіне» көзінің астымен қарап қойып, ауыр күрсінеді екен! Қ.Шабд. ~ Ата-анасы арыздасқан Гүлнаш өлім аузынан қалған. Қатқан мейіздей семіп, көктемеде аузы аққа тиген соң ғана қайтадан толыса бастаған. Т.Әл. ~ – Жо, жо-ға. О не дегеніңіз? Не қылған құпия болсын, – деп қымтаулы қо лын шешіп көрсетіп жатыр. Оның мейіздей семген оң қолы қылдырықтай жіп-жіңішке екен. С.Ғабб.

МЕЙІЗДЕЙ ҚАТҚАН

Сіңірі шыққан арық. ~ Шегеден бұрын Калашниковтің кабинетіне бес-алты кісі кірді. Олардың ішінде Шеге танитындардан — аудандық комсомол хатшысы, мейіздей қатқан арық қара қыз Нұрила, аудандық прокурор Сұранышев, Сұржекей бар. С.Елу. ~ Бүкіл түр әлпетінен- ақ өне бойы күн астында жүріп, мейіздей қатып қалған қытай шаруасы екені бірден аңғарылып тұр. Қ.Жұм.

  1. Жарап тұрған құр атқа қатысты да айтылады. ~ Астындағы мейіздей қатқан жарау ақсұр ат аяқтарын ор киікше басады. Екі құлағын қоянша қайшылайды. С.Сей. ~ Астындағы мейіздей қатқан қара жал күреңнің тізгінін тежеңкіреп: – Ойланайын, мына қарбаласта ұрынып көргеніңе уақыт табылар ма екен? Ауылға бара көрелік, – деп екіұшты жауап қайырды. Ғ.Біл. ~ Қапелімде не болғанын білмей сілейген Кербұғы басын оқыс көтергенде, мейіздей қатқан қара қасқа атты үсті-үстіне сабалап, құстай ұшып келе жатқан қауға сақалдыны көрді. О.Бөк.

МЕЙІЗДЕЙ ҚАРАЙДЫ

Қап-қара болды. ~ Әсіресе, ала жаздай борбайына лыпа кимей, мейіздей қарайған анау бір – Бауыржан деген ұлды айтсаңызшы. «С- әәлеметсіз бе» – деп қолын ұсынады. О.Бөк.

МЕЗІРЕТ ЖАСАДЫ (ҚЫЛДЫ,КӨРСЕТТІ, ТАНЫТТЫ)

Көңіл білдірді, ықылас қылды, оң ниет байқатты. ~ Керімбай қадірлі ақсақалдың алдынан өтпек болып, Сымайылға мезіреті жасап көріп еді, кәрі зәңгі жаңа лауазымнан үзілді- кесілді бас тартты. ~ Жазығың бар ма, ағайын? Дегенін істедік. Барды осыларға беріп, бүгін үлестен де қақас қалдық. Бізге де олжа түссің деп, тым құрыса мезіреті жасады ма? М.Әу. ~ Ешкім оған «үйге жүр, шәй іш» деп мезірет қылған жоқ. Б.Тоғ. ~ Қарындасының жылда осы уақытта әкесі мен ағасына сыбаға жіберетіні бар еді. Биыл ондай мезірет көрсете қойған жоқ. Ә.Кек. ~ – Кешіріңіз, сізді күттіріп қойған екенмін ғой, – ол ашық қабақ, қонақжай күлкі сыңайымен мені кабинетіне қарай шақырған мезірет танытып, жүріп келе жатып бұлғын мантосын шеше бастады. К.Мырз.

МЕЗІ ҚЫЛДЫ

Ығыр қылды, жалықтырып жіберді. * Күнде айғай, күнде даурық, желдеткен қара боран сөз мезі қылғандай болған жоқ па? Ж.Айм. ~ Арлы-берлі өтетін жұрт әбден мезі қылса керек, қоңырқай қабақпен қарсылады. М.Мағ. ~ Құлақты мезі қылған тұяқтар сытыры енді мүлде қызықсыз, жоғалған сықылды. Б.Ыбырайым.

МЕЗІ БОЛДЫ

Әлдекімнен ығыр болды, жалығып кетті. ~ Балабек әлгіден бері қатерлі сөздер мен қоқанлоқы қимыл-дардан қауіп қып, әрі мезі болған-ды. Ж.Нәж. ~ Енді міне сол Іңкәрдің өзі де, осы әуеннің ырғағынан мезі болған сыңай байқатты. С.Ғабб. ~ Өзім барам! Сол жаққа қарай-қарай көзім талған. Кез еді Ер Төстіктей көзім талған — Құсадан Жер бетілік мезі болған. М.Рай.

МЕЗГІЛСІЗ УАҚЫТ

Күнібұрын, өз уақытынан ерте не кеш. ~ Жоқшылығы құрғыр мегілсіз уақытта амалсыз айдап бара жатқаны емес пе? М.Дулат. * Сен осы мына құданың мезгілсіз уақытта неге келгенін білдің бе? С.Жүн. * Хирургиялық кабинеттің алдында төрт-бес адам отыр. Олардың мезгілсіз уақытта неге келгеніне түсіне алмай, ықтиярсыз бөгелдім. Б.Тоғ.

МЕЗГІЛІ ТАЯНҒАН ӘЙЕЛДЕЙ

Тым баяу, селсоқ. ~ Омбы — жердің түбі. Жеткізер емес. Көліктен тер шыққан сайын, бір елі кемиді. Қартқожаның аты мезгілі таянған әйелдей, кешеден бері аяғы қоюлап келеді. Ж.Айм.

МЕЖЕЛІ ЖЕР

Алдын-ала белгіленген, жоспарланған тұс. ~ Дәл уақытында жетіппін, биік барқан астындағы, сексеуілден тіккен шағын қос иен кешеден бері от жағылмағаны байқалады, көңіліме қоркыныш еніп, жылқыға шаптым. Межелі жерде жусап тұр екен, ішінде ертоқымын қар басқан, шылбырын сүйретіп, әкем мінетін жуас жирен азбан да жүр. М.Мағ. * Жайшылықта мың ойласаң таптырмас небір шұрайлы, бейнелі тіркестер оп-оңай тіл ұшына үйіріле кетеді. Еркін төгілтіп, межелі жерге жетіп барып тізгін тартқан. Т.Сәу. ~ Өзгелер межелі жерге жетіп алып, жайғасқанша сен тапжылма, шамаң жетпесе, сол жерде Отан үшін ол десең, ол оғы біткенше жаумен атысып, сол арада тапжылмастан өледі де. Ә.Нұрш.

МЕДЕУ ТҰТТЫ (БОЛДЫ, ҚЫЛДЫ)

Сүйеніш көрді, арқа сүйер көрді, көңіліне жұбаныш қылды. ~ Назарын неге төмендетейін. Медет тұтып алақан жайғаны көкірегімді исінтіп сала бермеді ме. С.См. ~ Сезімі кірлей бастаған адамның әлсіз жүйкесін оятар болмашы алданыш. Тозған
көңіл нені медет тұтпайды. Ж.Нәж. ~ … қандай болсын бітімге келген елдің бетіне күлкі жүгіріпті. Сүйінғара соны медет тұтты. М.Әбдіх. ~ «Азаматтар майданда. Қатын-қалаш, бала-шағаның қасында сен күйрек бол, мен күйрек болайын, Нәшекең күйрек болсын, мына жұрт сонда кімді медеу тұтады? К.Қаз.~ Көңілге медеу тұттық елде көріп, Зауық еттік ойын-күлкі пелде көріп. Жүргенде қыдырысып ойнап-күліп, Жылқыдай кеттің, досым желдеп өріп. А.Керей. ~ «Екеуміз қазір біргеміз. Бұ да бір медет болды. Жанымызда Бәкенеев Тасболат деген тағы бір қазақ бар. Т.Әбд.. ~ … шұбырындыға ұшыраған жұртының тыныштығы жолындағы құрбандыққа жарағанын ғана медеу ғып, қазақ келiнi боп қала берген. К.Сег.